Әлем ғажайыптары: сағымдағы елестер

Әлем ғажайыптары: сағымдағы елестер
Фото: OldtimeWallpapers.com

Жоғары сағымдар теңізде, әсіресе, атмосфераның төменгі қабаттары жоғары қабаттарынан қашан да салқындау болатын поляр маңы ендіктерінде неғұрлым жиі кездеседі. Солтүстікте мұндай жай қыстыгүні және көктемде болады, оңтүстіктен жылы жел соғып, ауаның төменгі қабаттары қар мен мұздың әсерінен әлі салқындап тұрған күндері жоғары сағым айқын байқалады.

Мәселен, Байқал жағалауында тұратын адамдар пойыздардың вагондары бірінен соң бірі ешбір тарсыл гүрсілсіз көлдің бетінде ауамен қалқып бара жатқанын талай көрген. Бұл – темір жол бойымен кетіп бара жатқан пойыздардың алыстан шағылып көрінген бейнесі.

Мына бір қызық оқиғаны еске алуға болады. Ол өткен ғасырда Швецияның поляр зерттеушісі Норденшельд экспедициясына қатысушылардың басынан өткен...

... Экспедиция қонысына жақын жерден алып аю көрінеді. Жұрт тездетіп мылтықтарын ала ұмтылады. Бірақ солардың бірі мылтығының серіппесін енді болмаса басып жіберуге қалғанда әлгі аю кенеттен аспанға ұшып кетеді. Ұшып бара жатқан бойында ол тез кішірейіп, бара-бара шағалаға айналып кетеді...

Ал енді мұндай «көріністерге» адамдар әдетте үрейленіп, күдіктене қарайды. Мысалы, швед теңізшілері Балтық теңізінде Аланд аралдары мен швед жағалауы аралығынан байқалған сағым аралды ұзақ уақыт іздеп, көп бәйекке түскен.

Кейде жоғары сағымдардың «алыстан көрінуі» нағыз жұмбақ болып табылады. 1815 жылы Ватерлоо іргесінде Наполеон соғыстары тарихындағы атақты шайқас болады. К.Фламмарион «Атмосфера» деген кітабында Бельгияның Вервье қаласы тұрғындарының мынаны аңғарғанын жазады: олар бір күні аспаннан қарулы адамдарды көреді. Ал Ватерлоо мен Вервье аралағы – 105 км. Мұның ең ғажап жері мынада: сағым алыстағы заттарды жұрттың көз алдына, нақ қасына әкеліп көрсеткен.

1927 жылы белгілі Америка ұшқышы Линдберг Атлант мұхиты арқылы ұшып өтеді; ол кезде бұл айтулы оқиға болатын. Ол сапарынан оралғаннан кейін Ирландиядан 200 миль жерде арал барын – өсіп тұрған ағаштарды, таудың төбелерін көргенін айтады. Сағым бірнеше минут бойы тарқамаған.

М. Ақан