Әлемді зұлымдық билей алмайды

Әлемді зұлымдық билей алмайды
Фото: www.terranuova.it

Адамның адамшылығы оның әрекетінен көрінеді. Біз бойымыздағы жан жылуын жан-жағымызға төккенде жанымыз кемелдене түседі. Сіз үшін өмірдің мәні неде? Дүниенің қызығына бату ма? Жоқ әлде, дәулет пен байлық па? Олай ойласаңыз, қателесесіз. Сайып келгенде, өмірдің мәні, тіршілігімізді гүлдендіретін нәрсе – ол біздің бір-бірімізге көмектесуімізде емес пе? Адамдарға жақсылық жасағаннан артық қандай бақыт бар мына жарық дүниеде?! Әлемді зұлымдық билеген жоқ және билей де алмайды. Жо-жоқ, күмәнмен қарамаңыз! Жүрегі бар адамдар әрқашан айналамыздан табылады. Тек соны көре білу қажет. Сенбесеңіз, мына оқиғаларды оқып көріңіз...

Қайырымдылық жасаудан чемпион – «Спартак» 

Отто Фишер есімді 102 жастағы ақсақал – «Спартак» командасының ең белсенді жанкүйері. Наурыз айының соңында оның үйін белгісіз біреу тонап кеткен еді. Бұл хабарды естіген «Спартак» командасының ойыншылары ақсақалға 500 мың рубль қаражат жинап, апарып берді. Сондай-ақ оған «Спартак» — «Динамо» арасындағы жолдастық кездесу басталмас бұрын қақпаға символикалық соққы бағыттауына рұқсат беріп, ақсақалдың арманын орындады. 

Мейірімді шаштараз

The Streets’ Barber бүркеншік есімімен танымал 27 жастағы Назир Собхани шаштараз болып қызмет істейді. Аптаның алты күнінде салонда келушілердің шашын қияса, жетінші күні Мельбурн көшелеріне шығып үйсіз-күйсіз жүрген панасыз жандардың сақал-мұртын қырып, шашын қияды. Шаш қию сәтінде ол адамдармен жақын сырласып, өмірді жаңадан бастауға ешқашан кеш еместігін айтады екен...

Кішкентай Күлше қыз

Онкологиямен ауыратын балалар емханасының бұрынғы қызметкері Холли Кристенсен досының үш жасар қызына арнап арнайы парик жасап шығарды. Өткен жылы кішкентай Лилиге дәрігерлер өте қауіпті диагноз қойған еді. Холли химиотерапия алып, шашы түсіп қалған бүлдіршінге көмектескісі келіп, кішкентай Күлше қыздың шашы секілді парик ойлап тапты. Бұл сыйлықты көрген Лили қатты қуанды. Бүлдіршіннің ерекше қуанышы Холлиге тың серпін берді. Ақыры Холли  The Magic Yarn Project атты жоба құрады. Бүгінде осы жоба  қызметкерлері жасап шығаратын Күлше қыз шашы секілді париктер осындай қауіпті дертке шалдыққан әлем бүлдіршіндерін қуанту үстінде. 

Үйректерге жол беріңіз!

Англияда арнайы үйректерге арналған үйректің суреті бейнеленген жүргіншілер жолы пайда болды. Енді Лондон, Бирмингем және Манчестердегі үйректер өздеріне арналған жолда емін-еркін жүре алатын болды. 

Дәрігер тек тәнді ғана емдемейді

Әдетте ауруға ұшыраған кішкентай бүлдіршіндер отадан өлердей қорқады. Қытайда екі жасар бүлдіршін қыздың жүрегіне ота жасау қажет болған еді. Кішкентай балапан ота алдында қатты жылап, әкесін шақырумен болды. Алайда кардиохирург дәрігер оны алдына алып құшақтап, телефонынан қызықты мультфильмдер көрсетіп, бүлдіршіннің көңілін аулады. 

Бұл – мейірімділік ісінің бір кішкентай бөлігі ғана. Әлемде қанша зұлымдық болып жатыр. Сол секілді қаншама қайырымдылық істің атқарылып жатқаны жасырын емес. Әрқашан ақ пен қара айқасқан алып дүние болған соң екеуі алмасып жүретіні анық. Жақсылыққа деген ішкі сеніміңіз жоғалмасын!

Ж. Жұмағұлов