"Есектің оқуын оқыған" Айтматов

"Есектің оқуын оқыған" Айтматов
Фото: sputnik.kg

Естелік – мемуарлық әдебиеттің бір үлгісі болып саналады. Ол көз көрген, алдынан өткен нақтылы ақиқатқа құрылып, жазылады. Яғни, тура, бүкпесіз жанр түрі. Қолына қалам ұстаған жазушылардың қай-қайсысы болмасын көрген-білгенін, естігенін һәм басынан өткен оқиғасын естелік етіп жазады. "Адамзаттың Айтматовы" атанған әлем жазушысы Шыңғыс Айтматовтың сондай бір қызықты оқиғасын оқи отырыңыздар! 

Жамбыл қаласының малдәрігерлік техникумына түскен кезім. Күнделікті лекциямен тәжірибелік сабақтар да қатар жүреді. "Коневодство", "Овцеводство" деген тараумен бірге, өзге төрт түлік мал құрып қалғандай, "Ослеводствоға" ойыстық. Оқытушымыздың ұлты орыс, соғыс жылдары Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға көшіп келген, өте білімді, қатал әрі қарт адам еді. Тәжірибелік сабақ өткізуге техникумның қосалқы шаруашылығында есек жоқ. Сондықтан профессор студенттерді Жамбылдың "Атшабар" мал базарына алып баратын. Қаланың төңірегіндегі ауылдардан, қырғыздың Таласынан мал айдап әкеліп сататындар сенбі, жексенбі күндері сапырылысып, ығы-жығы боп жататын.

Бірде базардың қақ ортасында шыбындап тұрған көк есектің жанына кеп тоқтадық.
— Студент Айтматов, бұл есектің қай түрі? Кәне, баянда, — деп, көзәйнегі жарқылдаған профессор бір топ студенттердің ішінен маған бұрылсын.
— Бұл мақұлық алғаш Африка мен Азия құрлығында пайда болған. Мына өздеріңіз көріп тұрғандай, есектер өзге малдардан құлағының ұзындығымен ерекшеленеді. Қодығын он екі ай көтереді, — дей бергенім сол еді, әлгі бар болғыр, көк есектің иесін тани кеттім. Ауылдағы Досалы жездем мен Қарақыз апамның көршісі. Есекке қарай емініп тұрған мені көріп, таңдана қарайды. Ұяттан мұндай өртенбеспін. Тіпті даусым шықпай, құмығып қалды.

Әлгі ақсақал Шекерге барысымен:
— Ойбай, Төреқұлдың баласы Жамбылда есектің оқуын оқып жүр екен. Мұғалімімен бірге базарда байлаулы тұрған менің есегімнің алдына келіп, оның шыққан тегінен бастап тұқым-тұяғын, жеті атасын түгелдей санап шықты. Баланың сөзіне мен тұрмақ, көк есегім де риза болса керек, — деп, бүкіл ауылға жыр етіп таратсын.

Артынша ауылға демалысқа келгенімде, Қарақыз апам:
— Осы жұрт сені есектің оқуын оқып жүр дейді ғой. Бұл не әңгіме, қарағым-ау. Басқа оқу құрып қалды ма? Алда-жалда есекті оқығың келіп бара жатса, осы ауылда есектен көп нәрсе жоқ емес пе? — дегені көңілі бұзылып…

Ж. Жұмағұлов