Аймағамбетов мектеп директорларының жалақысы артатынын мәлімдеді

Аймағамбетов мектеп директорларының жалақысы артатынын мәлімдеді

Қазақстандағы мектеп директорларына оқу жүктемесіне сәйкес жалақы төленетін болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

"Қазіргі кезде мектеп басшылығының жалақы мәселесі өзекті болып тұр. Жалақының қазіргі деңгейіне қарап, бәсекеге қабілетті менеджерлер басшылық қызметке баруға қызықпайды. Жалпы, үздік педагогтар мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісі лауазымына бармай жатады. Сондықтан, әрине, мұнда өзгерістер қажет", - деді министр тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Қазақстанда мектеп директорларының мұғалімдерден төмен жалақы алатын кезі жиі кездеседі.

"Сондықтан, бұл жерде Білім және ғылым министрлігі біздің мектептердің директорларына еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.  Біз бұл туралы айттық, министрлік тиісті шешім дайындап жатыр",-деді Асхат Аймағамбетов. 

Министр директорлардың қанша жалақы алатынын нақтылаған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін, еліміздегі мұғалімдер жалақысы тағы 25 пайызға артатынын хабарлаған болатынбыз.

Т. Раушанұлы