Массагет байқауы мен болжамдар бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

Massaget.kz ақпараттық-танымдық порталы ұйымдастырған екі бірдей байқау өз мәресіне жетті. Оның бірі – оқырмандар арасындағы блог байқауы болса, екіншісі – футболдан әлем чемпионатына орай ұйымдастырылған болжамдар бәйгесі.

Басыңыздан өткен, естіген немесе көрген-білген ең қызық оқиғаны жазу, баяндау бойынша ұйымдастырылған блог байқауы 1,5 айға созылды. Осы уақыт аралығында сайтта арнайы байқау үшін блогтар жазылып, қатысушылар бағын сынады. Байқау жеңімпазы редакция таңдауымен анықталып, Жанерке Толенова «Біздің "Минари". Алматыдан 1650 миль» блогымен жеңімпаз атанды. Үздік атанған оқырманымызды жеңісімен құттықтаймыз. Жанерке Толеноваға iXXi Extreme планшеті табысталады.

Бір айға созылған Катардағы доп додасы да аяқталды. Жарыс қарсаңында сайтта ұйымдастырылған дәстүрлі болжамдар бәйгесінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. 68 ұпай жинап, өзгелерден 5 ұпайға озған Жалғас Бек есімді қатысушы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шықты. Ол да iXXi Extreme планшетін жеңіп алды. Екінші орын алған Ержан Күзембаевқа Меломан дүкеніне 20 000 теңгенің сертификаты бұйырса, үшінші орын алған Данияр Ысқақов та осы дүкеннің 10 000 теңгелік сый картасына ие болды.

Massaget.kz ақпараттық-танымдық порталы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтайды. Сыйлықтарды 8702 244 84 14 нөміріне жазып алуға болады.