- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Менің Тайландтағы күндерім...
Менің Тайландтағы күндерім #3
Осы ыстық мекенді есіме алған сайын піл мен жылан ойыма оралады. Біріншісіне таңырқасам, кейінгісінен қатты қорқамын. Олар Алматының хайуанаттар бағындағы жануарлардан өзгеше. Пілдер өте үлкен, ал жыландары керісінше адамға ешбір зиянын тигізбейді.
Неден қорықсаң, соған тап боласың демекші, бұл елде әркез жылан көрумен болдым. Оларды мейрамханадан, дәріханадан, джунглиден, арнайы шоудан байқауға болады. Мойнына іліп алып би билейтін қыздар да жоқ емес.
Тұрғындар оларды жат көрмейді. Ағаш басында оратылып тұрған жыланды қолымен нұсқап, «змея» деп таныстырады. Қарамай қойсаңыз, жыланның мазасын алады. Осы кезде амалсыз қарап, бір жымиып қоюға мәжбүр боласыз.
Бізге жол сілтеушілер: «Жылан сіздің денеңіздің тек бір бөлшегін көреді. Олар дауысты да естімейді, ауа толқынын сезеді. Өзіңіз тиіспесеңіз, еш уақытта зиянын келтірмейді», - деп қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Мұны естіп алған біздер ағаш басында оратылып тұрған жыланды көрсек те, еш уайымдамайтын болдық.
Мұнымен қатар, саяхатшыларға арнап жыландар мен қолтырауындар шоуы ұйымдастырылған екен. Улы жыландар мен тісі өткір қолтырауын шоуын жақыннан тамашаладық.
Тай елі қасиет тұтатын жануар – піл. Оларды пір тұтып, ерекше құрмет білдіреді. Тіпті, оларға зиян келтірген адамды қатаң түрде жазалайды.
Піл өсіру шаруашылығы атадан балаға мирас болып қалады. Егер отбасында ақ піл дүниеге келсе, патшаның өзі осы отбасыға ерекше қамқорлық көрсетеді екен. Яғни ақ пілдің дүниеге келуі – үлкен бақыт.
Алматыда ұлуды көп көрсем де, көлемдісін алғаш рет байқадым.
Қолтырауындар шоуын қызықтағанымыздан бұрын уайымымыз көп болды. Адамға зияны тиіп кетпесе екен деп отырдық.
Таңқы шаян, медуза, каракатица, лобстер, сегізаяқ сынды теңіз жануарлары өте көп. Олардан түрлі тағам жасалады.
Тайландта пілдің терісінен жасалаған киім немесе әмиян сатып алыңыз десе, сенбеңіз. Себебі, бұл елде пілдің терісінен бұйым жасауға тыйым салынады. Әдетте оның терісін акуланыкімен алмастырады.
Көбелектер бағы ертегілер әлеміне енгендей әсер сыйлады.
Олар басымызға қонған сайын бақыт құсын ұшырып алмайық дегендей қозғалыссыз тұрдық.
Көбелектер мұражайына да бардық.
Көбелектермен бірге суретке түсу үшін өзімізбен бірге тәтті тағамдар алып жүрдік.
Тұрғындардың айтуынша, көбелектер жүрегі таза, көңілі ақ жандардың денесіне ғана қонады екен...
Оқи отырыңыз:
Сурет: Мassaget.kz
Қ. Бүйенбай