"Болашақ" бағдарламасымен оқытатын шетелдік ЖОО-лар тізімі жарияланды

"Болашақ" бағдарламасымен оқытатын шетелдік ЖОО-лар тізімі жарияланды
Фото: kazpravda.kz

2018 жылы "Болашақ" бағдарламасымен оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының жаңа тізімі жарияланды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушы Бибігүл Асылованың 2018 жылдың 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, "2018 жылғы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы бұйрығына өзгеріс енгізілді.

- 2018 жылғы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын, – делінген бұйрықта.

2018 жылға арналған "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімнің толық нұсқасын adilet.zan.kz сайтынан қарауға болады.

"Болашақ" – қазақ жастарына қанат бітіретін бағдарламалардың бірі. 1993 жылы 5 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген. Білім беру, санат жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық айрықша жоба. Бұл бағдарлама жайында бүгін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астанада өтіп жатқан "Global Challenges Summit 2018" форумының жалпы отырысында да айта кетті.

- Мемлекет болып іргеміз бекіп жатқан тұста "Болашақ" бағдарламасын аштық. Одан бергі аралықта 13 мың қазақ жасы мемлекет есебінен әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды. Қазіргі уақытта 70 мың стипендиат шетелде оқып жатыр. Сонымен қатар әлемдік жоғары деңгейдегі өз университеттерімізді де аштық, олар: Назарбаев университеті, ҚБТУ, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық жүйелер университеті. Студенттердің өмір сүру жағдайы жақсарып, гранттар саны көбеюде, - деді Елбасы.

Н. Үсенова