Мен көрген көз

Мен көрген көз
Фото: WallpapersCraft

Өмірдің жайын ұғып, бар сырына белшеден қанық болу үшін пенденің мөлшерлі жасы да, есепті ақылы да жеткіліксіз. Бұл фәнидің құрылысы да, құбылысы да тым күрделі. Бірақ сонда да ғалымдар – жаңалық, ақындар шабытын іздеуге құмартып тұрады. Мен өмірді түсінбеймін. Иә, жасым жиырмаға келіп азамат болсам да, өмірге не үшін келгеніме, не үшін ғұмыр кешіп жүргеніме басым қатады. Әр кезде ойланған сайын әртүрлі топшылаймын, әртүрлі шешімге келемін.

«Адамның көзі – жанының айнасы» деген сөз бар. Оның қуанышын да, қайғысын да жанарына қарап білуге болады. Керемет ақкөңіл екенін де, бір саусағы бүгулі залым екенін де көзі айтып береді. Көзге көздің түсуінен махаббаттың да оты тұтанып жатады, бұл тіпті бөлек әңгіме.

Жалпы, адамзат баласы ғұмырында мыңдаған адамды кездестіреді екен. Олардың арасында танитыны бар, танымайтыны бар, жақын араласатыны бар, араласпайтыны бар. Бір қызығы, сол жандардың ешқайсысының жанарына қарамайды екенбіз, тек бойына, мүсініне тамсанғанымызға мәз екенбіз.

Жиырма жыл ғұмырымды артқа тастадым. Кішкентайымнан адамның көңіліне қарайтын мінезім болды (әжемнен дарыса керек). Ешкімді ренжіткім, жан баласының көңіліне қаяу түсіргім келмейтін. Өсе келе бұл мінезім әдетке айналып, қатаң қағида болып қалыптасып қалғандай көрінеді. Ең алғаш көзім әжемнің көзіне түскен. Күні бүгінге дейін көшеден шаршаған, жүдеу тартқан әже көрсем, өзімнің ғазиз әжем есіме түседі. Мен үшін дүниедегі ең жаман нәрсе – шарасыз әжелердің көзін көру. Сондықтан әже көрсем, «жанарлары жайнап жүрсе екен» деп тілеймін бір Алладан.

Өмірдің бұралаңы көбейген сайын оның тосын сыйлары да молая береді екен. Кей сәтте өзіңді керемет бақытты санап, сенен асқан қуанышты адам жоқ секілді сезінесің, ал кей сәттері сенен өткен бақытсыз адам жоқтай көрінеді. Өзіңді жападан-жалғыз сезінетін кездер де болады. Иә, өмір ғой дейміз де қоямыз. Басқа амалымыз да жоқ. Ең алғаш ашулы көзді мен әкемнің көзінен көрдім және оның көзі маған қадалған еді. Ол кезде қандай балалық не ақымақтық істегенімді білмеймін, бірақ сол сәт әкемнің ашулы көзінен көп нәрсе ұққандай болдым. Бізді түзу жолға салатын да, арасында шаңымызды қағып алатын да, біз үшін жанын беруге даяр осы жанар иесі екенін ұқтым. «Енді әкем мен үшін ашуланбайды» деп сол сәтте өзіме ант бердім. 

Кез келген адамның бойында бір әлсіздігі болады. Біреу оны тез білдіріп қояды, ал біреу ешкімге көрсеткісі келмейді. Мен соның екіншісіне жатамын. Бойымдағы әлсіздікті білдірткім келмейді, сондықтан оны жалған батырлықпен бүркемелеймін. Мені сыртымнан шынымен де солай екен деп ойлап қалатын шығар, бәлкім. Бірақ олай емес, шын мәнінде мен әлсізбін. Жақсы көретін жандарымның алдында әлсізбін. Осы әлсіздігімді ең алғаш анамның көзіне қарағанда сездім. Оның мейірімге толы, нұр шашқан, жаныңды жадыратар жанарына тайсалмай қарай алмайсың. Сені шабыттандырып, бойыңа күш-қуат беретін де сол көз. Жабыққанда жұбаныш болатын, қамыққанда қуаныш сыйлайтын да сол жанар. Бүкіл ғаламның мейірімі сыйған көзге шамырқанып қарау мүмкін емес. Сол сәтте мен анамның көзіне енді ешқашан тік қарамауға сөз бердім. Сосын Алладан бойыма ондай батырлық сыйламауын сұрадым. Мәңгі осылай әлсіз болып өтуді тіледім.

Жиырма жылдық ғұмырымда өзімше ой түюге пайдасын тигізген үш адам – осылар. Алда әлі біраз өмірім бар. Әлі талай адамдарды кезіктірерім де аян. Әлі талай көзге көзім түсетіні де сөзсіз. Тек сұрарым, мейірімсіз көзге мейірім шуағын себер көздер жоғалмаса екен...

Ақберен Амангелді
ХҚТУ-дың II курс студенті

Жас Алаш

М. Оңғарова