- Негізгі бет
- Көкжиек
- Заманынан озып туған...
Заманынан озып туған жазушы
Жаратушы иеміз ұлттың тұғырын өрге өрлеткен ұлы тұлғаларына ерекше тағдыр сыйлайтын іспетті. Олай дейтініміз, өзінің халқы тұрмақ, сонау Италия, Грекия тәуелсіздігі үшін егіленбей күрескен Байронның, халқының білімді, рухани мелжемді болуы үшін тұла бойындағы күллі күшін сарп еткен Новалистің, Перси Биши Шеллидің, Стендаль сынды әлемнің ұлы ақын-жазушыларының өмірі ауыр мехнатқа, толассыз тауқыметке толы. Ал қазақ әдебиеті саласында тыңнан түрен салған, әдебиет саласына жаңалық алып келген, қазақ детективінің негізін қалаған әйгілі жазушы Кемел Тоқаевтың ғұмыры ше?
Бұралаң бұлтарысқа толы зілмауыр тағдырдың зарпынан жүрегі шайлыққан ұлы жазушы жанына желеу болған қаламына сүйенді. Сонау 1933 жылдардағы ашаршылықтың зауалы күллі қазақ елін тұралатып, қынадай қырған сәтте жазушының асқар тау болған әкесі, айдын көл болған анасы, бауыр еті қарындасы дүние салды. Бұл жарық дүниеде Қасым деген жалғыз ағасымен қалған Кемел Тоқаевтың ауыр балалық шағы жүрегіне мәңгілік жара салды. Жан жалғыздығынан барынша ада етуге барын салған ағасы Қасым інісіне үлкен қамқорлық көрсетті. Бірақ қатыбас тағдыр ұлы жазушыны жалғыз сүйеніші ағасынан да айырды. Сұрапыл соғысқа аттанған Қасым сол күйі оралмады.
Қасіреттен қанжоса болған жазушы ұлы өмір айдынынан үмітін үзбеді. Өмір мен өлім арасындағы қан майданда қансыз жаудың қаншама боздақтардың қайран ғұмырын қиған сәтін өз көзімен көрген жазушы ауыр мұңын жүрегіне жасыра алмады. Жүрегін тілімдеген осы бір запыранды ақ қағазға түсірді. Сөйтіп, қазақ халқының талайына "Жұлдызды жорық", "Қыс қарлығашы", "Сарғабанда болған оқиға", "Солдат алысқа кетті" сынды тамаша туындылары бұйырады.
Француздың ұлы жазушысы Андре Моруа Оноре де Бальзактың ғұмыры туралы жазған "Прометей немесе Бальзактың өмірі" атты классикалық туындысында Бальзактың ұлы жазушылығын айта келе, ең бірінші жазушының адамгершілігін басты назарға алады. Ал қазақтың тамаша талант иесі Кемел Тоқаевтың адамгершілік болмысы туралы белгілі ғалым Серік Қирабаев: "Кемел – мінезге бай, көп сөйлемейтін, сабырмен отырып тыңдауға жалықпайтын, жүріс-тұрысы сыпайы, әрқашан таза киінетін сырбаз жігіт еді. Әділдікті, шындықты ғана айтатын. Біреуге жағымпазданып, өзін көрсетуге тырыспайтын, таза еңбектің адамы болды" деп жазды өзінің естелік мақаласында.
