Марстан су табылды

Марстан су табылды
Фото: nasa.com

Күні кеше Американың Аэронавтика және ғарыштық зерттеулер ұлттық басқармасы (NASA) арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Марстан судың табылғанын мәлімдеді. Су бар болса, тіршілік те бар. Бұл туралы америкалық Bloomberg басылымы хабарлады.

Баяндаманың авторлары Қызыл ғаламшардың бетінде ұдайы пайда болатын тұйық қатпарлар тұзды судың қалдықтары екенін айтады. «MRO зондының көмегімен алынған суреттер мен ақпараттар Марстың экватор аймағында тұзды судың арнасы болғанын дәлелдейді. Судың ағып өткен бағыты бойымен кратерлердің сайларында қатпарлар қалыптасқан. Бұл су арнасы жақында құрғағанын немесе кейде тоқтап қалатынын білдіреді», - дейді Джорджия Технологиялық Институтының ғалымы Лажендра Оджа өзінің баяндамасында. Оджаның ғылыми еңбегі Nature Geoscience журналында жарияланды.

NASA ғалымдары спектральді талдаудың арқасында Марс кратерлеріндегі тұйық қатпарлардың құрамында магний хлораты мен перхлораты және натрий перхлораты бар екенін анықтаған. Дегенмен судан минералдар табылмаған.

Марстың бедеріндегі орташа температура – Цельсий шкаласы бойынша шамамен минус 50 градус. Ал мұндай суықта судың мұзға айналатыны белгілі. Марстағы судың сұйық болуына оның құрамындағы тұз себеп болып отыр. Демек Қызыл ғаламшардағы судың құрамындағы тұздың мөлшері тым көп.

Ғалымдар Марстың полюстерінде судың қатты күйі бар екенін бұрыннан білген. Ал оның сұйық болуы мүмкін екені енді белгілі болып отыр. Қызыл ғаламшарда судың бар екендігінің дәлелденуі жаңа сұрақтарға жауап табуға көмектеседі. NASA астрофизиктері енді осы судың тіршілікке қалай әсер ететінін зерттемек. 

Ж. Өрісбай