Бүгін Нобель сыйлығының апталығы басталады

Бүгін Нобель сыйлығының апталығы басталады
Фото: top.rbc.ru

Бүгін Швеция астанасы Стокгольм қаласында 114-інші Нобель сыйлығының лауреаттарын анықтау іс-шарасы басталады. Жыл сайынғы үрдіс бойынша, ең жоғары ғылыми сыйлық лауреаты физиология және медицина салалары бойынша анықталады. Халықаралық маңызы бар іс-шара Астана уақыты бойынша 15:30-да басталуы тиіс.

Содан кейін өзге де номинациялар бойынша ғалымдар есімі аталмақ. Айта кетсек, 6 қазан күні Нобель комитеті физика саласында сүбелі еңбектенген ғалымның атын атаса, 7 қазанда химия бойынша марапатталатындар белгілі болады. 8 қазан күні әдебиет саласы бойынша жарияланады. Ал қазанның 9-ы күні Норвегияның Осло қаласында бейбітшілік саласының майталманы анықталады. Сонымен қатар, экономика білгірі 12 қазан күні жарияланбақ.

Барлық лауреаттарды ресми түрде марапаттау рәсімі Альфред Нобель қайтыс болған күні, яғни 10 желтоқсанда өтеді. Нобель сыйлығының қаржылай сыйы биыл бірінші рет 1 миллион АҚШ долларынан төмен болып отыр.

Ж. Өрісбай