- Негізгі бет
- Өнегелі өмір
- Бөрі етінің жерігінен...
Бөрі етінің жерігінен туған Жәнібек батыр
Керей-Жәнібек батырдың туғанына үш жүз жыл толса да, ел аузындағы бұл әңгіме су жаңа болып айтылып жүр. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасырдан-ғасырға өтіп, әңгіменің ұйытқысы ретінде бүгін де ел аузында айтылып жүр.
Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет орта жүз, арғынның қаракесек руынан шыққан айтулы шешен Қазыбек бидің қызы Шашамен үйленеді. Шаша апамыз Бердәулетпен тұрмыс құрған соң, бес-алты жыл бала көтере алмай, бедеу жүреді. Бір күні Шаша апамыз ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде екі көкжал арлан бөрі көреді. Осыдан көп ұзамай Шаша апамыз Жәнібекке жүкті болған деседі. Екі ай өткенде Шаша апамыз көкбөрінің еті мен жүрегіне жерік болады.
Ағынан жарылып қуанған Бердәулет қасына жолдас-жораларын ертіп, көкбөрі іздеп аң аулауға шығады. Алланың қалауымен тау жақтағы бір көкшалғынның ішінде суға жүзгендей бір көкжал арлан жон терісінің жүні желкілдеп көзге түседі. Ылғи ығай мен сығай батыр жігіттер мықты аттармен көкжал арланды қоршап, шалма тастап, тірілей ұстайды. Аузына кескек байлап, көкбөріні Шаша апамыздың алдына арсалаң қақтырып алып келеді. Сонда бебеу қағып жерік асын іздеп отырған Шаша анамыз көкбөріге қарай «жүрегін жеймін» деп тұра ұмтылады. Мұндай жерік болған аналар әуелі толғататын әйелдей бебеулеп жерік асын жегенше басқа еш ас жемей, үйге тұрмай, асау аттай тулап, тыным таппайды екен.
Бердәулет атамыз Шашаның тірі көкбөріге жүгіргенін көргенде одан бұрын арғымақтан атылып түсіп, көкбөрінің жүрек тұсына үлкен кездікті салып жіберіп, көкбөрінің жүрегін жұлып алып, шикілей Шаша анамызға ұсынған деседі. Көзін қан басып, жерігі әбден ұстап тұрған Шаша анамыз көкбөрінің жүрегін жеп барып, ұйықтап кеткен екен. Осыдан кейін бір апта көкбөрінің етін түгел қуырып, асып жеп, жерігі басылған екен. Шаша анамыз тоғыз ай, он екі күн дегенде толғатып балпанақтай ұл туады.
Маңдайы нұрланып, көзі күндей күлген Бердәулет ақ түйенің қарнын жарып, көк қасқа тай, ақсарбас қой сойып, үлкен «шілдехана» жасайды. Ауылдағы дүйім халықты түгел тойға шақырады. Жұрт мәре-сәре болып жатқан қуаныштың үстіне арғын руынан шыққан атақты батыр Шақшақ Жәнібек келіп, ат басын тірейді. Атағы жер жарған батырдың тойға келгеніне қуанған Бердәулет батырдың алдынан шығады. Ат сулығынан ұстап тұрып, баласына ат қойып беруді өтінеді. Мұны мақұл көрген Шақшақ Жәнібек батыр есік пен төрдей күрең қасқа аттың үстінде тұрады. Бұрынғы батырлар алыс сапар алып бара жатқанда, шайқасқа, жауға кетіп бара жатқанда, жол ортада аттан түсіп аялдамаушы еді. Сол дәстүр бойынша ат үстінде тұрып:
– Баламды бесігімен маған берші,– деп сұрайды. Бердәулет бесікке енді ғана салынған баланы үйден алып шығып, шақшақ Жәнібек батырдың қолына ұстатады. Ат үстінде тұрып, баланы салмақтап көреді. «Салмағына көңілім толды»,– деп енді бетін ашып көреді. Балпанақтай ұл екен. «Дидарына көзім мен көңілім тойды. Аты Жәнібек болсын. Жасын Алла берсін, жолымды қуып батыр болсын»,– деп азан шақырып атын қояды да, былай батасын береді:
Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол.
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол.
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол.
Жабыққан жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол.
Жеке шықсаң жауыңа,
Жауыңның басын кесер бол.
Садақ тартсаң жауыңа,
Ақ сауытын тесер бол.
Бытырап кеткен елің көп,
Басын жиып қосар бол.
Қаптап жүрген жауың көп,
Алдын алып тосар бол.
Маңдайы қалың соры көп,
Бағын жарып ашар бол.
Тұйықталған жолың көп,
Жолын тауып ашар бол.
Батыр болсаң, кие бол,
Бар қазаққа ие бол.
Жұрттың жүгін көтерген,
Қайыспайтын түйе бол.
Қысыр сөзге қысқа бол,
Ұлы сөзге ұста бол.
Хан мен биге, халыққа
Алтын арқау тұтқа бол.