Аңдап қарасаңыз, ақын-жазушылардың екі өмірі бар. Біріншісі, жер бетіндегі өмірі. Ал екіншісі шығармашылығындағы ғұмыры. Жер бетіндегі өмірі неғұрлым қиындыққа толы болса, жазушының шығармашылықтағы ғұмыры соғұрлым ғажайыпқа толы іспетті. Мәселен, ағылшынның ұлы жазушысы Даниэль Дефо шаңы бұрқаған сұр кеңсесінде отырып, "Робинзон Крузо" деген тамаша туындысын жазды. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін кедейшіліктің қырық қаңтаруынан әлемді аралауға мүмкіндігі болмаса да, Дефо шығармасында елсіз аралға түсіп, сол жақтағы ғажайып өмірімен бөлісті. Ал Оноре де Бальзак... Бұл есім әлемді дүр сілкінткен 90-нан астам тамаша романдарымен әйгілі. Шығармасында Бальзак бай да болады, патша да болады. Ал қазақтың әйгілі жазушысы Кемел Тоқаевтың сан түрлі шытырман оқиғалардан құралған детектив жанрын таңдауы тегін емес. Бұл жанр асқан ыждаһаттылықты, асқан дәлдікті, қырағылықты, ой ұшқырлығын, таным кеңдігін қажет етеді. Бұл қасиеттердің барлығы дерлік жазушының бойында бар. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, ең алғашқы детектив жанрын Эдгар Поның әңгімелерінен анық байқауға болады. Ал 1930-1970 жылдары Англияда Агата Кристи, Френсис Бидинг сынды кәсіби детектив жазушыларының романдары оқырман қауымның көзайымына айналды. Ал қазақ әдебиетінде бұл жаңалықты тұңғыш болып ашу Кемел Тоқаевтың талайына бұйырды.
"Көркем шығарма жазу үстіндегі әкейдің түнгі толғаныстары әлі есімде. 50-жылдары біздің отбасы өте ауыр тұрмыстық жағдайларда өмір сүретін – барлығымыз коммуналдық пәтердің жалғыз тар бөлмесіне сыйып тұрдық. Түнде оянып кетсем, әкей үстел шамының әлсіз жарығымен қағаздарына шұқшиып отыратын. Сол қолында түтіндеген папиросы, оң қолымен бір сөзден соң бір сөзді маржандай тізе береді. Сосын ойланып қалады да, папиростың тағы бірін тұтатып, қаламын сиясауытқа малып алып, әрі қарай жазуға кіріседі", – дейді жазушының ұлы Қасымжомарт Тоқаев. Жазушының ақ қағазға түтіндеген папиросымен оңашада жүрегінің бояуын жағып, күллі жан дүниесін, алпыс екі тамырын шымырлатқан шабыттың шаужайынан тартқан сәті ұлы Қасымжомарт Тоқаевтың есінде мәңгілік қалды. Бұл ешнәрсемен салыстыруға келмейтін сәт. Бұл қайталанбайтын, қайта тумайтын сәт.
Жоғарыда жазғанымдай, шығармашылық адамының екі ғұмыры бар. Жазушының жер бетіндегі ғұмыры қасірет пен сансыз сынаққа толы болғанымен, ол үлгілі әке болды. Ұрпағын өсіріп, жүрегіндегі бар мейір-шапағатын шашып, ұлттық құндылықтарын сіңірді. Ағылшынның ұлы ақыны Байронның қызы Ада Лавлейс әлемдегі тұңғыш программист болса, ал француздың ұлы жазушысы Александр Дюманың баласы да әлемгі аты мәшһүр жазушы атанды. Қазақ детективінің атасы атанған Кемел Тоқаевтың ұлы Қасымжомарт Тоқаев Тәуелсіз қазақ мемлекетінің қайраткері, тарих ғылымдарының докторы. Әлбетте, бұл кездейсоқ емес. Жазушының отбасында дүниеге келіп, қаршадайынан әдебиетке сусындап өскен Қасымжомарт Тоқаевтың қазақ мемлекетінің ұстыны берік болуына үлкен септігін тигізіп, күш салуы тегін емес.
Австриялық драматург Эдуард Бауэрнфельд ұлы адамдар өз заманынан озып туады деген екен. Расымен де, Кемел Тоқаев – өз заманынан озып туған тамаша талант иесі. Ғибратты да кепиеті мол ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге болатын ұлы жазушының шығармашылығын толыққанды зерттеу кейінгі толқын еншісінде. Себебі жазушының шығармашылығы құпия мен жұмбаққа толы екі жүз миллиард жұлдыздан, жұлдыз шоғыры мен тобынан тұратын Галактика іспетті. Мұндай әлемді зерттеуде жылдың, ғасырдың, тіпті дәуірдің де шамасы шамалы екенін дөп басып айтқым келеді.
Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік,
өнер кафедрасының 1-курс магистранты
А. Елғондинова