Ақберен Елгезек: "Сынған сәуле түседі орайыма"

Ақберен Елгезек: "Сынған сәуле түседі орайыма"

Ақберен Елгезек осыдан тура бір жыл бұрын "Әдебиет" беті жаңадан ашылып, алғашқы қадамдарын жасағанда, өлеңдерін жариялауға рұқсатын беріп, бізге сәт сапар тілеген еді. Бір жыл ішінде "Әдебиет" беті біраз жанданғаны хақ. Бүгін де Ақберен ақынның біраз өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

***

Меніңше ол қаламсабын қолына ұстап отырып, қағазға шимай салмайды. Ол өлеңді рухымен жазады. Еркін сілтейді. Қиял қайда тартса көкірегінен ұшып шыққан ақын-рух та солай самағайды. Тәнге тәуелді емес еркін рух оны шексіздікке жетелейді. Солай талпынады. «Көз жасымның бір тамшысын қалдырдым, жалғыздықтың атындағы көшеге». Жалғыздық дейтін көшеге жалғыз тамшы көз жасын ғана қиған ақынның болмысы міне, осылай. Сол жалғыз тамшыдан өзге әлемі ту биікке, ғарышқа, шексіздікке тәуелді.

Ақберенді бей-жай күбірмен емес, шын беріліп оқу керек. Сонда ғана өз әлеміне, жылымына бірте-бірте тартып, келесі шумақтан келесі өлеңге қалай өтіп отырғаныңды сезбей де қаласың.

Ол сізді де сол әлемге жетелей алады, сүйікті оқырман!

Қайсар Қауымбек

 

Тұман

Менің нала-мұңымнан жаратылған

дала – тұман...

түкпірінде тұманның періште жүр,

пейіш нұры тамшылап қанатынан...

қалар ма екем айырылып тағатымнан,

уақыт нұры тамшылар сағатымнан,

нәрестенің іңгәсі құмығады,

жусаннан жаңа туған;

жұпар буы шыға алмай қауыздардан,

Сөздер – ауыздардан;

күмәнді Ойдың айналып құрбанына,

Ес жатыр бауыздалған...

О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!

Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай

Аппақ тұман!

тұманның түйсігінде

қаңыраған қазақы ауыл бардай...

 

Сіңіп барам мәңгірген ағайынға...

Сынған сәуле түседі орайыма.

Соқыр тұман және Мен...

«Мен» деппін ғой...

өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...

 

***

 

Айлы түн.

Рельстер тасыры...

Тамбурда билейді көк тұман.

Миымда – Ойлардың жасыны,

Жүректе – сезімдер көк шулан.

Аңсау мен сағыну, тәтті мұң...

Бәрі де – бір қауым, жасырын.

Пойыздан озардай аптығып,

өзіңе асығам, асылым!

 

 

Ұзақ жол.

Купенің ақ шамы.

Сонда да, қоңырқай жарық тым.

Күбір мен күлкілер – жан-жағым...

Жабықтым...

 

Ай қоса жарысып...

Тіл қатса,

сырласып көрейін түнімен.

Сұрақ көп, әрбірі – бір патша,

мазақ қып ойнайтын құлы – мен...

Қос рельс – домбыра ішегі..

күй ойнар бір мұңлы, мың түрлі...

Сапарлас шарабын ішеді,

Мен елес ұрттаймын...

Күлкілі.

 

Ішпедім.

Ішуші ем ұдайы...

Баса алмас шарап та мұңымды.

Махаббат – мастықтың құдайы...

Мен соны ұғындым.

Қос рельс – екеуміз секілді...

қосылмай, тірелер тұйыққа.

Пойыздан түсуге бекіндім,

сумкамды ілдім де иыққа...

 

Риторикалық сұрақтар

Қала, сен бе күрсінген?.. үйлерің бе?

Бір тылсым бар көлеңке билерінде...

Түйсігімде боздайды қобыздар – мың,

Абыздардың  тарта алмас күйлеріндей...

 

Дала, сен бе жылаған?.. жусаның ба?

Кім билеп жүр төсіңде, қу сағым ба?

Анау ару – Анам ба, теріс қарап,

Кімді қысып барады құшағында?..

Аспан, сен бе жөтелген?.. бұлттарың ба?

Мұз қатып тұр неліктен мұрттарында?

Анау жігіт Әкем бе,

басын шайқап,

қабақ шытқан арақтан ұрттарымда?!

Жаным, сен бе сөйлеген?

