Жаңбыр неге жаумайды?

Жаңбыр неге жаумайды?
Фото: wallpaperscraft.com

Жаздың келгенін шыдамсыздана күтеміз. Бірақ ыстығына төзгіміз келмейді. Бір сәт жаңбыр жауса дейміз. Дегенмен, сіз қалады екен деп жаңбыр жауа салмайды. Оның да өзіндік «принциптері» бар. Мүмкін, жаңбырдың жаууына бірнәрсе кедергі келтіретін шығар?

Жаңбыр – бұлттан бөлініп жерге түсетін атмосфералық сұйық тамшылардың жиынтық атауы. Тропосфераның жоғарғы қабатында қалыптасқан қар, мұз түйіршіктері оның жер бетіне жақын қабатынан өткенде еріп жаңбыр тамшыларына айналады. Кейде жаңбыр бұлт арасындағы тым ұсақ тамшылардың бір-бірімен қосылуынан пайда болады.

Зерттеулердің нәтижесі бойынша, жер бетінен секундына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғу да бек мүмкін. Жаңбырдағы мұндай аса бір шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығынан да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді.

Ғаламшардың ең жаңбырлы жерлері қыс айларында су жетіспеушілігіне ұшырайды. Жаңбырлы маусымнан кейін құрғақ қыс басталып, тұрғындар суды көрші қалалардан сатып алуға мәжбүр болады екен. Кейбір ғалымдардың тұжырымы бойынша, шөл далада жаңбыр астында құрғақ күйде қалуға болады. Шын мәнінде, шөлді жерде жаңбыр жауады, бірақ бұны байқау мүмкін емес. Себебі ыстық ауаның әсерінен жаңбыр тамшылары жерге жетпей құрғап кетеді. Бұл ақпараттың Қазақстанның да ыстық аймақтарына қатысы болуы мүмкін.

Мүмкін, дәл қазір жаңбыр жауып жатқан шығар?! Қалай ойлайсыз?!

Дереккөз: qamshy.kz

Г. Берік