Менің Қытайдағы күндерім

Менің Қытайдағы күндерім

Сәлеметсіздер ме, Әлемтанудың сүйікті оқырмандары! "Саяхатты сүйемін" жобасы естеріңізден шықпаған болар... Ендеше, бүгінгі басты кейіпкеріміз – Массагет порталының блогшысы, белсенді қолданушыларының бірі Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері туралы қызықты әңгімелерін оқып шығыңыз.

Осы жылы жазда маған Қытай елінің Үрімжі қаласында өтетін бір айлық курсқа бару «бақыты» бұйырды. Әкем алты-жеті жыл сұранып, әрең дегенде бір айға жіберді. Қаншама грант, тіпті билетім де қолда болған шақта, сол сапар бұйырмай қоятын. Бәрі тіпті күтпеген жерден болды. Алматыдағы қытай елшілігінде бір ай кезекте  тұрып, әрең дегенде визамды жасаттым. Мектептен мен ғана едім. Қалғандары ЖОО-ның ұстаздары. Олар «сенен бұрын дайын боламыз, күтпейміз, студенттермен кел» деп еді, ақырында, мен бірінші дайын болып, оларды күтуіме тура келді. Қойшы, сөйтіп, өйтіп-бүйтіп барахолкадан жүретін Алматы-Үрімжі автобусына ұстаздар мен студенттер болып міндік. Төрт жыл оқығанымда, одан қалды Қытай еліне 3-4 жылға магистратураға тапсырғым келгенімде әкем қарсы болып, «бір аптаға да бармайсың» деп, жібермеген еді. Тіпті былтырғы жылы бір апталық курсқа әкеме айтпай жазылғанда да, бару-қайту билеті де келген кезде де айтпай жүріп, кетер сәтте әкеме айтып едім, ол кісі қатты ренжіді. Сөйтіп, бәрі дұп-дұрыс болып тұрған жерінен дайын құжаттардан кінәрат шығып, тіпті бір аптаға бара алмай қалғанмын. Әке, не ана тілегінсіз ештеңе болмасына көзім жетті. Биыл әкемнен сұранып, тілегін алып, барып қайттым. Сонымен, аз да болса өзге елдегі бір айлық сапарымды айтып берсем...

Бұрын соңды 7-8 сағаттан көп уақыт жол жүріп көрмеген маған кешкі сегізден келесі күннің түнгі біріне дейін жол жүру біршама ауыр болды. Автобуспен Алматыдан түнімен шығып, таңғы алтылар шамасында Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекетіне жеттік. Үш сағаттай екі бекеттен өтіп, өзге елдің топырағына аяқ бастық. Қытай шекарасынан өте сала, бірден тамақтанып алайық деген өтінішімізді тастамай, жүргізушілер өздері білетін ұйғыр дәмханасына апарды. Тазалығы көңіл толтырмайтын дәмханада, қарнымыз аш болғандықтан, лағмандарын жеуімізге тура келді.

Күні бойы жол жүргенімізде, расында, өзге елде жүргендігімді сезіндім. Ішкі Қытай болмаса да, басқа елдің аты басқа ел. Сөйтіп, сол күннің түнгі сағат бір шамасында Үрімжі қаласының Шынжаң педагогикалық университетіне жеттік. Қырғыз елінің азаматы, қазаққа ұқсайтын қытай тілінде судай аққан жігіт бізді жап- жақсы күтіп алып, жатақханамызға орналастырды. Үш ұстаз бірге, мен және құрбым екеуміз (ол да ұстаз) бірге бір бөлмеге орналастық. Керек-жарағымызды: кірші, аяқ-киім, тіс щеткасы, орамал әкеліп берді.

Ертеңгісі қызық басталды. Бөлмеміз тек іштен ашылатындығын, сыртынан итергенде, аша алмай қалғанымызда білдік. Кейіннен барып ұйымдастырушылар кілтімізді әкеліп берді. Сөйтіп, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы‎ның орталығы, оның саяси, экономика, мәдениет ордасы, жалпы жұрт саны 2 млн асатын, оның ішінде қытай, ұйғыр, дүнген, қазақ, моңғол, қырғыз қатарлы 47 ұлт өкілі бар, Қытайдағы ұлттар саны ең көп қалалардың бірі, моңғол тілінде «Көркем жайлау» деген мағынаны білдіретін - Үрімжі қаласының келбетімен таныса бастадық.