Тәңірім бе?

Қырық құбылған алаң бар көңілімде...

Анау бала – өзім бе – жаутаңкөзді,

жылылықты сезбеген өмірінде?..

 

Дәуренімді өшірген алақайлы,

талай сұмдық көрсем де талапайлы,

мен әлемді кешірем.

Бірақ қалай,

жұбатамын іштегі балақайды?..

 

Кеш

 

Қанша өтті күз аяулы,

сонша көктем бүрледі.

Әлемнің бар бояуы –

кепкен Нұрдың түрлері.

 

Жерді қимай жылаған –

батқан Күннің жарығы.

Шыңғырып кеп құлаған

естілмейді қар үні.

 

Жүрегіме кеште бұл

бара жатыр түн құлап.

Түйсік сөзі Есте тұр,

«Қартаймайды Нұр бірақ..».

 

Нұр санасы – өзге әлем,

құпияның ордасы.

Ол тылсымды сезбеген

көзім –

соқыр жолдасым.

 

Сыртын сипап құныға,

без де тоймас арбалып,

қайран шуақ-шұғыла,

аймалайды Жерді алып.

 

Күн нұрына тоймайсың,

Жанның емі – жылылық.

Жылатуды қоймайсың,

құдіретті Сұлулық!


Тамшы мен тас

Бүгінгі түн – түн емес-ті,

Ай қарайды марқайып.

Тамшы желмен күбірлесті,

тас үстінде жантайып.

 

Көз тамшысы?

Құр елес – бұл!

Қандай қызық қойылым!

Мен өзім де шын емеспін,

Жаттың жалған Ойымын.

 

Көзімдегі жастың өзін

Мұң жаратқан, қамықпай.

Тамшы қонған тастың өзі -

Талып қалған жарықтай!

 

Аңқып ұрар шаш бояуы,

Ол да – ойнампаз, алдамшы.

Көз тамшысы – тастай ауыр,

Тас – қараңғы дәу тамшы.

 

Түн де, білем, түн емес-ті.

Түн – лүпілі тамырдың.

Өзім де енді шын емеспін, –

Ой көмілген қабірмін.

 

Ал, көз жасы өшетіндей...

Бұзылардай келісім...

Атып тұрып шешетіндей,

Тас қап-қара терісін...

 

Бүгін мүлде түн еместі,

Естіледі ақырғы үн. 

Сағынумен бір елесті,

Тамшы ішінде жатырмын...

 

Таңданыс

Бөлек – бәрі...

Үміт те – өзге, ми – басқа...

Сезім басқа – жалғандағы қимасқа.

Маған бүгін періштелер ән салды!..

Керек емес күй басқа!

 

Кеше түнде Аспан жаққа Жан ұшып!..

Қайтып келді, сәулелермен жарысып.

Бүгін енді, жайнап тұрған әлеммен

қайта тұрмын танысып.

 

Бар ғарышта ең ғажайып Жер үшін,

балам үшін, бабам үшін, Ел үшін,

мен Тәңірді аңсап тұрып, жыладым, –

ең алғашқы жеңісім!

 

Қалай бұрын, неге бұрын көрмегем?

Дәтім жетіп, қалай жүргем жерменен?

Оның сырын алты ай жазда гүл айтқан!

Неге оған сенбегем?

 

Ол ғажапты, жойылмаған көнеден,

құстар айтқан, ұшып өтіп төбеден.

Сәби айтқан, бесік іші күлімдеп!..

Елемегем неге мен?

 

Шыққым келмей өзім соққан түрмеден,

неге бұлай қуанбағам, күлмегем?

Мына өмірдің ертегілік болмысын

бұрын қалай білмегем?

 

Қолмен ұстап, көремін деп көзбенен,

Кімге сенгем, нені күткем өзгеден?

Мына өмірдің даналығын

жүрекпен

қалай бұрын сезбегем?..

 

Күллі ғалам жүрегіме сұранып,

тұрғандай бір!

Жарқырайды нұр анық.

Таңданыстан тәуба- сана жұбанып,

құлпырады қарашығым, қуанып!..

 

Ерек – бәрі!

Себебім жоқ налуға.

Құштарлық бар – тылсым сырын тануға.

Әттең, мына шолағын-ай ғұмырдың,

құпияның бәрін біліп алуға...

***

 

Қайдан келдім?

Қайда менің қанатым?

Кім біледі кеудемдегі Жан атын?

Кімде, қандай болады екен бұл сезім,

менде ғана болатын?

