Ақылды адамдар көбірек өмір сүреді

Ақылды адамдар көбірек өмір сүреді
Фото: www.youtube.com

International Journal of Epidemiology ғылыми журналының соңғы санында ғалымдар адамның интеллекті мен өмір сүру межесін салыстырған. Лондондағы саяси ғылымдар мен экономика мектебінің зерттеуші ғалымы Розалинд Арден өз командасының зерттеу жұмысына сүйеніп, ақылды адамдардың біршама көп өмір сүретінін негізге алып отыр. Бұл туралы Live Science хабарлады.

Расында ақылды адамдар өз денсаулығын күтіммен қарау кезінде барынша дұрыс шешімдерді қабылдауға тырысады. Сонымен қатар, ақша табудың жолын біліп, өз өмірін жайлы етеді. Дегенмен ғалымдар мұндай әдеткі қағидаларды ескеріп, осындай теориялық пікірге тоқталған жоқ.

Жарияланған мақалада белгілі бір категориядағы ұрпақтан-ұрпаққа берілген гендер адамды ақылды етіп қана қоймай, оның ұзақ өмір сүруіне де септігін тигізетіні туралы жазылған. Зерттеушілер АҚШ, Швеция және Данияда туған әртүрлі жұмыртқалы егіздердің IQ көрсеткіші мен өмір сүру межесін салыстырып қараған. Нәтижеде егіздердің ақылдылары сыңарынан біршама көп уақыт өмір сүргені белгілі болған.

«Біз интеллект пен өмір сүру межесінің арасындағы байланыс адамның геніне байланысты екенін дәлелдедік», - дейді Розалинд Арден Live Science порталына берген сұқбатында.

Дегенмен, бұл – теорияға негізделген ғылыми жаңалық. Ақылды адамдар ұзақ өмір сүрсе, демек санасы жан-жақты дамымаған адамдар жастайынан өмірден озады деген сөз емес. Ұзақ өмір сүру үшін дұрыс тамақтану керек. Салауатты өмір салтын жүргізіп, IQ тесті туралы көп ойламау керек. 

Ж. Өрісбай