Бүкіл қазақ сахарасына атақ-даңқы кең жайылып тараған ер Жәнібек батыр дүниеге осылай келді. Аты осылай қойылды. Расында, кейін атақты батыр болды. Абылай ханның оң тізесін басқан сенімді серігіне айналды. Жоңғар соғысында жауларын ойсырата жеңді.
Бөрі етінің жерігі осымен біткен жоқ. Одан қанға сіңіп, қалыптасқан сүтпен бітіп сүйекке жеткен мінездің ізі арнасын ашып, ары қарай жалғасты.
Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет жастай дүние салды да, Қазыбек би жиені Жәнібекті алты жасынан бастап өз тәрбиесіне алды. Үлкен алпауыт сыншы Қазыбек би оған алты жасында: «Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ұятқа толы ары бар, қайтпас жігері бар, мұқалмас азаматтығы бар»,– деп баға берді. Бетінен қақпай, талабын тоспай, еркін шыңдап, қатаң талаппен өсірді. Жәнібек ат жалын тартып мініп, азамат болғаннан бастап оған ауыр талаптар қойды. Қиын қиырға, қызық шиырға салып шынықтырды.
Жәнібек он бес жасқа шыққан жылы Қазыбек бидің қаптаған қалың жылқысының ішінен бөгенайы бөлек, тұлғасы ерек бір көк дөненге көзі түсті. Оған қызыға, құмарта қарап жүрді. Бір орайы келгенде Жәнібек нағашы атасы Қазыбек биден «осы көк дөненді мен мініп жүрейін» деп өтінді. Оған нағашы атасы мақұлдығын берді. Бірақ Қазыбектің алты ұлы – Жәнібектің алты нағашы ағасы оған көнбеді. Жәнібекті жетім деп менсінбей, көк дөненнің орнына бір жаман қотыр тайды ұстап берді.
Күндердің күнінде түйе табынын аралап жүрген Қазыбек бидің түйешісі алты атанның тілерсегі қиылып, қан жоса болып жатқанын көрді. Майданда шауып келіп: «Алты атанның тілерсегін біреу қиып кетіпті. Солай жатып арам қата ма, әлде бауыздап тастайын ба?»– деп Қазыбек биге мәлімдеді.
Қыранды тұғырда ұшпай танитын, жүйрікті кермеде шаппай танитын сұңғыла Қазыбек би: «Алты атанды бауыздап таста»,– деді де мұны істеген кім екенін сұрамады түйешіден.
– Жәнібек батыр қайда? – деп сұрады. Түйеші:
– Анау белді асып кеткенін көргем...
Қазыбек би атына мініп, Жәнібек кетті деген белді бетке алып жүре берді. Бір белді асса, басын құбылаға беріп, екі аяғын күн шығысқа қаратып, екі қолын екі жаққа сермеп, шалқасынан түсіп, дөң басында ұйықтап жатқан Жәнібекті көрді. Қазыбек би өз көзіне өзі сенбей, қайта-қайта қадала қарады. Бұл өңім бе, түсім бе деп зерделеді. Жоқ, өңім. Мұндай да ғажап болады екен-ау деп іштей таңырқады. Қазыбек биді таң қалдырған көрініс мынау еді.
Жәнібек шалқасынан қорылдап ұйықтап жатыр. Екі иығында қос бөрі ойнақтап, көкке қарап ұлып тұр. Ар жағында арқан бойы жерде алты ағасы бермей қойған көк дөнен екі аяғын көкке көтеріп кісінейді.
Қазыбек би терең ой түйді. Жәнібектің шешесі түсінде екі бөрі көріп еді. Бұл Жәнібектің «киесі» болды. Ауыр аяқ кезінде бөрінің еті мен жүрегіне жерік болып еді, бұл оның «көкжал мінезі» болды. Ал көк дөненді менен сұрап еді, бұл оның «мініс тұлпары» болды. «Батыр туғанда тұлпары бірге туады» деуші еді, бұл сөз рас болды.
Ал алты атанның тілерсегін қиғаны көкжал мінезіне басып, алты ұлыңа да осыны көрсетем деген Жәнібек болды деп бірден айтқызбай-ақ білді. Қазыбек би батырды айқайламай, түртіп, шошытпай баяу қасына барып, желпіп оятты.
– О, батырым, тұр орныңнан, көтер басыңды. «Біліп тұрып, білмегенді кешпесең, білгенің қайсы». Алты ағаңның білместігін кеш. «Алты атанның тілерсегін қиғаның – көкжал мінезіңе басқаның, алтауыңа да осыны көрсетем дегенің болды ғой. Тұлпарың әне тұр, қасыңда. Бүгіннен бастап сенікі, ешкім таласпайды. Ақ ниетіммен бердім. Қайратыңа қайрат төтейтін, ер қарызын өтейтін, қуса жететін, қашса құтылатын, астыңда жүріп аритын арғымақ болсын»,– деп нағашы атасы Жәнібектің көңілін тауып, көк бөрі мінезін жұмсартты.
Бұрынғы дана билер мойындаған «көк бөрі мінез» деген осы. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, табандылық, шыдамдылық, беріктік, батырлық, бірбеткейлік деген де осы. Нағыз іргелі, ірі мінез.
@. @assel_assanova