Жерасты су құбырлары жерге тым жақын болғандықтан ба, жағымсыз иіс қолқаңды алады. Ал, жалпы қаланы бір көре сала «неткен лас, ескі қала» деген ой ғана келді маған. Орталық жағы біршама өркендегені болмаса, көбінесе, ескі ғимараттар, ретсіз орналасқан сауда орындары, үйлер (маған солай көрінді) және құжынаған адам... Бізде орыстар қаншалықты көп болса, ол жерде ұйғырлар да соншалықты көрінді. Қазақтар да кездесіп жатты, бірақ ұйғырланып кеткендей. Тамақ карточкасын әлі бермегендіктен, тамақ іздеп қала аралап кеттік. Қыздар (ұстаздарды солай дейін) KFC жейік деген соң, соны іздей бастадық.

«Ана жерде, сәл жүріңіз, оңға, солға» деп жол көрсеткендердің айтуынша біраз жерге барсақ, ол жерде KFC жабылып қалыпты. Аһ ұрып, ары қарай «тентіреп» кеттік. Содан бір ұйғыр асханасына кіріп, өзімізше ұнатпай, одан соң екі сағат жаяу аралап, түк таппай, бір Қытай дәмханасына кіріп, қытайдың дапанджиіне тапсырыс беріп, иттей ұлыған ішімізге ащы тамақтың бір түйірі түскенде, көзімізден отымыз шығып, колаға тапсырыс бердік. Сөйтсек, коласы газы шығып кеткен, тәтті судай. Бірінші күніміз солай қаңғырып, ештеңе бітірмей, ештеңе таппай, аздап адасып  жатақханамызға қайтумен аяқталды.

Бір айлық курс бас-аяғы түгел жоспарланып қойғандықтан және сол кезде ұйғырлар көтерілісі болады деген қауесет әсерінен қалашықтан тыс ешқайда шыға алмадық. Арасына қырық минут, не екі сағат қана үзіліс қойып күнімізді түгелдей жоспарлап тастаған ұйымдастырушылар. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген қытай тілінің ұстаздарына арналған курс салтанатты түрде ашылды да, сабақтар басталып кетті.

15 қабатты ғимараттың 15-қабатында тұрдық та, 5 қабатында сабақ оқыдық, тамақ іштік. Таңғы сағат 9.30-да сабақ басталады (біздіңше, 7.30) және 22.00-де аяқталады (біздіңше, 20.00). Үрімжіде күннің шығу-батуы, ауа-райы дәл Алматыдай болғанымен, бүкіл қала Бейжің сағатымен жүретін болып шықты. Сабақ-үзіліс-сабақ-тамақ-сабақ-«ұйықтау»-сабақ-тамақ, не ұйықтау-сабақ-кино көру. Осындай тәртіпте өтті күндеріміз. Қалашық түгелдей қажеттіліктермен қамтылған. 15 қабатты ғимаратта шетелдіктер тұрады, оқиды. Ал өз елдерінің студенттері жан-жағындағы ғимараттарда тұрып, оқиды. Қалашықта кітапханасы, мұражайы, дүкендері, дәмханалары, спорт алаңы, қысқасы, ешқайда шықпай-ақ осы қалашықтай оқи беруге болатындай мүмкіндіктер жасалған. Бастапқыда осыған бағындық, бірақ келесі аптада мұғалімдерге сәл үйренісіп, кімнің қандай екенін білген соң, сабақтан қашу басталды. Онда да кезекпен қаштық. Әйтпесе, топта бар болғаны он шақты адам болғандықтан (тілді білу деңгейімізге қарай топтарға бөліп тастаған, біз қытай тілін жақсы білетіндер тобы болдық), орнымыз ойсырап қалатынын білдік. Сонымен, қашу барысында ең әуелі қаланың атақты деген базарларын шарладық. Үрімжіде youhao, dashimer, xiaoshimer, da ba, binzhiang деген елге мәлім базалары бар екен. Соларды түгелдей аралап, саудаласуды әбден үйреніп алдық десем, өтірік емес.

Ал, курсқа келсек, өте жақсы өтті! Сабақ өз уақытында өтеді. Тіпті бір ғана адам болса да, мұғалім сабағын өтеді. Және бір қызығы түскі асқа дейінгі үзілісте дәлізге қарбыз бен қауын турап қояды. Бізден бұрын шығатын тәжіктер мен қырғыздардан түк қалмайтын болды да, келесі күндері қарбыз кесілетін уақытты аңдып тұрып, бірінші барып алатын болдық. Барғаннан кейін бірнеше күннен соң ораза басталып, топта екі қыз ауыз бекіттік, сондайда қарбызды кесіп жатқан адамнан жартысын кестірмей, жылдам бөлмемізге апарып қоятынбыз.

