15 қазанда дүниеге келген қазақ жазушылары

15 қазанда дүниеге келген қазақ жазушылары

Бүгін – "орыс поэзиясының Айы" атанған Михаил Юрьевич Лермонтов жарық дүние есігін ашқан күн. Сондай-ақ, бұл күні 4 бірдей қазақ жазушысы өмірге келген екен. Олар: Сәкен Сейфуллин, Әбу Сәрсенбаев, Жайық Бектұров пен Сайын Мұратбеков.

Сәкен Сейфуллин (1894-1938)

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин 1894 жылы  15 қазанда Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы. Алғашқылардың бірі болып Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (1920-1925) (Премьер-Министр) қызметін атқарды.

Жазушы 1917 жылы “Жұбату” атты тұңғыш әңгімесін жазды. 1922 жылы “Асау тұлпар” атты өлеңдер жинағын”, “Бақыт жолында”, ”Қызыл сұңқарлар” пьесаларын жазды. “Домбыра” (1924), “Экспресс” (1926), “Тұрмыс толқынында” (1928), “Көкшетау” (1929) өлең-поэмалар жинақтарын, “Тар жол, тайғақ кешу” атты тарихи мемуарлық романын (1927), “Жер қазғандар” повесін (1927) жарыққа шығарды. 30-шы жылдары “Альбатрос” (1932), “Қызыл ат” (1934), “Социалистан” (1935) атты поэмаларын, “Айша” (1930), “Жемістер” (1935) атты повестерін жариялады. Публицистика саласына қалам тартты. Қазақстан ескі әдебиет нұсқаларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен шұғылданды. Қазақ фольклорының тарихына арналған “Қазақ әдебиеті” (1932) кітабын жазды. Қазақ әдебиетінің оқулықтарын жасауға қатысты. Басты шығармалары орыс тіліне аударылып, Кеңестер Одағы халықтарының бірқатар тілдерінде басылды. Қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы мерекеленді. Қазақстан Жазушылар одағы таңдаулы деректі проза мен публицистикалық шығармаларға жыл сайын беріліп тұратын С.Сейфуллин атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985). Алматы, Астана сияқты көптеген қалалар мен елді мекендерге, театрлар мен мектептерге, кітапханалар мен көшелерге Сәкен Сейфуллиннің аты берілген.

Әбу Сәрсенбаев (1905-1995)

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында туған. 1929 жылы Астрахань кеңеспартия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. 1934-1936 жылдары “Түрксіб” газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды. 1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947-1953 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.

Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келді. “Еділ толқыны” (1937), “Жүрек сыйы” (1938), “Ант” (1939), “Ақша бұлт” (1947) жыр жинақтары оның ақындық қарымын танытса, “Туған өлке” (1948), “Махаббат жыры” (1949), “Отан таңы” атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек қаһармандарының бейнесін жасауға арналған. Шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жазушының әдебиетке қосқан еңбектері еленіп, 1987 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді.

Октябрь (Қазан) Революциясы, I дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, “Қызыл Жұлдыз”, “Құрмет белгісі”, “Парасат” ордендерімен марапатталған.

Жайық Бектұров (1912–1998)

Жайық Бектұров 1912 жылы 15 қазанда Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің жауапты редакторының орынбасары, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы “Колхоз жолы” (кейін “Еңбек туы”) газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. “Жол жоралғысы” (1977) жинағының авторы. 

Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.

Сайын Мұратбеков (1936-2007)

Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда Алматы облысының Қапал ауданындағы Қоңыр ауылында туған.

Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің “Менің қарындасым” (1961), “Ауыл оты” (1964), “Көкорай” (1967), “Отау үй” (1968), “Жабайы алма” (1972), “Дос іздеп жүрмін” (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екі томдығы, 2004 жылы “Ескек жел” атты әңгімелер жинағы жарық көрген. 1989 жылы “Қалың қар”, 1995 жылы “Өліара” повестері кітап боп шықты. 

2003 жылы “Жабайы алма” повесі үшін Тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының лауреаты атанды. “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған.

1990 жылы “Қалың қар” повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

БҰҰ: 50 жылдан кейін жануар мен өсімдіктің 1 млн түрі жойылып кетуі мүмкін
БҰҰ: 50 жылдан кейін жануар мен өсімдіктің 1 млн түрі жойылып кетуі мүмкін
NASA SpaceX миссиясының суреттері
NASA SpaceX миссиясының суреттері
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезінде түсірілген жаңа видео жариялады
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезінде түсірілген жаңа видео жариялады
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы
Икер Касильяс спорттағы мансабын аяқтады
Икер Касильяс спорттағы мансабын аяқтады