- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- «Марс тұрғыны» фильмінің...
«Марс тұрғыны» фильмінің ғылыми негізі
Голливудтың «Марс тұрғыны» фильмі осыдан бір апта бұрын әлемдік прокатқа шықты. Кино өндірісінің сыншылары аталған фильмнің сәтті түсірілгенін айтады. Ал ғылыми тұрғыдан қарасақ, мұнда кейбір қателіктерге жол берілгенін байқаймыз.
Негізгі мамандығы бағдарламашы болған америкалық Энди Уир «Марс тұрғыны» кітабын жазу үшін үш жыл уақытын жұмсаған. Ол сол уақытта астрономия, физика және биологияны тереңінен оқып, кітаптың сюжетін ғылыми-фантасика жанрына бейімдеуге тырысқан.
NASA ғалымдары «Марс тұрғыны» фильмін ғарыш саласына қызығушылық танытқан әуесқойларға арналғанын айтады. Себебі картинадағы сюжетте шындыққа жанаспайтын эпизодтар көп кездеседі. Мысалы, шаңды боран (Қызыл ғаламшарда атмосфера жоқ), радиациядан қорғану (Марстағы радиация күші теріде пайда болатын қатерлі ісікке алып келеді) т.б.
Қуат беретін генератор
Фильм кейіпкерлері радиоизотопты термоядролық генераторды радиобелсенді эрозиядан сақтау үшін қызыл ғаламшар құмына көміп қояды. Қазір Марста серуендеп жүрген Curiosity аппараты да осындай генератордың көмегімен қуат алады. Ол қызыл ғаламшарда үш жыл бұрын қонған болса да, әзірге генераторы істен шыққан жоқ. NASA ғалымдарының айтуынша, Марс астында үлкен су алаптары бар. Ол генератордың істен шығуына негізгі себеп болуы мүмкін.
Марстағы серуен
Фильмде ғарышкерлер сыртқа шығып, бейберекет серуендейді. Шындығында Марстағы гравитация Жердің тартылыс күшінен әлдеқайда төмен. Демек ғарышкерлер әр қадамын басқан кезде секіріп жүрулері тиіс. Одан бөлек, NASA өз мамандарының миссияны орындау кезінде артық сөз айтпауын қадағалайды. Сонымен қатар, әрбір ғарышкер алқапта адасып кетпеуі үшін аппаратқа өзін арқанмен жегіп алуы тиіс.
Радиация
Жер магнитосферасындағы радиациялық белбеу ғаламшарымызды ғарыштағы қауіпті сәулелерден қорғайды. Ал мұндай қорғанысты қамтамасыз ететін толқын қабаты Марста жоқ. Басты кейіпкер Марк Уотни (Мэтт Дэймон) Қызыл ғаламшарда 500 сол уақытын өткізеді (Марстағы бір тәулік (сол) – Жердегі 24 сағат 40 минутқа тең). Нәтижесінде радиациядан еш зақымданбайды.
Радиациялық белбеудің арқасында Жердегі адам тіршілігі жалғасын тауып келеді. Мұндай белбеулер Сатурн, Юпитер, Уран және Нептун ғаламшарларында бар. Тек Марста жоқ. Ғалымдардың айтуынша, Марста 100 күннен артық уақытқа қалған адам тері ауруына шалдығып, қатерлі ісіктен қайтыс болады.
Ж. Өрісбай