Бір қуантқаны бағдарлама жоспары курс бойына қытайдың тілін, мәдениетін, әдебиетін, музыкасын, сурет өнері, у-шу өнері, қысқасы, барлығын қамтуға тырысқан.

У-шудан сабақ берген ұстазымызбен. Қазақстанға сапармен кетіп барамын деп, кейінірек болу керек сабағын ертерек өткізді. Кейін маған Қазақстан ұнайды деген ыстық ықыласын танытып, бізді сыйлайтын болды, тіпті, Қазақстандағы бір университеттің фтуболкасын киіп келіпті(университет атын ұмыттым). 

Оқу сыныбымыз. Сурет сабағы. Төмендегі суретке әбден күлген едік. Қолым онсыз да ұзын еді. Мына суретте дәл қолым түстісін таңдап... Қысқасы, ұққан боларсыз...


Қытай тілінен ашық сабақ өткізуден жарыс өтті. Елімізде қытай тілінен сабақ бермесем де, мен де қатысып, 24 адамның ішінен ынталандыру қағазын алдым.

Бағдарлама бойынша Университеттің мұражайын, Қызыл тау атты Үрімжінің атақты көрікті жерін, буддистік шіркеу төбесінде орналасқан әлемдегі ең биік мүсін болып саналатын 128 метрлік Будда мүсіні бар мәдени орнын, жақсы деген дәмханаларын аралатты.

Будда мүсіні орналасқан тауға шыққан кезде...


128 метрлік Будда мүсіні…


Бала көрмегендей, қытайдың кішентайын көріп, бәріміз суретке түсіріп алдық... Шынымен сүйкімді ғой, иә?


Діни сенімдеріне орай әртүрлі мүсіндер, «құдайлары» сатылатын дүкенге де бас сұқтық. Ештеңе алмасақ та, қарап шықтық...

«Түсіруге болмайды» дегендеріне қарамастан, шіркеулерінің ішін де түсіріп алдық. Біртүрлі. Суретшілер үй секілді..

Осы сапар барысында мені таң қалдырған дүниелер көп болды. Дальтонизммен тек ерлер ауырады деуші еді, бірақ әйелдердің киімдеріне қарап, олай емес пе деп қалдым. Себебі, бір адамның өн бойында барлық түс кездеседі. Ашық жасыл кофта, қоңыр юбка, қара аяқ киім, сары сөмке және шашына көк бантик тағып алғандары да кездесті! Рас айтамын! Дәл солай аралас киіне береді екен. Өзімді талғамсыз деуші ем, оларды көріп, ол ойымнан айныдым. Тойда немесе жалпы көз қырын да салмайтын аяқ киімдерді күнделікті киетіндерін көргенде... Барлығы тойға бара жатыр ма деп ойлап қаласың. Сауда жасағанда, 160 юаньның (4000 теңге) сөмкесін 30 юаньға (750 теңге) алғанымда, таңданысымда шек болмады. Айта берсе көп.

Тамақ карточкасы арқылы қалашық ішіндегі кез келген жерден тамақты тегін ала алатын едік. Ораза болғандықтан, алдын ала тамақ алып қоятынмын бөлмеге. Оны ысытатын жер жоқ, сондықтан, суық тамақ жеп, суық су ішіп жүрдім. Кетер кеткенше солай болды.

Барлығымызға тілек тілеп, біз оларға алғыс айтып осындай курс үшін, салтанатты түрде жабылған курсымыз аяқталды. Сурет сабағынан салған бетпердем университетке естелікке қалды, жақсылар қатарына қосып қойыпты. Алуға болмайды деді. Бірақ жабылу салтанатынан соң, «ұрлап» кеттім...

Үрімжіден мың киллометр қашықтықта орналасқан Моңғол күре ауданына қарасты, Ақдала ауылында тұратын атамның інісінің үрім бұтағы бар еді. Қазақстанда атамнан әкем ғана, ал Қытайда атамның інісінен тек бір ғана бұтақ қалған екен. Сол кісіні, туыстарды көру - Қытайға келгендегі орындағым келген бір арманым еді. Виза уақыты төрт күндей ғана қалған болатын. Әкеме қоңырау шалсам, «барма, визаң жабылып қалса, қайта алмай қаласың» деп шырылдады. 26-сы күні жанымдағылар Алматыға, ал, мен Моңғол күреге бір өзім автобусқа тәуекел деп отырып кеттім. Шетелге бірінші рет шығуым. Жанымда ешкім жоқ. Аллаға тәуекел деп, белді бекем буып, көзді тарс жұмып, «бауырым» деп кеудеді соғып тұрған кішкентай жүрекке сүйеніп, жолға шықтым...

18 сағаттай жүріп, Тоғыз тараудан асып, Текес, Ұзынбұлақтан өтіп, Моңғол күреге келдік. Жол бойы бір қазақ кісі елді мекендерді, тау тасты таныстырып келді. Текес деген аудан орталығының ерекшелігі есімде қалыпты. Текесте негізгі сегіз көше бар екен. Қайсысымен жүрсең де, барлығының түйісетін жері орталықта тұрған ескерткіш екен. Сегіз көше де бір жерге алып келеді екен. Адаспайсың.

Бізде ауыл арасы 15-20 минуттай болса,  мұнда аудан орталықтарына баруға осынша ғана уақыт кетеді екен.  Тым тығыз. Қытай аты болмаса, дәл қазақтың жеріндей жерлерден өткенде, тіпті трассаның тұсына дейін қоршалғандығын көріп, жердің тапшы екендігін ұқтым. Сөйтіп, Ақдалаға жетіп, туыстармен қауыштым.

Дадамыз (осында қалған бір бұтақ - әкемдей кісіні әке демей, осылай атайды екен мұндағылар) «әкешім, көкем, елім, жерім, бауырым» деп маңдайымнан мың қайтара сүйіп, жылап қарсы алып, жылап шығарып салды.

Ауылдан жарты сағаттық жердегі әкем туылып, жеті жасына дейін өскен қыстауына мотомен барып, дәл әкемнің туған тамынан топырақ әкеліп бердім.

Әкем туған қыстау... Әкем сұраған «туған жердің бір уыс топырағы» қолымда...

Әкеме жеткізіп, суретін көрсеткенде, 53 жыл бармаған туған жерін сағынғанын сездім. Іздеп келгеніме қатты қуанған дадамыз бар алғысын айтып шығарып салды. Құлжаға түнделетіп келіп, ертесі Қытай шекарасына келіп, бес сағат дегенде әрең қазақ даласына өттік. Сондағы бір байқағаным, Қытайға өтерде екі сағат, Қазақстанға өтерде бес сағатқа айналдық. Қазақтардың шынында да асықпайтынына тағы көзім жетті.

Шекарадан өттік дегеннен бастап-ақ менің кеудемде әлдебір бостандық, әлдебір қуаныш орнады, шынымды айтсам. Туған елдің aты туған ел екен. Қоршалған ен дала, тығыз халық, бір-біріне сүйкене салынған үйлер, жылап қалған дадамыз бен бала-шағасы... Расында да, бодандықта жүргендей Қытайдағы қазақтарым... «Ендігі жылы келеміз, Алла сәтін салса. Еліме барып өлсем, арман жоқ. Көзім тірісінде мына жүгермектерді (балалары, немерелері) еліне өткізбесем, мыналардың барлығы қытай болып кетеді...» деп айтқан дадамның сөзі әлі де құлағымда...

Адамдар қала ішінде көлікке қарағанда мотоциклмен көп жүреді екен. Жеке көліктегілер жаяу жүргінші жолына көңіл аспай, тіпті көлденең жолақтан өтіп бара жатқанында қағып кетуі мүмкін, ағылған көліктерден өзің «бірдеңе қылып» өтесің. Жалпы, көшелердің қақ ортасында 3 юань (75 теңге) тұратын жер бетіндегі метро – BRT бар, адамдары айғайлап сөйлейтін, «йешы» деп аталатын түнгі көше базары мен түнгі тамақтар саудасы бар, киімдерін үтіктеместен қыж мыж қылып, әдемі той көйлекпен крассовки киіп алатын, төрт қабатты кітаптар, алты қабатты аяқ киімдер сататын дүкені бар, қысқасы, қытайлықтар үшін әдеттегі, мен үшін қайтып келер-келмесі беймәлім қала маған ұнады. Бір айымызды тәмамдап, тиісті сертификатымызды, естелік сыйлықтарымызды, суретті журналымызды алып, кураторымызға жүн шұлық (следик) тоқып сыйға тартып қайттым. Осылайша, өмірімдегі ең алғашқы сапарымда керемет әсер алып, туған елдің, жердің қадірін ұғып, туыстарды, қазағымды, адамдарды одан бетер бағалай бастадым...

«Барыңды барында бағала...» дегенді тағы да ойыма алдым...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Мақпал Сембай

Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері

Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері

Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері

Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері

Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері

Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері