Атақтылардың 5 «жұмақтай аймағы»

Атақтылардың 5 «жұмақтай аймағы»
Фото: YouTube

Жеке аралдың болуы – атақтылар мен миллионерлердің айрықша құзыреті делінеді. Алайда ыстық жақтан шағын «жұмақтай аймақты» қарапайым адамдар да өздеріне рұқсат ете алады. Олардың көршілері өздерінің жеке жағажайында демалып жүрген атақты жұлдыз болуы әбден мүмкін. Атақтыларға тиесілі 5 керемет арал туралы айтамыз.

Джонни Депп (Литл Холс Понд Кей)

18 гектар көкшіл мұхитпен қоршалған ақ құмы мен тропикалық орманы бар Багам архипелагындағы Литл Холс Понд Кей аралы Джонни Депке бір көргеннен ұнаған. Актердің айтуынша, ол одан артық керемет жер көрмеген. Ол бұл аралды қызы Лили Роуз Бичтің атына ауыстырып алған. 2015 жылы Джонни Деп пен Эмбер Хердтің тойы осы жерде өткен. Ол сол күні ғана фоторепортерлерге келуге рұқсат берген. Бұл жерде басқа уақытта оны суретке түсіруге болмайды. Сондықтан бұл керемет вилланың ішкі көрінісінің суреттері жоқ. Тек оның төбесінде күн батареясы орналасқаны белгілі.

Леонардо Ди Каприо (Блэкадор Кэй)

Леонардо Ди Каприо тек актер ретінде емес, сонымен қатар белсенді қоршаған ортаны қорғаушы ретінде де танымал. Сондықтан да ол өзінің жеке аралында сәнді экокурорт жасағысы келеді. Актер 2005 жылы Кариб теңізінен керемет Блэкадор Кэй аралын алды. «Ди Каприо курорты» 2018 жылы ашылуы тиіс. Экокурорттағы құрылыс «жасыл» стандарт бойынша жүруде. Яғни, ормандар кесілмейді, орнын ауыстырып отырғызылады және энергия жаңғырымалы көздерден алынады, ал тұщы су ретінде сүзілген жаңбыр қолданылады. Актердің айтуынша, аралдың жартысын күзетілетін қорық алады.

Шакира (Бондс Кей)

Курортты арал жасау идеясы әнші Шакираға да ұнап қалған. Ол 2011 жылы Роджер Уоторспен (Pink Floyd солисті) және әнші Алехандро Санспен Багамнан арал алды. Бұл аралды кішкентай деп айтуға келмейді, себебі оның аумағы 300 гектарды құрайды. Бұл аймақта әдемі жеке жағажайлар, бес сарқырама, керемет қонақүйлер мен виллалар, көркемөнер галереялары және гольфқа арналған алаңдар бар. Алайда бұл аралдың үш иесі осы жетістікпен тоқтап қалмай, курортты ары қарай дамытқылары келеді.

Мел Гибсон (Манго)

Мел Гибсон Тынық мұхитындағы Манго аралын 2005 жылы сатып алған. Аралдың үлкен аумағына (2200 гектар) қарамастан, Гибсон оны курортқа айналдырмай, бұл жерде туыстары мен достарының арасында демалуды жөн көреді. Мангода әлі күнге дейін байырғы жергілікті тұрғындары өмір сүреді екен. Олардың кейбіреулері Гибсонға жұмыс жасайды. Актердің айтуынша, ол барынша аралдың алғашқы түрін сақтап қалу үшін ондағы эко жүйеге минималды түрде әсер етуге тырысады.

Памела Андерсон (Греция, Дубай)

Памела Андерсонның бұрынғы күйеуі және рок әнші Томми Ли 2008 жылы аралды оған сыйға берген. Тосынсый татуласу және отбасының қайта қосылуы үшін жасалған. Әншінің айтуынша, ол Памеламен және ұлдарымен тыныш демалатын жер алғысы келген. Томми Лидің таңдауы Дубайдың жанындағы Греция атты жасанды аралға түскен.  

А. Жапатова