Кома түрлері

Кома түрлері
Фото: health.mail.ru

Ми діңгегі қызметінің бұзылуынан өмірге қатер төндіретін ес-түссіз жағдай. Бұл ми қан айналымының бұзылуы немесе орталық жүйке жүйесі жасушаларының уыттанып зақымдануы нәтижесінде пайда болады. Комаға сондай-ақ бас сүйек пен ми жарақаты, инсульт, жұқпалар, эпилепсия, ми ісігі, алкогольден, дәрі-дәрмектерден, есірткіден улану, сусамыр, гипогликемия, эклампсия және басқа да аурулар әкеп соқтыруы мүмкін.

Өмір сүруге қажетті қызметтердің бұзылу айқындылығына байланысты команы бірнеше дәрежеге бөледі.

Команың жеңіл дәрежесінде науқастар ауыртатын тітіркендіргіштерге реакция береді. Мұндайда бетте әлсіз қисаю немесе тыржию пайда болады, науқас қолдары мен аяқтарын тартып алғандай әрекет етуі мүмкін, қарашық рефлекстері жарыққа сақталады, кейде сіңірлік рефлекстер сақталады, табанына бірдеңе кіргізген кезде аяғын тартып, бүгіп алады.

Ауырлығы орташа комада парездер, салдану, толқынды ентікпе байқалады, күшті ауырту әрекетін жасағанда оған реакция баяу болады, жұтыну қиындайды, ас қиқымы тыныс жолына түсіп кеткен жағдайда рефлекторлы жөтелу пайда болады.

Терең комада айқын атония, яғни бұлшықеттер тонусы бәсеңдейді, қарашық жарық сәулесіне реакция бермейді, несепті немесе нәжісті ұстай алмай, еріксіз жіберіп қояды, тыныс алу мен жүрек-қантамыр жүйесінің қызметі бұзылады.

Комалар бірнеше түрге бөлінеді:

1. Апоплексиялық кома;

2. Эпилепсиялық кома;

3. Гипоксиялық кома;

4. Бүйректік кома;

5. Бауырлық кома;

6. Диабеттің кома;

7. Уремиялық кома;

8. Геморрагиялық кома;

Апоплексиялық кома

Ми қан айналымының жедел бұзылуы салдарынан болады. Өте тез дамиды, қантамыр жарылып, қан миға немесе ми қабығына құйылған кезде кенеттен пайда болады. Бұл көбіне геморрагиялық инсультта байқалады.

Ми қантамырлары бітеліп қалған жағдайда, мысалы ишемиялық инсультта, науқастың есінен тануы баяу немесе тез, бірақ ұзаққа созылмайды. Сонымен қатар сөйлеу қабілеті нашарлайды, аяқ-қолдар қимылсыз қалады және сезімталдығын жоғалтады.

Геморрагиялық инсультта бет және мойын терісі қан қызыл түске боялады, көз алмасы толқын тәрізді қимылдап қозғалады, кейде қарашық үлкейеді, тыныс алғанда сырыл пайда болады, ауыз жартылай ашылады, мойын бұлшықеттері менингиттегі сияқты құрысады немесе сіреседі, жұтыну қиындайды немесе нашарлайды, артериялық қысым жиі жоғарылайтын болады. Ишемиялық инсультта бет бозарады, артериялық қысым көбіне төмендейді.

Эпилепсиялық кома

Науқас талып қалғаннан кейін басталады.

Гипоксиялық кома

Миокард инфарктісінде жүректік немесе кардиогендік шок салдарынан пайда болады. Жүрек қанды нашар айдайды немесе тіпті айдай алмайды, оттегі және қоректік заттар жеткіліксіз болғандықтан, ми гипоксиялық жағдайға тап болады.

Кома жағдайы өте тез пайда болады, өйткені ми жасушаларында оттегінің қоры болмайды, оттегі болмаған жағдайда 5 минуттан кейін қызметін тоқтатады.

