Бөрі етінің жерігінен туған Жәнібек батыр (Жалғасы)

Бөрі етінің жерігінен туған Жәнібек батыр (Жалғасы)
Фото: munara.kz

БАСЫ

Жоңғар шапқыншыларының ат тұяғы бір сәт басылған бір күндері Жәнібек батыр қызын ұзатып той жасайды. Жәнібектің ордасына күйеу жігіттің жүгі келеді. Оған қыз жасауы қосылады, үй іші базардай жайнайды. Той салтанаты арта түседі. Тойға жолдас-жоралары, ел-жұрты жиналады. Таудай ет тартылады, көлдей қымыз құйылады. Не ғажап әндер, не керемет әңгімелер айтылады. Күйлер шертіліп, қобыздар сарнайды. Қызық қызыққа ұласып, бойлары кеңіп, ойлары сергіп, бір жырғап қалады. Ертесінде қыз ұзатылып, үйдегі жасау мен жүк түйеге артылады. Ұзатылған қыз көші бір белді асып, көрінбей кеткенше Жәнібек қызын қимай, артынан қарап тұрады. Ол қанша батыр болса да, жүрегі сонша нәзік еді. Бірақ ұзатылған қыздың артынан қыз әкесі бармайтын қазақ салтын аттап кете алмайды. Үйге кірсе, үй іші үңірейіп қалған. Біреу оны алып, біреу мұны алып, қора-қопасы шығып жатқан. Жаны құлазып, қызын қимай үйге кірген Жәнібек: «Қанша жау көрсем де, қыздан үлкен жау жоқ екен ғой, үйді қойшы, жүрегімді алып кетіпті»,– деп қолына көк сүңгіні алып, көк дөненге мініп, қыз кеткен жаққа қарай тұра ұмтылады.

Жәнібек батырдың қарасын алыстан танитын көк дөненнің шабысының дүбірін көз көрім жерден еститін Жәнібектің бәйбішесі асып-сасып күйеу баласына:

– Күйеу бала, аттан түс. Атыңды көлденең тарт. Батыр атаң айбаттанып атқа қонған екен. Қан шығармай қайтпайды. Иә, Құдай, жазым қылмаса игі еді,– деп иман иіріп тұра қалады. Зәре-құты ұшқан күйеу жігіт атынан түседі де, атын батырдың алдына көлденең тартады. Құйғытып келген хас батыр күйеу баланың атын көк сүңгімен түйреп, көтеріп арқан бойы жерге лақтырып жібереді. Сонда аттан қорқырап аққан қанды көргенде барып, жаны жай тауып артына қайтады. Міне, көкбөрі мінез!

Көкбөрі қойға шапқанда қан шығармай қайтпайды. «Қасқырға жеген атақ емес, қырған атақ». Көкбөрі түні бойы тісін қайрап ұйықтайды. Жәнібек батырдың жауға шапқанда, жауларын жеңген сайын жауларының қанын төккен сайын ерленіп, ереуілдеп, батылданып кетуі сол ана құрсағында жатқан кезіндегі жерік асынан жұққан, көксігінен қонған көкбөрі мінезінің көрінісі деуге болады.

Жәнібек батыр әбден қартайған шағында Қалба тауының етегінде жатып түс көреді. Түсінде Жәнібек батыр бір ұлы таудың етегінде тұрады. Сонда арт жағынан бір алып арыстан Жәнібек батырдың қасына келеді. Батыр оның жонынан рақаттана ары-бері сипайды. Жолбарыс рақаттанып тұрып-тұрып Жәнібекке тиіспей алға қарай кетеді. Әлден соң, дәу өгіздей бір қара аю келеді. Жәнібек оған қарғып мініп алады. Ол аю Жәнібекті көтере алмай жатып қалады. Жәнібек аюдың тісін ашып қараса, қартайып кеткен аю екен. Ол аю да Жәнібекке тиіспей келген ізімен кері қайтып кетеді. Енді бір уақытта Жәнібектің қасына арсалаң қағып бір көк бөлтірік келеді. Ол Жәнібектің етегін иіскелеп, бейне тістеп алатындай алды-артын орап, ойнақтайды. Жәнібек сәл тітіркенеді де, тістеп алмасын деп сезіктеніп, бөлтіріктің тұмсығына шертіп қалады. Сосын ол бөлтірік көтеріліп, бір белге шығады да, көк бұлтқа сіңіп ғайып болады. Оянса, түсі екен.

Жәнібек батыр таңғы асын ішіп отырып, өзінің түс жорушысын шақыртып түсін жорытады, сонда түс жорушы:

– Е, батырым, ашық аян көріпсің. Түсің киелі екен. Жолбарыс – батырлығың, айбатың еді. Бет пен беделің еді. Саған тиіспей алға кеткені – болашаққа кеткені. Алдағы ғасырдағы ұрпақтарың аузынан тастамай айтып, батырлығыңды мақтан етіп жүреді. Аю – қайратың еді. Батырым, қайратың қайтқан екен. Аюдың сені көтере алмай жатып қалуы – соның нышаны. Кері қайтқаны – күшіңнің қайтқаны. Енді жекпе-жекке түспе. Түссең де жеңе алмайсың. Түсіңде бір жараспаған жер бар екен. Соны айтайын ба, айтпайын ба?»– деп сұрады Жәнібек батырдан.

– Айт, айт. Айтушыда айып жоқ. Тыңдаушы ғибрат алады.

– Көкбөрі – ұрпағың еді. Тұмсығына бекер шертіпсің. Енді сенің ұрпағыңнан жекпе-жекке шығатын батыр шықпас болар. Шықса да ұзаққа бармас, - деп жорыды.

Бұл – аңыз, бірақ ақиқат. Осының бәрі де болды. Айнымай келді. Кейінгі ұрпақ құлақпен естігенді көзі боп көрді. Қарап отырсақ, жерік асының құдіреті соншалықты ер Жәнібектің сонау ана құрсағынан тартып, алып, батыр болғанға дейінгі тұтас өмірі, мінезі, ерлігі, батырлығы, жомарттығы, батылдығы, шешендігі, бейнесі, түр-түсі көкбөрімен өрнектеп қойғандай образды көз алдымызға келтіреді. 

Болат Бопайұлы

@. @assel_assanova