Массагет энциклопедиясы. Леонардо да Винчи

Массагет энциклопедиясы. Леонардо да Винчи
Фото: Өңделген

Көзі тірісінде де оны «Данышпан» деп атайтындай табиғат оның жаратылысына бар құдіретті үйіп-төгіп бергендей. Ұлы суретші, мүсінші, музыкант, математик, инженер, анатом Леонардо да Винчи өмірде үйлесімділікті тану үшін шындықты шарқ ұрып іздеді.

«Тәлімгер ретінде ұстаздардың ұстазы – ұлы табиғатты таңдадым»
Леонардо да Винчи

Италиялық ғұлама Леонардо да Винчи 1452 жылы 15 сәуірде Флоренцияға жақын маңда орналасқан Винчи қаласында дүниеге келген. Нотариустың некесіз туған ұлы әкесінің қолында өсіп, бастауыштық білім негізін алады. Дарынды баланың қабілеті ерте жасынан-ақ біліне бастаған. Леонардо математиканы қаншалықты жақсы көрсе, поэзияны да, музыканы да, мүсін өнерін де солай құрметтеді. Ол есейген соң әкесі Флоренциядағы досы әрі суретші Андреа дель Верроккьоның шеберханасына шыңдалуға жібереді. Бала Лео шеберханада өзгелерден дараланып тұратын, бірақ оқудан қалмай дайындалып жүреді, уақыт өте қатарластарынан, тіпті ұстазынан да артып түседі.

Бірде Верроккьо Леодан «Христостың шоқынуы» суретіне пейзаж бен періштенің бейнесін салуын сұрайды. Леонардо бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Суреттегі дарындылықты көрген Верроккьо бұдан кейін сурет салуды доғарып, тек мүсін өнерімен айналысқан екен.

1480 жылы Леонардо Флоренцияда Лоренцо Медичи негізін қалаған академияға қабылданады. Бірақ 2 жылдан кейін Миланға келіп, Лодовико Сфорцаның сарай мүсіншісі қызметіне тағайындалады. Милан герцогының сарайында жүріп неше түрлі жұмыспен айналысты: сахна декорациясын жасады, үйлену той мен отбасылық мерейтойларды ұйымдастырды, кафедралы собордың құрылысын дайындады және қаланы сумен қамту жүйесін құрастырды. Бір уақытта Санта-Мария-делле-Грацие монастырында «Үңгірдегі Мадонна» суретін, «Жасырын кешкілік» атты үлкен туындысын салып жүрді.

Герцог Сфорцаның кезінде Леонардоны көпшілік «homo universalis» – жан-жақты, әмбебап адам деп атап жүрді.

Француздар Миланды басып алған кезде басшысынан айрылған Лео Венецияға жол тартады. Венецияда әскери инженер қызметін атқарады. Түбі Флоренцияға қайта келеді. Чезаре Борджиа сарайында да жұмыс жасайды. Кейін мүсінші, суретші Микеланджеломен 1-2 тапсырыс орындап та жүреді. Бір жылдан кейін «Джоконда» картинасына отырады. 500 жыл бойына суретшілер Мона Лизаның жұмбақ күлкісінің сырын ашып, қайта сала алмай жүрді. Бірақ бұл құпия ақыры ашылмады.

1504 жылы суретшінің әкесі өмірден озады. Бұл қаза оның жанына қатты батады. Салдарынан бірнеше ай бойына қолына қылқалам ұстай алмаған. Соңында жүйкесі сыр беріп, қолдары дірілдей бастаған. Кейін ХІІ Людовиктің шақыртуымен Миланға келіп, біраз уақыт сонда тұрақтап қалады.

Х Леон Папаның шақыртуымен Римге келіп, сурет салады. Сол уақытта дәулеті асқан суретші болатынына қатты сенген ол Рафаэль мен Микеланджелоның дәурені жүріп тұрғанын көріп, оларға жол береді. Суретшілерге бай дөкейлер үнемі қаламақы беріп тұратын, қалтасында бір тиын қалмаған Леонардоның ешкімі жоқ еді. Тұрғындар да оған тапсырыс беруден бас тартып жүрді, себебі, аңыздарға сүйенсек, Леонардо бастаған суреттердің тек кейбірін аяқтаған екен, ал кейбірі соңына дейін салынып бітпеген.

Суретші ретінде Леонардо артына 12 туынды қалдырған. Аяқталмаған суреттері үшін өзін жазғырды ма? Ғылымды тануда өзіне қойған сұрақтары жауапсыз қалды ма? Ол жалғызсырады ма? Бұл сұрақтардың жауабын табу бізге бұйырмасы анық.

Сарайдағы даурықпадан шаршаған Леонардо Миланға қайта келіп, І Франциска патшаға таныстырылады. Ол суретшіні жақсы қарсы алып, өзіне қызмет етуді ұсынады, Леонардо сарай суретшісі болуға келісім береді. Сол қызметте жүріп, Кло-Люсе қамалында 1519 жылы 2 мамырда дүниеден озады. Ал Леонардо қазасында І Франциска патшаға тән емес әрекет жасайды: ол балаша жылайды.

Леонардоның артында 70 мыңға жуық белгілеулер мен сұлбалар қалған. Жұмыстарында математика, механика, физика, астрономия, геология, ботаника, анатомия, физиология ғылымдары туралы бірнеше мәлімет қалған. Ол өз уақытынан озып кетті. Тікұшақ, парашют секілді өнертабыстары тек ХХ ғасырда ғана жүзеге асып, адамзаттың пайдалануына берілді.

Г. Берік