Миокард инфарктісіне байланысты комада қан қысымын өлшеу және тамырдың соғуын анықтау мүмкін емес.

Миокард инфарктісіндегі комаға ұқсас жағдай өкпе артериясының тромбоэмболиясында да пайда болады. Өкпе артериялары түйінмен бітеліп қалғаннан кейін, қан жүректен өкпелерге өтіп, шок пайда болады да, жүрек тоқтап қалады. Науқастың басы, беті, мойны және аяқ-қолдары қарайып, бірнеше секунд ішінде өліп кетеді.

Бүйректік кома

Бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі қатарласқан, бүйрекаурулары (бүйрек-тасаурулары, пиелонефрит, гломерулонефрит) ұзаққа созылған жағдайда пайда болады. Мұндайда ми ақуыздың ыдырау өнімдерімен, мысалы, мочевинамен, несеп қышқылымен уланады. Мұндай кома баяу, біртіндеп пайда болады. Алдымен әлсіздік, қызыл иектердің қанағыштығы, бас пен құлақ ішінің шуылдауы, бозару, қаназдық дамиды. Осыдан кейін адам сандырақтап, есінен танады. Ауыз ішінен несептің немесе аммиактың иісі шығады, тері ақ таңдақпен немесе тұз кристалдарымен жабылады. Саусақтардан несептің иісі шығуы мүмкін.

Бауырлық кома

Бауыр ауруының ұзаққа созылуынан немесе уытты заттармен, мысалы, дихлорэтаннен, дихлофостан, алкогольден және т.б. заттардан уланудан пайда болады.

Тері сарғаяды, көздің ағы сары түсті. Науқастың психикасы өзгереді, сандырақтайды, күндіз ұйқышыл, түнде ұйқы қашқан, дене қызуы өте жоғары емес. Содан кейін есінен біртіндеп тана бастайды. Аузынан бауырдың иісі немесе тәттілеу иіс шығады.

Диабеттік кома

Қандағы қант мөлшерінің жеткіліксіздігінен, яғни гипогликемиялық немесе шамадан тыс болуынан гипергликемиялық әсер пайда болады.

Гипогликемияда кома жедел дамиды, ашығу, қалтырау, денесінде діріл сезімдері пайда болады, есінен танады, ұзаққа созылмайтын құрысу құбылыстары байқалуы мүмкін. Есінен танған кезде суық тер мол шығады.

Гипергликемияда кома әдетте сусамырға шалдыққан науқастарда біртіндеп, тәулік бойы дамиды, ауыз іші құрғайды, шөлдейді, қандағы қант мөлшері 2-3 есеге артады.

Команың бұл түрі көбіне сусамыры бар науқастарда болады. Науқас мүлде есінен танады. Терісі құрғайды, жылылық сезіледі, ауыздан ацетонның немесе алманың иісі шығады.

Уремиялық кома

Бұл бірте-бірте пайда болады. Орталық жүйке жүйесінде әлсіздік, ұйқышылдық сияқты зақымдану белгілері біліне бастайды, бірақ науқас есінен тана қоймайды.

Геморрагиялық кома

Қан жоғалту салдарынан, мысалы, ми жарақатынан болатын сырқат. Біртіндеп дамиды, қантамырдың соғуы жиілейді, қысым төмендейді. Ұдайы қан жоғалтқан жағдайда науқастың санасы өзгере қоймайды, жағдай қиындаған сайын мида және организм тіндерінде оттегі жеткіліксіз, бұл қайтымсыз болуы мүмкін.

Емі

Кома шұғыл жәрдем көрсетуді талап етеді. Егер дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаса, организмдегі кома өзгерістері емге көнбей, науқас өліп кетуі мүмкін. «Жедел жәрдем» тобын шақыруды тездету керек.

дереккөз:bilim-all.kz

 

Т. Есқали