"...Күзге жалғыз барарымды кім білген?!"

"...Күзге жалғыз барарымды кім білген?!"

«Поэзияда генерал жоқ» демеуші ме еді?! Соңғы онжылдықта қолына қаламды серік етіп, өлең деген өлкеге қоныс тепкен жас ақындар бүгінде аға бола бастады. Солардың ішіндегі өз дауысымен келіп, алыстан дауысы жаңғырып естіліп тұрғаны – Ерлан Жүніс. Ерланның өлеңдерін оқып отырып, ақынның жан әлеміне енесің. Сонымен бірге қайғырасың, егілесің. Бойыңдағы сезімнің неше мың талшықтарын қозғамай қоймайтын Ерлан өлеңдерінің симфониясы сенің құлағыңда тұрады. Мұңдылау өлеңдерін жай оқу мүмкін емес, оған мұңдылау әуен қосып, ыңылдағың келеді. Сіздердің назарларыңызға Ерлан Жүністің соңғы жазған өлеңдерінің бір парасын ұсынып отырмыз.

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,

«Қош» деуге қалай енді жан шыдайды?!

Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні

жапырақтың көзінен тамшылайды.

Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,

себелекті келгендей өлең еткім,

жаңбыр иісі... ашылған терезеден

әнін шырқап қоямын көбелектің.

Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,

тезірек таң атқанын қалап тұрмын.

Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,

терезеден ешқайда қарап тұрмын...

 * * *

Сезім көп кеше кешкен, бүгін көшкен,

шығара алмаймын-ау бірін де естен.

Астында ақ көбелек қанатының,

бейуақ қызыл гүлдер күбірлескен.

Қызыл гүл, маған да айтшы, сырың қандай,

тотықұстың қанаты құбылғандай.

Астында ақ көбелек қанатының,

бейуақ болайыншы ұғынғандай.

Сырыңды мен алайын, жүрек көнсе,

көңілді тотықұстай түлеткенше,

екеуміз сүю жайлы сырласайық,

қанаты көбелектің дір еткенше!..

 * * *

Жауды ма күн, білмеймін, жауды ма өлең,

Жауғанына аңсарым ауды неден?!

...Жаздың соңғы түндері мөлт-мөлт етіп,

әр тамшының көзінде жәудіреген.

Жарқыраған дүние-ай, жасыл күнім,

Сенің жарқын жүзіңді жасырды кім?!

Жаз бойына қыратта гүл ашылса,

Жаз бойына жүректе ашылды мұң.

Ашылды мұң, бүр жарды мұңның гүлі,

Мұңсыз өткен есте жоқ түннің бірі.

Зердесіне салармын мұны кімнің,

Кеудесіне тағармын кімнің мұны?!

Бұл қалада бұлт маңғақ тау көрмеген,

Маңғақ бұлтты күз желі жәукемдеген.

Жаздың соңғы түндері-ай, қайтем сені,

Әр тамшының көзінде жәутеңдеген?!

 * * *

Жазың қайда, жапырағым?

Жаз әнін

сезіндік қой айта алмаудың азабын!

Сезім деген – шұғыласы бояудың:

Жасылын да, қызылын да, бозаңын,

Сарысын да, қарасын да, әппағын,

Жылдар бойы жүрегімде сақтадым.

Сан алуан сол бояулар ішінен,

Сені сақтап қалар түсті таппадым!

Жапырағым, жанарында күн күлген,

Тастай алмай, қош дей алмай жүрмін мен.

Сенің жазда қаларыңды кім білген,

Күзге жалғыз барарымды кім білген?!

 

Жолжазба

 

1.

Мына ауыл қай ауыл, ақырғы ауыл,

Жолбелгінің қарашы оқылмауын.

Құс қанаты талғандай шалғай түздің,

Құс қанаты күйгендей лапылдауын!

Сары дала сыйдиған, еті қашқан,

Жарлы төбе, жесір қыр, жетім аспан.

Жатқан жері бабамның демесе жұрт,

Тұрмайтыны баланың екібастан!

Көлшігі бар аядай, бір-ақ ұрттам,

Бүк түсіпті сол тұсқа бұралып тау.

Маған қарап қария кемсеңдейді,

Қалаға кеткен ұлға шырамытты-ау!..

 

2.

«Осы маңда ел жатқан» деді маған, –

Деді маған ел жақтан коңыр адам.

Өзі өмірден ештеңе сұрамапты,

Сұрамапты ештеңе өмір одан.

Аласы да жоқ екен, бересі де,

Алданбапты дүниенің елесіне.

Қалатынын ұқпадым үнсіз неге,

Алатынын білмедім нені есіне?!

Бір күрсініп алып ол терең ғана,

«Кеп тұр» дейді, білмеймін, келем бе, аға?!

Сенде бары – осы ауыл жайлы естелік,

Менде бары – мұңдылау өлең ғана!

Аң қараймыз дей ме екен қырға шығып,

Қалмағанын білем ғой құр да шілік.

...Осы құмнан жаралған қос қоңырым,

Бірте-бірте барады құмға сіңіп...

 3.

Ойлап келем әрнені, ойлап келем,

Ауылыңа жетем деп қай жақпенен.

Түзге батып барады қара жолдар,

Күзге батып барады Ай баппенен.

Ой, қара жол ұзайды шиырлана,

Ширатайын деді ме қиыр дала.

Бірде қыз боп билейді тыр жалаңаш,

Бірде құс боп айналар құйын ғана.

Ой, қара жол, қара жол, қалай барам,

Қара да жоқ жол бойы қарайлаған?!

Боз далада бейуақ бөрі ұлыған,

Бөрі емшегін тартқылап бала ойнаған.

Қыр басынан құлдилап көш құлайды,

Көшкен жұрттың көзінен жас бұлайды.

Арасынан салт атты суыт шығып,

Қамшысымен құйынды осқылайды.

Қандай бала, құдай-ау, кайдағы адам,

Қос көрді ме бұл көзім айдаладан?

Қырға шығып қарасам... қалың қопа,

Жұрт түгілі, жын-пері жайламаған.

Жортпаған жон, дөңес жоқ торымаған,

Алыс болды-ау бұл жұрттың жолы маған.

...Балбал тасқа сүйеніп, қалғып кетіп,

Көзімді ашсам: көк қала, қалың адам...

cурет:anadevis.blogspot.com

Жолдаған: Бағашар Тұрсынбайұлы

Л. Лига