Жетісудың жеті өзені: Іле

Жетісудың жеті өзені: Іле
Фото: yandex.kz

Іле – Балқашқа құятын өзендердің ең үлкені, Жетісудің ең ірісі. Тянь-Шань тауларынан, Текес пен Күнгес өзендерінің қосылуынан пайда болған. Ұзындығы – 1469 шақырым. Қытайдың Шыңжаң ауданына бастау алатын бұл өзеннің 815 шақырымы Қазақстанда жатыр.

Өзен мұздықтармен, жерасты суларымен толығады. Өзеннің 70 пайызы Қытай аумағында, қалған 30 пайызы Қазақстанда қалыптасады. Ағысы жайлы, кең, жағасы аласа. Іле өзені бойында Қапшағай бөгені салынған. Су қойманың ұзындығы 70 шақырым, ені – 5 шақырым.

Түрген, Қаскелең, Талғар, Күрті, Шілік, Нарын, Өскен, Қорғас сынды сілемдері бар. Жиделі мен Топар өзендері Іле арнасының басты су тамыры саналады.

Өзен балыққа бай, атырауында ондатр ауланады. Кезінде ондатр шаруашылығы болған. Жағасында қамыс көп, тоғайлы. Қаз, үйрек, тұрпан, дуадақ, аққу, тырна, тау және дала шілі сынды құстар тараған. Ал қамыс пен тал өскен жерлеріне қырғауыл жүреді, қаршыға ұя салады. Жайын, сазан, шортан сынды балықтар көп.

Іле маңы жоталары мен тауларында марал, таутеке, тау ешкі, арқар жайылады. Кезінде Іледе жолбарыс болған деген аңыздар бар.

Іле – Қазақстандағы тарихи-табиғи ескерткіштерге бай өлке. Шарын шатқалы мен оның бойындағы тауларда көне таңбалар мен қорғандар, тас мүсіндер бар. Әнші құм, Алтынемел ұлттық саябағы, Кербұлақ сияқты қорық орналасқан.

Іле – қазақ жерінде алғаш жүк тасымалы ашылған өзен саналады. Іле атты порт-кент болған. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстан мен Қытайдың арасында тауар тасымалданған.

«...Іле арқылы өтетін өткелді... Албан руының қазақтары ұстап тұр..., жалпақ түпті қайықпен өтеді. Өткізу тәсілі бүкіл Шығыс үшін бірдей: қайық аттың құйрығына байланып, олар сүйреп шығарады.  Қайық өте ескі, қайықшының бірі қайықты басқарып отырса, басқалары киізбен жамалған тесіктерден кірген суды сыртқа төгумен болады» деп жазады Шоқан Уәлиханов.

Іле атауы қайдан шықты?

Көптеген ғалымдар Іле гидронимінің негізінде іл/ыл «су» көне түбірі жатыр деп есептейді. Мысалы, Есіл, Еділ, Ойыл, Қиыл, Тобыл секілді гидронимдер құрамында кездесетін географиялық атау.

Бұл – белгілі бір топонимдерді қалыптастырудың типтік белгісі болғандықтан, ыл/іл көне гидрографиялық терминінен Іле атауы қалыптасқан деген пікірге келсек болады. Осыдан Іле Алатауы, Ілебасы сынды атаулар қалыптасқан. Қытай жазбаларында Іле өзені «Или» немесе «Или-гол» атауымен кездеседі. Ал Балқашты «Жо-хай» көлі деп атаған.

Жетісудың жеті өзені: Қаратал

Жетісудың жеті өзені: Лепсі

Жетісудың жеті өзені: Көксу

Қ. Слямбек