XXI ғасыр ертегісі: ханзада Гарри үйленеді

XXI ғасыр ертегісі: ханзада Гарри үйленеді
Фото: vk.com

Ханзада Гарри мен актриса Меган Маркл ресми түрде үйленетіндерін хабарлады. Бұл ақпарат Ұлыбритания патшалық отбасының твиттер желісіндегі парақшасында пайда болды. Той 2018 жылдың көктемінде өтеді.

Патшалық баспасөз қызметі жастардың тойға дейін Кенсингтон сарайында тұратынын хабарлады. Екі жастың бас қосуына қыздың ата-анасы мен ханзаданың әжесі II Елизавета келісімдерін берген.

36 жастағы актриса Меган Маркл мен 33 жасар ханзада Гарри күні кеше ғана осы ақпаратты ресми хабарлау үшін журналистермен кездесті. Бұл шараға патшалық отбасының жаңа өкілі нағыз ақсүйектерше  ұстамды болса, жоғары талғамды киімде шықты. Меган киген элегантты Line the Label брендінің ақ пальтосы, Parosh миди-көйлегі мен Aquazzura аяқ киімі де сән сыншыларының көңілінен шықты. Бірақ, көпшіліктің көзі қалыңдықтың саусағындағы бриллиант жүзікте болды.

Гарридің жалғыз ағасы Уильям мен жеңгесі Кэйт олар үшін бақытты екенін айтып, Меган патшалық отбасы мүшелерін тәнті еткенін атап өтті.

Журналистермен болған кездесуде түсірілген суреттермен қоса, Британиялық арналардың бірінде жас жұбайлар теле интервью берді. 

А. Оралқызы