Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол МОЛДАЖАН

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Мен әлемді кешірем, бірақ қалай жұбатамын іштегі балақайды?..

Мен әлемді кешірем, бірақ қалай жұбатамын іштегі балақайды?..

Мен әлемді кешірем, бірақ қалай жұбатамын іштегі балақайды?..

Ақберен жырларындағы лейттон – басты әуен – күмән. Өзiнiң ең жауһар жырларынан терiп құрастырған жүз елу беттiк шағын жинақтың басынан аяғына дейiн, бiрде Тәңiрiнiң дидарын көргендей қуанған, бiрде қимасынан айрылғандай қасiреттенген, бiрде сүйiнiштi, бiрде қамырықты, бiрiн-бiрi алмастырған сезiм күйлерiнiң астарында қалмай iлесiп отыратын, жүрек суырған күмән.

Ақынның жас басына лайық келмейтiн рухани тәжiрибесiне емес, мүлдем басқа нәрсеге таңдай қағасыз. Себебi бұл жерде өткен заманның өнер мұраты бiздi тағы бiр рет iздеп келiп тұр. Бiрақ бiз, әлжуаз ұрпақ, сол өнер мұратын кенересiне жеткiзе алмай тағы да қор болмақпыз. Мiне, бұл жерде ақынның бойын билеген, озған заман мүддесi алдындағы жауапкершiлiк пен ұят сезiмiне бас иесiз.

Бұл адасқан, адасқан себептi кешiккен, кешiккен себептi айнып, күйреп жеткен Мағжанның жыры!

Таласбек Әсемқұлов, жазушы, сыншы

РИТОРИКАЛЫҚ СҰРАҚТАР

Қала, сен бе күрсінген?.. үйлерің бе? 
Бір тылсым бар көлеңке билерінде... 
Түйсігімде боздайды қобыздар – мың,
Абыздардың  тарта алмас күйлеріндей…

Дала, сен бе жылаған?.. жусаның ба? 
Кім билеп жүр төсіңде, қу сағым ба? 
Анау ару Анам ба,
теріс қарап,
Кімді қысып барады құшағында?..

Аспан, сен бе жөтелген?.. бұлттарың ба? 
Мұз қатып тұр неліктен мұрттарында? 
Анау жігіт Әкем бе,
басын шайқап,
Қабақ шытқан арақтан ұрттарымда?!

Жаным, сен бе сөйлеген? 
Тәңірім бе?
Қырық құбылған алаң бар көңілімде... 
Анау бала – өзім бе – жаутаңкөзді, 
Жылылықты сезбеген өмірінде?..

Дәуренімді өшірген алақайлы, 
Талай сұмдық көрсем де талапайлы, 
Мен әлемді кешірем.
Бірақ қалай
жұбатамын іштегі балақайды?..


ТЕЛЕФОН
Менің телефонымда – болашақ аруақтардың аты-жөндері,
нөмірлері жазулы,
Олардың ішінде ағаларым да бар,
 інілерім де бар азулы,
Олардың ішінде қатал апаларым да бар,
боталарым да бар мақтаулы,
дос-қастарымның да, қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.
 
Олар бір-бірімен xабарласып жатады,
Дабырласып жатады күні-түн,
Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.
Ешқайсысына қоңырау шалмаймын, сүйкей салмаймын нөмірін,
Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.
Олар да маған xабарласпайды,
қоңырау шалмайды, кеңесіп,
Өздері ғана сөйлесе беретіндері,
сөйлесе беретіндері не осы?!
Ешкім маған xабарласпайды,
Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!
…Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып,
 мен осы?!..


КҮЗГІ СЕРУЕН
Жапырақтан жаңғырып Күз дауысы,
Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.
Түйсігіңе жұмақты сездіреді,
Билеп тұрған түстердің қозғалысы.
 
Аспаннан сыңғыр етсе күміс xабар,
Шыршалардың жүйкесі тынышталар.
Жорыққа аттанғанда құс атаулы,
Шеру тартып ұрандар құмырсқалар!
 
Шөптердің арасынан дабырласқан,
Сақалын сауып отыр адыраспан!
Тербеледі итмұрын өз әніне,
Тербеледі ешкімді танымастан.
 
Жел де міне, тал таппай қағынарға,
Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.
Қарта ойнайды таласып тас үстінде:
Жарқанат-ой,
Қиял-қаңбақ,
Сары қарға.
 
Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған,
Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!
Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,
Шашынан жусан исі бұрқыраған.
 
Ермен-кемпір бал ашса – талағаны,
Қара жидек – көк тиын санағаны.
Қасында отырса егер татыр-әже,
Шырғанақтан тастай сал садағаны!
 
Үйеңкіге сәлем бер,
(ақын ол да),
Шарабынан бірақ та татып алма.
Күзге айналып ағады арық іші,
Бір шетінен тістелген уақыт-алма…
 
Мынау баудың жайқалып бау болғалы,
Күз келсе де жатады тар жолдары.
Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар,
Көкке қарай созылып тал қолдары.
 
Құла белдің шырмалған ну етегі,
Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.
Кеуіп қалған көгалдың орайынан,
Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!
 
Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,
Торғай қонды көңілдің шарбағына?..
Бірін-бірі секеңдеп қуалап жүр,
Бағаналар сүйеніп балдағына.
 
Жетім күшік айырылған енесінен,
Өз бейнесін жалайды тегешінен…
Аңқауым-ай!
Аңтарылып қарап қалар,
Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!
 
Кеш қарайды.
Кешті де қош көрдік-ай!
Зәу көкте жас қарауыл – он күндік Ай.
Ертегілік әлемнің бір шетінде,
Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!
 
Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң,
Мен мұндай қойылымға мәз боламын!
…Қыркүйектің шетінде сынып жатыр,
Ойыншығы кешегі жаз-баланың…



ШАҺАР КЕЗГЕН
Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,
Жұрт іші ағып келем, сабылысқан.
Жанарымнан сан ұшқын шашырайды,
Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.

Ағып келем…
Теңіздей халық іші,
Кекілімді сипайды жарық ұшы.
Мен туралы білмейтін мына жұрттың,
Ұнайтыны несі екен сабылысы?

Ағып келем…
Өзгелердің қимылын бағып келем,
Ми қозып,
Лапылдайды жанып денем.
Сүйе аламын білемін, бәрін-бәрін,
Жүрегімді тұтатып, жарық берем!

Ағып келем…
Амалсыз, қарсылықсыз,
Көңіл тыныш, ми сергек, жан-құлықсыз.
Мына нөпір әкетсін, адастырсын,
Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!

Көздері көздеріммен шағылысқан,
Бір сәтте Мұңым – мыстан
бұрылыстан,
Атып шығып алқымыма қолын созар,
Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.

Қорықпаймын!
Садақаға өлең өріп бере салам,
Жұлып алып кез келген құбылыстан!
Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,
Жүрегі жылып кетер, сұмырайдың!
Ал мен ары жұрт іші аға берем,
Ешқашан ештеңеден жылымаймын…

0
Рейтинг: +0

Фото: Ақберен Елгезек
Қосылған күні: 24 қаңтар, 09:58

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.