Сөз төркіні: Шілдехана

Сөз төркіні: Шілдехана

Шілдехана − дәстүрлі қазақ өмірінде келелі мән алатын ғұрыптық жоралғы, дүниеге келген жас сәбидің құрметіне жасалатын той. Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау деген нанымнан шыққан. Сондықтан шілде күзет деп те аталады. Қазақ дәстүрі бойынша, бала қырқынан шыққанда, қырық қасық сумен жуындырып, қарын шашын алады, осыған байланысты жасалатын ырым-тілеу шілде той делінеді. Парсы тілінде «чле»(оқылуы: челле) − адам баласы туғаннан, өлгеннен кейінгі қырық күн мәулет. Парсыларда сәби дүниеге келгеннен кейін, бала жатқан үйге бөтен адамды кіргізбейтін салт болған, ол үлкен челле(қырық күн), кіші челле(жиырма күн) деп бөлінген. «Чле» сөзінің төркіні − «чһл»(оқылуы: чеһел), мағынасы − қырық(сан есім). Мысалы, чһл тке − қырық құрақ, чһл сәлгі − қырық жас, қырық жыл. Чһл тн − төте мағынасы: қырық дене, ауыспалы мағынасы: қырық мүрде, қырық рух. Осы тіркестен қазақ тіліндегі «шілтен» сөзі шыққан, «Түсіндірме сөздік» бойынша, бұл сөздің мағынасы: мұсылмандарды қолдап жүретін, көзге көрінбейтін киелі бейне. Сопылық түсінік бойынша, шілтен − тылсым күшке ие қырық рух, олар әдетте мазарларда, кесенелерде құдайға құлшылық етеді, адамдарға әрқашан көмекке келіп, рухани жолға түскендерге жөн сілтеп, жолаушыға, қысылған адамға қол ұшын беріп отырады. Кейде кісі бейнесіне еніп, адамдармен аралас-құралас жасайды деп те айтылады. «Сөз сандықта» бұл ұғымға «періште» деген сілтеме жасалған, бұл дұрыс емес, өйткені ислам ұғымында періште − Алланың әмірін орындаушы, олар нұрдан жаралған, ұйықтау, шаршау, қателесу, ұмыту дегенді білмейді. Олардың саны шексіз, «Құран кәрімде» төрт періштенің − Жәбірейіл, Микайыл, Әзірейіл, Исырайылдың аты аталады. Демек, шілтендерді періштемен теңестіруге болмайды. Ескілікте шілтендерге арнап қырық шырақ жағу сияқты ырым-жоралғылар болған, оның жұқанасы қазір де халық арасында жалғасып келеді. Мысалы, Маңғыстаулық жас ақын Асылбек Жаңбырбай «Әулиелену» деген өлеңінде:

«Байқағанға бұ дүние нақ бір сынақ,

Қырық шілтен үшін де жақтым шырақ» деп жазады. Қазақ тілінде «шілтен» сөзінің жеке қолданылмай, тек «қырық» деген сан есіммен қабаттасып келуінің сыры сөз түбіріндегі «қырық рух» ұғымымен байланысты. Халық аузында «қырықтың бірі − Қыдыр» деген тіркес бар. Сондықтан кей әдебиеттерде Қыдыр − қырық шілтеннің бірі болуы мүмкін деген болжал да айтылады. Қазақтың көне жырларында бұл сөз «Ғайып ерен, қырық шілтен» түрінде үнемі тұрақты тіркес болып келеді. Мысалы, «Алпамыс батырда» «Сол уақытта батырға, атса, мылтық өтпеді, шапса, қылыш кеспеді, ғайып ерен, қырық шілтен, қолтықтан сүйеп, демеді» деп жырланады.

Сөзімізге оралсақ, парсы тіліндегі «чле», оқылуы бойынша «чілле» сөзі «қырық күн» деген мағына береді, сондай-ақ бір жылдың ең ыстық және ең суық қырық күні де «чле» деп аталған. Чле табстан − жаздың ең ыстық қырық күні (саратан айы толық және әсет айының алдыңғы он күні, қазіргі күнтізбе бойынша 21 маусымнан 31 шілдеге дейін); чле змстан − қыстың ең суық қырық күні (жәди айы толық және дәлу айының алдыңғы он күні, қазіргі күнтізбе бойынша 21 желтоқсаннан 31 қаңтарға дейін). Тіліміздегі ай аты ретінде қолданылып жүрген «шілде» сөзі осыдан шыққан, олай болатыны, араб-парсы тілдерінен кірген сөздерде екі «i» дыбысы қатар келсе, соңғысы қазақ тілінде көбінесе «d» дыбысына ауысып кетеді. Мысалы, молла − молда; Алла − алда (Алдаберген, Алдаберді деген адам аттарында және Алдажар сөзінде); калла − келде (парсы тілінде калла − бас. Қазақ тілінде – Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі). Қазақта да ерте кезде «жаз шілдесі», «қыс шілдесі» деген ұғымдар болған, кейін келе «қыс шілдесі» көмескі тартып, «жаз шілдесі» жаздың ең ыстық күндеріне тура келетін, дәстүрлі күнтізбе бойынша азаматтық жылдың 31 күннен тұратын бесінші айының атына айналып кеткен. Тіліміздегі «қырық күн шілде» деген сөз оралымының сыры осындай.

Қорытып айтқанда, шілде той − сәбидің қырқынан шығуына байланысты өткізілетін той; шілде күзет − қырық күн күзет; шілдехана − шілде күзеті өтетін орын немесе қырқынан шықпаған жас сәбиі бар үй, олайы, парсы тіліндегі «хане» сөзінің үй, жанұя, орын деген мағыналары бар.

Авторы: Аяу Қашаған

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: kerekinfo.kz

Оқи отырыңыз:

Сөз төркіні: Арғымақ

Сөз төркіні: Үзеңгі

Сөз төркіні: Мамық

Сөз төркіні #1

Сөз төркіні #2


M. Auelkhan