Швеция төрінде қазақтың "Бауыры"

Швеция төрінде қазақтың "Бауыры"

Режиссер Серік Апрымовтың "Бауыр" (Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм түсірген) атты фильмі 24 қаңтар – 3 ақпан аралығында Швецияның  Гётеборг қаласында өтетін 37-ші Халықаралық кинофестивальдің "Бес құрлық" бағдарламасына қатысатын болады. 

Гётеборгтегі Халықаралық кинофестиваль 1979 жылдан бері өткізіліп келеді. Скандинавиядағы ең ауқымды шаралардың бірі болып табылатын фестивальда биылғы жылы 76 елдің 500 фильмі көрсетіледі екен. Шараның қадірлі қонақтарының қатарында британ актері әрі режиссері Рэйф Файнс бар. Ол актерлік шеберлік бойынша шеберлік-сыныбын өткізеді.

Қазақстанның аманатын арқалап баратын "Бауыр" фильмі 25, 27 және 28 қаңтар аралығында «Biopalatset» кинотеатрында көрсетіледі деп күтілуде.

Айта кетейік, Швеция төрінде өтетін бұл мәдени шараға бұған дейін бірнеше қазақ киносы қатысқан болатын. Былтырғы жылы мұндай құрметке Дәрежан Өмірбаевтың "Студент" картинасы ие болған.

"Бауыр" фильмінің әлемдік премьерасы 70-ші Венеция Халықаралық кинофестивалінің "Көкжиек" байқаулық бағдарламасы барысында 2013 жылдың қыркүйек айында өткен еді. Бұл байқауға француз режиссері Робин Кампилло, шевед режиссері Лукас Мудиссон, жапон режиссері Сион Соно, италиялық режиссер Уберто Пазолинидің туындылары да қатыстырылған.

Венеция фестивалінен кейін "Бауыр" ХКФ-ның IX "Еуразия" байқаулық бағдарламасында "ең үздік режиссурасы үшін" атағын жеңіп алған.

Фильмнің басты қаһарманы – тоғыз жастағы ұл бала. Бойында махаббат пен мейірімділік тұнып тұрған бүлдіршіннің әрекеттері кімге болсын ой салары анық. Фильмде құлшыныстары мен армандары, қиындықтары бүкпесіз берілетін қарапайым адамдардың бейнелері сәтті жасалған. Режиссердің айтуынша, "Бауырдан" әркім өзін көре алады.

Ендеше, қазақтың "Бауырына" сәттілік тілейік!

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: celebrities.kz, web100kz.com