Студент: жатақханада не бар, не алу керек?

Студент: жатақханада не бар, не алу керек?
Фото: kgtkk.kz

Бірінші курсқа енді қадам басып, жатақханалық өмірдің дәмін енді татар шақта бәріміз ішін көрмей жатып түрліше қиялдадық. Ол жақта өмір қалай болады екен, үлкендердің айтқандары қаншалықты шындыққа жанасады? Ойдың шегіне жете алмай жүргенде ішінде не бар екен, қандай заттарды өзім ала баруым керек деген сұрақпен де бетпе-бет келдік, жатақхана өмірін көргендерден кеңес сұрадық. Сіздерге осы ақпаратты оқып-ақ білсін деген ниетпен арнайы материал ұсынып отырмыз.

Әр жатақхана әртүрлі. Көпшілігіне ортақ сипаттама бойынша ақпарат берейік. Баратын жатақханаңыз сізді кереуетпен, төсек-жабдықпен қамтамасыз етеді. Сіздің алдыңызда басқалар қолданған төсекке жатқыңыз келмесе, өзіңізбен бірге көрпе-жастық, қаптауыштар ала барыңыз.

Кітап сөресі, киім шкафы (шифоньер), кішкентай аласа шкаф (тумбочка), сабақ оқу мен тамақтануға арналған бір үстел, орындық беріледі. Басқа қажеттіліктердің барлығы өзіңізден болуы керек. Жігіттер көп жағдайда тамағы тоқ, төсегі жылы болуына ғана мән береді. Ал қыз баласы бөлмесінде барынша жайлылық болғанын қалайды. Сондықтан бұл материал қыздарға арналады десек те болады.

Терезеде шілтер шымылдық (тюль) болады, бөлмеге кіргенде өз үйіңізге кіргендей жылулық сезіну үшін әрі бөлмеге сән беру үшін түрлі-түсті перде сатып алсаңыз болады. Үйде жүргендей сезім сыйлайтын тағы бір «ғажайып» – жерге төсейтін алаша не кілем. Мұндай жағдайда дәлізде киюге, бөлме ішінде киюге арналған екі аяқ киім арнағаныңыз жөн.  

Техникалық құралдарға келер болсақ, қазіргі жағдайда ноутбуксіз студенттің жағдайы қиын. Оған жағдайыңыз келмесе, құжаттармен айналысатын құрылғының қалтаңыз көтеретін түрін алыңыз. Өз бөлмесіне кішкене теледидар алып қоятын да студенттер бар. Жатақхананың көбісінде бір қабатқа арналған бір тоңазытқыш болады. Алайда мұнда тағамды сақтау қауіпті, жоғалып кетсе ұрыны таба алмайсыз. Сол себепті бөлмеңізге кішкене тоңазытқыш сатып алсаңыз да артық етпейді, әйтпесе жылы температураға ұзақ шыдамайтын ет, сүт деген тағамдармен қош айтыса беріңіз.

Сәнқой бикеш болсаңыз, шаш бұйралайтын, түзулейтін құралдарыңыз да өзіңізден табылсын. Бұл нәрселерді «бір минутқа» сұрап алып, бірнеше апта қайтармайтын адамдар да бар, біреуге берерде сақ болыңыз. Дұрысы, сіздің бөлмеңізге келіп шашын реттеп, бірден қалдырып кетуін сұрасаңыз болады. Киімге арналған үтік те сізге ең қажетті заттар қатарына кіреді.

Көпшілік жатақханада дәліздегі бір айнадан басқа айна бола бермейді. Киген киіміңіз жарасымды екенін көру үшін дәлізге шығуға қысылатын болсаңыз, бөлмеңізге үлкен айна да қажет-ақ.

Студент кезде тамақты үнемі сырттағы асханадан ішу тиімсіз. Бөлмедегі қыздармен бірге кезектесіп пісіретін болсаңыздар әлдеқайда шығын аз болады. Мұндайда міндетті түрде қазан, тефаль және жеке өзіңізге қажетті ыдыс-аяқ (кесе, тәрелке) керек. Жатақхана ас үйіндегі пеш белгілі уақыт аралығында ғана пайдалануға берілуі мүмкін. Түнде де тамақ істейтін ойыңыз болса, бөлмеге жеке ток-пеш те қажет. Тамақ ішкенде үстелге төсейтін дастарқан да артық болмайды.

Сыпыртқы, қоқыс алғыш секілді тазалық құралдары және тоққа қосатын жалғастырғыш тетік (переходник) те назардан тыс қалмасын.

Ал енді бұл қажеттіліктерді жатақханаға көшпей жатып сатып алуға асықпаңыз. Біріншіден, дәл осы нәрселер бірге тұратын көршіңізде де болуы мүмкін. Екіншіден, дұрыстап орналасып алмайынша бірнеше бөлме ауыстырыруыңыз ықтимал, көшкенде жүк болады. Жаныңызда жататын адамдар толық жиналып, кімде не бар, не жоғын түгелдеп алған соң, ортақ пайдаланатын қажетті құралдарды бөлісіп сатып алсаңыздар болады. Мысалы сіз айна алсаңыз, жаныңыздағы жаңа құрбыңыз тефаль сатып алсын. Ақша жинап бірге алмай-ақ, әркім өзіне қолайлы нәрсені сатып алса, соңында бөлісер кезде де қиындық тумайды.

@. @assel_assanova