- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлем ғажайыптары: Жұлдыз...
Әлем ғажайыптары: Жұлдыз жауған күн
1202 жыл. Жылнамашылардың бірі таң сәріде төбеден жаңбырша жауған жұлдыздар ағынын көріп таң қалады. Бірақ бұны біреуге айтып сендіре алмайды. Бірақ бұл құбылыс Новоград қаласында қайталанады.
1933 жылғы «жұлдыздың ағуы» Еуропа мен Африкада қайталанып адамдардың сенімі күшей бастады. Бұл көріністерді адамдар ғаламшарда бізге белгісіз апаттар болып жатыр деп түсінді.
Қазіргі күнде жұлдыздардың бүйтіп жаңбырша жаууына деген көзқарас тек жұрттың әңгімесінде ғана сақталып қалған. Аспандағы үлкен денелер – жұлдыздар мен планеталардан басқа Әлемде көптеген ұсақ дене де ұшып жүреді: бұлар метеор денелері деп аталады. Олардың көбі Күн жүйесі шеңберінде әр түрлі бағытта жыжиды, кейбіреулерінің секундына ондаған километр жылдамдықпен біздің планетамыздың атмосферасына ұшып келіп енуі жиі кездеседі. Мұнда олар ауамен үйкелісіп, лапылдап жанады да, жерге жарық түсіреді. Ауада жүріп бірте-бірте қирайды да, газға және ұсақ тозаңға айналады.
Арыстан шоқ жұлдызы орналасқан аспан кеңістігінде жұлдыздардың жаңбырша жаууы ауық-ауық болып тұратын құбылыс екені ерте заманнан-ақ байқалған. Ол әрбір отыз үш жылда болып тұратын құбылыс. Соңғы рет 1966 жылғы қарашада орын алды.
Осы ретте адамның өз қолымен жасаған ең қызықты жұлдыз жаңбыры туралы айтып кеткенді жөн көрдік. 1958 жылы 14 сәуір күні Кариб теңізіндегі Барбадос аралының тұрғындары оны өз көздерімен тамашалады. Ал 1957 жылы 3 қарашада КСРО аспанға ұшырылған Жердің екінші жасанды серігінің қалдықтары болатын.
Негізінде жұлдыз жаңбыры жер бетіне жетпейді. Оның микробөлшектері ауада толық жанып кетеді. Дегенмен әлем ғажайыпқа толы. Бәрі де болуы мүмкін...
М. Ақан