Тұманбай Молдағалиев. Бала күннің достары

Тұманбай Молдағалиев. Бала күннің достары
Фото: Bilimland

Оның тұмадай тұмса жырларын оқыған жанның жан дүниесі бір тазарып қалары сөзсіз. Қазақ поэзиясы тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын  нәзік сырлы, ойлы да отты жырлардың иесі Тұманбай Молдағалиевтің алғашқы өлеңдер жинағы «Студент дәптері» 1957 жылы жарық көрген. «Кәмила» (1960), «Көктем таңы» (1961), «Алатау қызы» (1963), «Ферюза туралы жыр» (1964), «Зулайды күндер» (1965), «Жүрегім менің сапарда» (1966) т. б. жинақтары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Майдан уақытында өмірге келіп, балалықтың дәмін сезінбеген "ересек балалардың" мұңын жыры арқылы тербеткен ақын Тұманбай Молдағалиевтың еш жерде жарияланбаған өлеңін ұсынамыз.

Бала күннің достары
Жалаң аяқ жүрген кезде доп қуып,
Шақырғанда алыс жаққа отты үміт.
Көп-ақ еді айналамда достарым,
Көңілімде болмаушы еді көп күдік.
 
Мен ыңылдап айтушы едім өлеңді,
Оқушы едім «дастанымды көлемді».
Әкемізден жас айырылған жетімдер,
Білмей өстік төбелесу дегенді.
Менің жырым әке жайлы жыр еді,
Достарымның соны ұнатты жүрегі.
Мен ұмыттым ол жырларды, көп болды,
Ал достарым көбін жатқа біледі.
 
Өткен жылдар сиретті сол көп досты,
Әркімді бір өз алдына жол тосты.
Балалықтың көші қалды кейпінде,
Қазір кімдер бастайды екен сол көшті?
 
Сол бір күндер кетуші еді ой салып,
Жақын едік, тату едік соншалық.
Біріміздің қабығымыз түнерсе,
Екіншіміз қалушы едік томсарып.
Ылғи бірге күрсінетін жүз кеуде,
Қиял бұлттың ар жағынада жүзгенде.
Қатар жүріп соғысқан соң әкеміз,
Қатар жүріп жаттық елде бізде де.
 
Бүгін, міне, көп ініге ағамын,
Бақытымды күн қойнынан табамын.
Бала күннің досын көрсем бірақ та,
Іштей үнсіз бір ойланып қаламын.
 
Бәріміз де күнге ғашық бір адам
Уақыт өзі талай рет сынаған.
Менің бала күндерімнің достарын
Жылатпаңдар, онсыз да олар жылаған.

Т. Есқали