Мен – көлікпін

Мен – көлікпін
Фото: wallpapersxl.com

Мен – көлікпін. Атым – Тойота. 1992 жылы дүниеге келгем. Содан бері қанша қожайын ауыстырдым екен?.. Алғашқы қожайыным әлі есімде. Самат атты жас жігіт еді. Жастың аты – жас, күнде де, түнде де маған тыным болмайтын. Ол кезде зауыттан жаңа шығып қылпылдап тұрған шағым, тауға болса, тауға, бауға болса, бауға зымырай беретінмін. Самат қожайын мені қатты жақсы көрді. Күтіп-баптап, жаз сайын болмаса да, жиі-жиі орындығыма көйлек кигізетін. Қыс сайын дөңгелегіме жаңа сақина орнатып, төрт аяғымды тең басуыма жағдай жасайтын. Мен қуаныштан екі фарым жарқырап, алып-ұшып қожайыныма қызмет жасадым. Күндердің бірінде Самат қожайын мейрамханадан теңселе басып шығып, маған қарай беттеді. Мен оның ащы судан ұрттап алғанын түсініп, тұрған орнымда тұтанғым келмей, қырылдай бердім. Қожайыным мені рөлімнен төмпештеп, капотымды ашып, қайта жапты. Әттең, тілім жоқ! Әттең, бәрі менің қолымда болса ғой. Амалсыз рөлімді бұрған жаққа қарай жүрдім. Міне, үлкен жолға да шықтық. Самат рөліме әрең ие болып келе жатты. Менде ес жоқ. Қорыққанымнан дөңгелегім дірілдеп, қай жерден шалыс басар екенмін деп сигналымды басқан сайын шыңғыра бердім. Қарсы бетте сұр Ауди аққан жұлдыздай жылдамдықпен ұшып келе жатыр екен. Ажал жетті деген осы шығар. Сұр Ауди ағызып келіп қақ маңдайымнан бір перді. Көзім жарқ етіп, ес-түссіз айдалаға төңкеріліп түстім. Қанша жатқанымы білмедім, есімді жисам, шала-жансар кейіпте капотым ашылып, ішек-қарыным шашылып жатыр екен. Бір бүйірім түгелімен сынған. Денемді ауырсынған күйі қожайынымды іздедім. Абырой болғанда, қожайыным дін-аман, тек басын дәкемен таңып алыпты. Жедел жәрдем көлігі Саматтың бір ғажайыптың күшімен аман қалғанын айтып жатыр. Ал менің жағдайым тым мүшкіл. Самат мені үлкен көлікке тиеп, көлік жөндеу орталығына апарып тастады. Мен сонда ғана өмірдің не екенін ұққандай болдым. Айналам толған ауру көліктер... Мен сол орталықтан бірнеше жылға есейіп шықтым. Бір бүйірімді түгел ауыстырып, мені қайтадан жұмысқа жарамды етіп жасады. Шыққан бойда Самат мені көлік базарына апарып, саудаға салды. Сөйтіп жан досын кәрі кісіге сатып жіберді. Жан досы дегенім – өзім. Өйткені өзі солай атайтын. Бірақ бұл күні бәрі өзгерген...

Кәрі кісінің қол астына тап болғаным сол екен, түн демей, күн демей адам тасып, ығырым шықты. Күн ұзаққа қолы бос кәрі шал – таксист екен. Ұнатпадым. Өзімнің осы өмірімнен қажып кетіп, қайта-қайта ауыратынды шығардым. Біресе, бір жерім, біресе, екінші жерім ауырып, жұмысқа жарамай қалатын болды. Шал болса, мені қаратудың орнына жанымды қинап, жұмысқа жегіп қойды. Гурым қырылдай басып, бір күні жарылып өлетін болармын деп ойладым. Маған демалыс керек, күтім керек...

Содан кейін екі адамның қолынан өттім. Екеуі де – еркек. Оның біреуі банкте менеджер еді, екіншісі зауытта істеді. Менің міндетім – қожайынымды жұмысқа апарып, әкеліп, демалыста базарға, қонаққа жеткізіп салу болды. Соңғы қожайыным менен жалығып, өзімнен үш жас кіші БМВ-ға ауыстырып жіберді. Салым суға кетіп, өмірімнің мәні қалмады деп жүргенімде екінші тынысым ашылғандай еді. Өйткені бұл қожайыным – әйел болды. Оның қолына түскенім сол екен, бірден іш-сыртымды жақсылап сәндеді. Апта сайын жуынам. Ай сайын боянам. Бірақ бұл күнде денсаулығым сыр бере бастады. Өйткені қартайдым ғой...

Айжан қожайыным сыртымды сәндесе де, сырымды біле алмады. Ішімнен ауруым меңдеп бара жатқанын, осылай жалғаса берсе, бір күні ұшып түсетінімді оған қалай ұқтырсам екен?..

Үлкен жолда ілбіп басып келе жатқам. Айжан қожайын бүгін қатты ашулы. Телефонмен әркімге бір айқайлап, өзімен-өзі ұрсысып келеді. Мен бейшарада ешқандай кінә болмаса да, рөлімді қайта-қайта ұрғылайды. Прадоның артынан ілесіп едім. Бағдаршамның қызыл түсі жанды. Тоқтауым керек болатын. Енді тоқтаймын дей бергенім сол еді, өз-өзімнен сілкініп, Прадоның артын сүзіп, «тарс» еттім.

Сөйтсем қожайыным газым мен тормозымды шатастырып алыпты. Мен тағы да мыжырайып қалдым.

Бүгінде ескі көлікжайда мыжырайған күйі тұрмын. Ешкімге керексізбін. Елде утилизация жүріп жатыр дейді ұзынқұлақ. Ол дегеніміз – ескі көліктерді шашып тастайды деген сөз. Бұтымды бұт, қолымды қол қылып, парша-паршамды шығарады. Сөйтім менің темір өмірім тәмамдалады...

Бірақ өкінбеймін. Ғұмыр бойы адамзатқа қызмет жасадым, олардың қажеттілігін өтедім, жалғыздықта жолдас болдым. Кейбіреуі маған жансыз зат ретінде қарағанымен, өмірге философиялық көзқарасы бар адамдар сыралғы сырлас бола алатынымды түсінді. Көп сырды қойныма бұғып, тәтті естеліктермен өмір сүріп жатырмын. Тек абайлап айдайтын адамға тап болғанымда өмірім ұзара түсер ме еді, кім білсін?..

М. Оңғарова