Сіз қалай аударар едіңіз?

Сіз қалай аударар едіңіз?
Фото: YouTube

Орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің "Я помню чудное мгновенье" деп басталатын өлеңін мектеп кезінен бәріміз жаттап өстік. Төрт жолына дейін кідірмей айтып та бере аламыз. Қыздың сұлулығын бір ауыз сөзге сыйғызған Пушкин шумақтары қазақ ақындарына да өте әсер етіп, әрқайсысы өз аудармасын жасап көргісі келді.

Я помню чудное мгновенье
Передо мной явилась ты.
Как мимолетное виденье
Как гений чистой красоты

Александр Пушкин

Жадымда ғажап сол бiр кез,
Алдымда тұрдың мүлтiксiз.
Елестей ғайып өткен кез,
Сұлулық тәңiрi кiршiксiз.

Кәкiмбек Салықов

Есiмде, шiркiн, сол бiр шақ,
Алдымда жайнап келiп ең.
Жарқ етiп шұғылаң нұрға ұқсап,
Жүзiңнен сәуле көрiп ем.

Ғали Орманов

Ғажайып сол сәт әлi есте,
Жарқ етiп шықтың алдымнан.
Перiште ме, әлде, елес пе,
Ай көркiң менi таң қылған.

Фариза Оңғарсынова

Шiркiн-ай,
Өткен сол бiр сәт,
Көрiнiп кеткен түске ұқсап,
Тәңiрiндей ғазиз көрiктiң.

Қуандық Шаңғытбаев

Жадымда жауhар жалқы сәт,
Жанымды тербеп, жолықтың.
Жарқ ете қалып, жалтқа ұқсап,
Жан теңеспесi көрiктiң.

Батырболат Айтболатұлы

Жадымда ғажап сырлы сəт,

Құшағың алдан ашылды-ай.
Жарқ ете қалдың нұр құсап,
Құн жетпес мінсіз асылдай.

Асылбек Жаңбырбай

Есiмде сол бiр сәт, дариға-ай,
Алдымда тұрдың күнiмдей.
Түсiмде жатқан балымдай,
Тәңiрден асқан пiрiмдей.

Дәуiтәлi Стамбеков

Ғажап бiр сол сәт жадымда,
Алдымда тұрдың сен кенет.
Тәттi түс, елес, сағымдай,
Перизат көркiң еркелеп.

Мейiрбек Ақынбеков

Ғажайып сол сәт әлi есте,
Кенеттен маған жолықтың.
Жарқ етiп өткен елестей,
Өзi боп мiнсiз елестiң.

Дәулет Тұрантегі

Ғажайып сол сәт әлі есте,
Ғайыптан көзге таңылдым.
Өткінші сиқыр елестей,
Өзіндей мінсіз тәңірдің.

Жарасқан Әбдіраш 

Ғажайып сәт есімде әлі, 
Көз алдымда тұрысың. 
Көріп сені есім ауды, 
Сұлулықтың шыңысың!

Ақылбек Шаяхмет

Есiмде ғажап қас қағым,
Мөлдiреп тұрдың мөлтiлдеп.
Әлемiң қандай аспаның
Ғайыптан жеткен төркiндеп...

Мақпал Мыса

Есімде ғажап нұрға ұқсап,
Жарқ етіп маған жолықтың...
Сәулесі сынды сырлы сәт,
Тәңірдей сұлу көріктің...

Бақытгүл Зарқұмар

Сол бір сəт есте, – өлердей...
Жарқ еттің – мендік ғасырда.
Сұлу боп түскен өлеңдей,
Тəңірдің қолжазбасына!

Әділет Шопен

Елең етіп көріскем,
ерен сəтті бөліскем.
Елікзадам келіскен
есімдесің, періштем.

Гүлімай Әбішқызы


Сол сəтке ештеңе теңеспей,
Мен көрген кезде де сені бір...
Сырласып кетпеген елестей
Сұлулық секілді ең ұлы!

Қайрат Сейтқазин

Есiмде ғажап сол бiр сәт,
Алдымнан өзiң жарқ еттiң.
Ғайыптан жеткен нұрға ұқсап,
Көркiңмен менi тәнтi еттiң.

Мөлдір Райымбекова

Есімде сол сәт ғажайып,
Жалт етіп, маған жолықтың.
Жаралған мінсіз жан ғайып
Көркіңе қарап соны ұқтым.

Сұлухан Мыңбаева

Нұр ма екен, əлде, хəл ме екен,
Жалт етіп, жанымды еліттің.
Аспани сыры сенде екен,
Адамға біткен көріктің!

Ерлан Жүніс

Ал бұл жолдарды сіз қалай аударар едіңіз?

А. Оралқызы