 

Күлемін бе?

Естілмейді күлгенім.

Білемін бе?

Білінбейді білгенім.

Тек түйсіктің бұлты ғана көреді,

Ойларымның қай әлемде жүргенін.

 

Сөйлеймін бе?

Тек дауыстың елесі...

Дауысымнан аңқылдайды жел Есі.

Күбірлесем, үркіп ұша жөнелер

Періштелер кеңесі.

 

Қол созам ба Аспан жаққа т.. тағы?

Қол мен емес, қол – қарағаш бұтағы.

Тағы бүгін тарс жабылар, оқылмай,

Пайғамбарлар кітабы.

 

Тоңдым ба әлде?..

Тоңған таңғы нұр екен...

Суық Сөзден дірдек қаққан тіл екен...

Тірісінде гүл көрмеген бір ару

Нұр ішінде жүр екен!..

 

Ол ма өлген? Мен бе өлген?

Кім екен?..

Әлмисақтан ашылмаған сыр екен.

Ұшқым келіп!..

Ұшқым келіп!..

қанат жоғын білем де,

Нәрестедей шыр етем...

 

Калейдоскоп


Жаратқан соң желді әнші қып,

бұрала билер тал шыбық.

Қиялмен Көкте гүл өсер,

Қара Жерден қар шығып!..

 

Тілесең,

жауап – сұрақ боп,

денеңе ауа тұрақ боп;

әуелеп ұшқан аппақ күй

сылдырай ағар, бұлақ боп;

қол созым мекен – жырақ боп;

құм мен тас кетер құрақ боп;

қара да қара түнегің,

құбылар, көкшіл шуақ боп...

 

Қаласаң,

сөзің – зат болып;

сеніскен досың жат болып;

қатпар да қатпар мұздықтар,

алаулап жанар, от болып;

құл дегенің – Бек болып;

бар дегенің – жоқ болып;

мінезден – көк ит,

ұяттан

ұлып бір берер көкбөрі!..

 

Аңсасаң,

уақыт іркіліп,

Ажалдан шығар нұр күліп;

Басыңа төгер жақұт тас,

Бақ құсы қалса сілкініп;

(айтып та айтпай не керек)

Аспаннан әуез себелеп,

Тұрған кезде елжіреп,

аңқиған адал аузыңнан

аңқ етіп ұшар көбелек!

 

Штрих

Тыныштық тұншықтырса дыбыстарды,

Сезілсе егер жүректің құнысқаны,

Ұмытуға асық та алаңдама,

Дұрыс бәрі.

 

Көрінгенде сені ылғи таныс аңдып,

Қайталаумен құтылғын таныс әнді,

ажал, қастық, тойхана, вокзал, арық...

Дүниеде не болса, бәрі – заңды.

 

Бір күндері көңілің дұрысталса, 

Қайтадан жеңіл, сергек тынысталса,

Тек сонда ғана өтінемін,

Бір суретім,

ілінерлік бөлмеңде бұрыш болса...

 

Серт

... Сен мені аңсамадың, іздемедің.

Айналды ғой көңілім күзге менің...

 

Телефон да шалмайсың, хабарың жоқ.

Не істер екем... құдай-ай, амалым жоқ.

 

Хат жазамын – бар тапқан айла, күшім...

Мәңгілікке үзілді байланысың?

 

Мен сонда да үзбеймін күдерімді,

біле тұра, қайғырып бітерімді.

 

Бұ Дүниеде жүрсең де зарықтыра,

О Дүниеде бәрібір жолықтырам!..

 

Көше

Жанарынан жұлдыз атып, мұң атып,

Өлеңдерін күбірлейді түн-ақын.

Түкпірінен мынау туған көшенің,

Жалғыздығым қолын бұлғап тұратын...

 

Бұл көшеде қурап қалған бір қайын,

Жалғыздықпен сырласатын күн сайын.

Оған жылда көктем келсе жыр оқыр,

Салқын самал үрлеп қойып түн-шайыр.

 

Бұл көшеде естіп тұрып дыбыс бір,

Ауыр-ауыр күрсінетін тыныштық.

Өз-өзімнен қашып жүріп, сағынбай, 

Бұл көшені ұмытуға тырыстық.

 

Бірақ-бірақ естеліктер өше ме,

Естелікті келер күндер кеше ме?

Көз жасымның бір тамшысын қалдырдым,

Жалғыздықтың атындағы көшеге...

 

Сурет: Ақынның жеке мұрағаты, vk.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова