- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Менің Тайландтағы күндерім...
Менің Тайландтағы күндерім #2
Тайланд еліне саяхатымды баяндаған алғашқы жазбамда Angsana Laguna қонақ үйіне тұрақтағанымызды айтқан едім. Қызметкерлер 14 адамның құжатын реттейміз дегенше ылғалды ауаға бойымыз үйреніп, отырған жерімізде маужырап кеткен екенбіз. Бірі – 1,5 сағаттан соң асхана ашылатындығын айтса, екіншілері – салқын бөлмеге барып ұйықтағысы келгендерін баяндауда. Ұшақтан кейін қатты шаршағандықтан, ұйықтап алуды ұйғардық. Қонақ үй қызметкерлері шабаданымызға бөлмеміздің нөмірін тіркеп алып, әрқайсымызды өзіміздің бөлмемізге жеткізді. Олар болмағанда, лабиринтке ұқсас Angsana Laguna қонақ үйінің ішінде бөлмемізді таба алмай, адасып жүретін едік.
Он минуттан соң әкелген шабадандарымызды бөлмеге әрең кіргізіп, күн сәулесі жүзімізге түсіп оятпасын деген ниетпен терезені қымтап жаптық.
Түс көріп кеткен екенмін. Ырымшыл халықтың ұрпағы болғандықтан, оны тек жақсылыққа жорыдым. Бірде бейтаныс дауыс «Қарлыға, тұрайық!» деп оятып жатты. Салқын ауадан барынша ләззат алып жатқан жерімнен көзімді аштым. Көзім жақын маңайдан еш нәрсені шалмады. Тек дауыс естіледі. Үйде болғанымда әкем келіп оятатыны есіме түсіп, бейтаныс дауыс екенін бірден білдім. Осыған дейін бірнеше рет қана естігендеймін. Осылайша жатқанымда жанымдағы әріптесім терезенің пердесін ашты. Бөлмеге жарықпен бірге қуаныш та кіргендей болды.
Айналамдағының барлығы «Ертегі әлеміне хош келдің!» деп сыбырлап тұрғандай күй кештім.
Алғашқы күні Патонг, Карон, Ката, Ката Ной, Краби сынды жағажайларға барып бой жаздық. Жол жөнекей Джеймс Бонд аралын да көрдік. Осылардың ішінде ерекше әсер қалдырып, келесіде қайтып келсем деген ой қалдырған Карон жағажайы болды.
Бағыттаушымыз қайыққа отырмас бұрын түрлі ереже түсіндірді. Бірін ескерсек, енді бірде сөзін жылдам бітірсе екен деп тіледік. Өйткені, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс жағажайға асыққан едік.
Бізді жол бойы фильмге түсіріп, артынша 600 сурет ұсынды. Фильмнің сюжетіне сәйкес құтқаратын жакетті қайыққа дейін ғана киіп бардық. Әр кез тоқтатып, рөлімізді әртістерше ойнауды өтінді.
Тайланд елінде жеке бизнесіңізді ашқыңыз келсе, сусын мен күннен қорғайтын май өндіріңіз. Жол бойы біз жағып, ол денемізге сіңбей әуре болды. Күннің қатты ыстығының салдары болар.
Bounty шоколадының жарнамасын көргенсіз бе? Дәл жарнамадағыдай ағашқа әткеншектер ілінген.
Қайда барсам да, арманымды еске түсіретін оқиғалардың болатынына қуанамын. Барған жағажайымыздың шетінде биік шың бар екен. Ол шыңға барлығымыз жалаңаяқ шықтық. Бір қызығы, ешқайсымызға аяғым тайып кетер деген ой келмеген екен. Шыңның ең биік нүктесіне жеткен кезде армандарымызды айтып, бір шеті көтеріліп тұрған тастың астына таяқша қойдық.
Әлімжан есімді әріптесіміздің коптерімен суретке де түстік.
Түскі асқа түрлі тағам ұсынды. Бірақ, Тайланд тағамдары туралы сәл кейінірек баяндап беремін.
Шыңнан түскен соң қалың джунглиге кіретін болдық. Бағыттаушымыз: «Шаяндарға тиіссеңіздер, қолдарыңызды қыршып алар. Мен сіздерге саусақ тауып бере алмаймын», - деп қалжыңдады.
Өзім экзотикалық жануарлардан қатты қорқамын. Осы аймақта жыландардың адамша өріп жүргенін көрген кезімде жүрегім сыртқа шығып кетердей болды. Өзің тиіспесең, олардың да шабуыл жасамайтынына көзім жетті. Біз секілді саяхаттаушылар түсіне қарап Beeline деп атайды екен. Мұнымен қатар, джунглиде кобра мен анаконданың болатындығы туралы да айтылды. Бір тұрғын анаконданы осыдан 4 жыл бұрын көрген екен.
Тайландықтардың тұрмысы жануарлармен сіңісіп кеткендігі соншалық, оқыс жағдайларға арналған ауруханалар жоқтың қасы. Көзім саяхаттаған 10 күннің ішінде бірде-бір аурухананы шалмады.
Ал енді жағажайдың табиғатына оралайық. Мамандығым филолог болса да, маркетология саласына аз-мәз қызығып, жарнамаға сенбеу керектігіне көзім жетті. Бірақ, сіздерді бұл жағажайдың табиғаты әлем кереметтерімен пара-пар екеніне сендіргім келеді.
Жағажайдың шетінде отырсам, бір нәрсенің денемді сипап өткенін сездім. Денеме жылан тиіп кеткендей болды. Мөлдір суға қарасам, мені қоршап түрлі-түсті балықтар жүзіп жүр екен. Оларды қызықтап біраз отырдым.
Тұзды су адамды батырмайтындықтан, қауіпсіздік туралы көп ойланбайсыз.
Осы жағажайға ат басын бұрмас бұрын, дайвинг болған еді. Қажет құрал-жабдықтарымызды киіп суға түстік. Алғашында су бетінде қалқып жүріп, артынша су астына үңілдім. 20-30 метр тереңдіктегі су ішінде тасбақалар мен түрлі балық жүзіп жүр екен. Оларды ажыратамын дегеніңізше зу етіп өте шығады. Мұнымен қатар, әрдайым адам баласына жанашыр болып жүретін дельфиндерді де көрдік.
Бізді ләззатқа бөлеген серуенімізден қайтып келе жатқанымызда «Шіркін, әрбір отандасым осы жерге келіп демалса екен!» деп армандадым. Әрине, талғамға талас жоқ. Лайым арманым орындалсын деп тілеймін!
Адамды алға жетелейтін, биік шыңдарға шығаратын – арман. Сол себепті, армандаудан еш жалықпаңыздар!
Оқи отырыңыз:
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай