"Ұлы Балқаш шақырады": Мұз айдында көкжиекті бетке алғандар

"Ұлы Балқаш шақырады": Мұз айдында көкжиекті бетке алғандар
Фото: Ернар Алмабек

14-16 ақпан күндері Балқаш көлінің мәселесіне ел назарын аудару мақсатында "Ұлы Балқаш шақырады!" атты шара өтті.

Қысқы Балқаш көлінің мұзымен жүріп өту жобасын биыл екінші рет Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) ұйымдастырып отыр. Жоба халыққа "Ұлы Балқаш шақырады!" атауымен таныс.

Шараға қатысушылардың арасында еліміздің белсенді тұрғындары, білім, ғылым, мәдениет, спорт және қоғам қайраткерлері болды. Олардың ішінде белгілі қазақстандық альпинист, Қазақстан альпинистер құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаев, AlmaU президенті Асылбек Қожахметов, белгілі кәсіпкер, "Сеймар" компаниясының негізін қалаушы Марғұлан Сейсембай, "World Class Almaty" фитнес-клубының бас директоры Валихан Тен, кәсіпкер Тимур Худайбергенов, ALMATYBROTEAM вело-қоғамының негізін қалаушы Андрей Линник, "Адам және шөл" экспедициясының қатысушысы, саясаттанушы Дос Көшім мен Effective Media Liaison компаниясының директоры Сұңқар Қарабалин бар.

Ұлы Жібек Жолы кезеңінен тарихи, мәдени-этнографиялық, экономикалық маңызы ерекше болған Балқаш көлінің қазіргі уақытта құрғап кету қаупі бар. Зерттеулерге сүйенсек, көлдегі су деңгейі 1970 жылдан бері төмендей бастаған. Оған жаһандық жылынудан бөлек, Балқашқа құятын өзен суларын экологиялық тұрғыдан тиімсіз пайдалану әсер еткен. Су деңгейінің төмендеуі құрғашылық пен шаңды дауылдың жиі тұруына әкеп соққан. Сондай-ақ көл маңындағы өндіріс орындарының суды ластауынан келер кесір аз емес. Егер уақытылы шара қолданылмаса, Балқаш Арал теңізінің тағдырын қайталауы ықтимал дейді ғалымдар. 

"Ұлы Балқаш шақырады!" шарасының мақсаты – көл экологиясының бүгінгі мәселесіне халықтың назарын аудару және ішкі туризмді дамыту. Былтыр осы шараға еліміздің әртүрлі аймағынан 50-ден астам адам қатысса, биыл қатысушылар саны екі есе артып отыр. Бұл халықтың экология мәселесіне, Балқаш көлінің жағдайына бей-жай қарамайтынын білдіреді. Қатысушылар 7 қаладан келген. Ұйымдастырушылар, құтқарушылар мен еріктілерді қосқанда, жалпы, 100-ден астам адам жиналды. Оның ішінде Қызылордадан 1200 шақырымды көлікпен жүріп өткен отбасы, ақтаулық саяхатшылар және 5 жасар баласын ертіп келген ерлі-зайыпты болды.

Айбек Баширов, қатысушы:

Біз Балқашқа отбасымызбен келдік. Ұлымның мұндай шараларға дайындығы жақсы. Өйткені, әр демалыс сайын бірге тауға шығамыз. Сол арқылы апта бойы менсіз өткен уақытының орнын толтыруға тырысамыз. Ол өте белсенді, жаңа саяхатты асыға күтеді, қыдырғанды ұнатады.

"Ұлы Балқаш шақырады!" экспедициясы өткен жылы басталған. Былтыр бара алмай, биыл міндетте түрде қатысамын деп өзіме уәде еттім, - дейді Massaget, Vesti және Tengrinews сайттарының басшысы Сұңқар Қарабалин, – Ұйымдастырушылар алдын ала қажетті құрал-жабдықтардың, киім-кешектің тізімін берді. Соған қарап дайындалдым. Әрине, бірінші рет қатысқандықтан кішкене қобалжыдым. Дегенмен бәрі ойдағыдай өтетініне сенімді едім. Оның үстіне қатысушыларды төтенше жағдайлар қызметкерлері бақылап жүрді.

Сапар кезінде түсінгенім, кең-байтақ жерімізден әлемнің "жеті кереметін" де кездестіруге болады. Алайда жолдың болмауы, инфрақұрылымның нашарлығы, оны қойшы, дұрыс дәретханалардың кездеспеуі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бір жағынан туристердің көп болуы табиғатқа кері әсерін тигізе ме деп ойлайсың. Себебі, елімізде туристік мәдениеттің қалыптаспауынан әдемі табиғат орындарына қауіп төнетін секілді. Дегенмен соңғы уақытта "жабайы туризм" – жолы, қонақ үйі жоқ туристік бағыттар танымал болып келеді. Шетелдік туристер табиғатпен жеке қалып, бағыттарын өздері құрғанды ұнатады.

Шараға келгендер өзара 9 командаға бөлінді. Бұл мұзға бір уақытта көп адам топырлап шықпау үшін және қатысушыларды өзара жарыстыру арқылы уақытты қызықты өткізу үшін жасалған амал еді. Ережеге сай топтарға бір басшыдан тағайындалып, әр адамға 12 немесе 24 шақырымдық екі қашықтыққа жүру таңдауы берілді. Әркім шамасына қарай таңдау жасағаннан кейін 9 команда арасына 3-4 минут салып жолға шықты.

Айта кетерлігі, әр 6 шақырым сайын кішігірім лагерьлер құрылып, қатысушылар ыстық шай мен жеңіл-желпі тамақ ішті. Бірінші лагерьден кері қайтқандар да болды. Олардың дені 12 шақырымдық қашықтықты бағындырамын деп таңдау жасағандар еді.

Әрине, мұндай шараға қатысу үшін аз да болсын дайындық қажет. Ең бастылары: жылы әрі жеңіл киім, жүруге ыңғайлы етік, мұз үстінде тайғанақтамау үшін табанға киілетін темір тырнақ және физикалық жағдайдың тәуір болуы.

Бірақ келушілерді киіміне немесе физикалық жағдайына қарап ешкім алаламайды. Өйткені мұндағы басты мақсат – жеңімпаз атану емес, таңдаған қашықтықты аман-есен жүріп өту. Мұнда мұз үстіне шығып, өз күшін сынап көргеннің бәрі – жеңімпаз!

Егер қатысушының қашықтықты жүріп өтуге шамасы жетпей жатса немесе денсаулығы сыр берсе, төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметкерлері көмекке келеді.

"Ұлы Балқаш шақырады!" шарасының авторы Асылбек Қожахметов:

— Осы шара арқылы Қазақстанның жаңа дәстүрін қалыптастырып жатырмыз. Негізгі идеямыз — салауатты өмір салты және Қазақстан жылдың қай мезгілінде де әдемі екенін көрсету. Мұнда келген жанның бәрін жеңімпаз десем, қателеспеспін. Осындағы көңіл-күй, рух әр қатысушының бойында жыл бойы сақталса екен деген тілегім бар.

Әрине, мұз үстімен жүретінімізге күле қараған жандар болды. Бірақ, соның ешқайсысына қарамастан біз бүгін осында жиналдық. Сол арқылы жақындарымызға үлгі көрсете алдық деп ойлаймын. Өмір — қызық, сан қырлы. Тек бір жұмыспен, қарабалас тіршілікпен шектелудің қажеті жоқ. Осындай шараларға қатысу арқылы өзіңді танисың, дамисың және өмірдің мәнін түсінесің.

Марғұлан Сейсембай, бизнесмен:

Халықтың назарын Балқаш мәселесіне аудару үшін осы шараға қатысуды жөн деп шештім. Жалпы, Балқашқа жиі келетін жандардың қатарынанмын. Соңғы жылдары бұл маңда біраз өзгеріс бары байқалады. Кейінгі кезде жабайы аңдар азайып, суы төмендеді. Бірақ Балқаштың маңында тұратын ақсақалдың айтуынша, көл әр жеті жылда бір көтеріліп, бір түседі екен.

Балқашқа кеп құятын Іле өзенін тиімсіз пайдаланып жатырмыз. Басқа өзендерді де жергілікті шаруалар күріш өсіруге пайдаланады. Осының салдарынан судың мөлшері азайып кетті. Балқашты сақтап қалу үшін күріш өсіру технологиясын жетілдіру, не күріш өсіруді мүлде тоқтатып, шаруаларды басқа жұмыспен қамту дұрыс па деп ойлаймын.

Ернар Алмабек, Massaget.kz порталының фотографы:

Қазақстан суы тапшы мемлекеттер қатарына кіреді. Ол аз судың өзі өңірлерге біркелкі таралмаған. Әсіресе, шалғайда жатқан ауылдардың жағдайы қиын. Деректерге сүйенсек, су қоры жыл өткен сайын азаюда. Үлкен өзендеріміз Ресей, Қытай мен Өзбекстаннан ағып келетінін және ол елдерде өндіріс пен шаруашылық дамып жатқанын ескерсек, болашақта жағдай қиындамаса, жақсырмайтын сияқты.

Балқашты мысалға алайық. Көлемі жағынан әлемде он төртінші орында тұрған көлдің қазіргі халі нашар дейді экологтар. Егер дер кезінде әрекет етпесек, ол Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін деген қорқынышты болжам бар. Арал теңізін толықтай айналып, 20 күн зерттеген экспедиция құрамында болдым. Суы тартылған теңіздің түбіне қонып, уақыттан жаңылып, әбден шаршаған едім. Кеше Балқашта қатқан мұздың бетімен жүріп бара жатып сол күндер еске түскені. Теңіздің түбінде жүргеннен, мұздың бетімен жүрген әлдеқайда қорқынышты екен. Алайда біріншісіне қарағанда, екіншісі жаныма жайлы көрінді. Аяғыңның асты сор емес, су екенін білгеннің өзі ерекше әсер сыйлайды, санаңа сенім ұялатады.

Бүгінде әлем халқының 40%-ы тұщы су тапшылығынан зардап шегіп отыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 67%-ға дейін өседі деген болжам бар. Яғни сол уақытта Жер бетіндегі 5 миллиард адам таза су ішу мүмкіндігінен айырылады. Климат өзгеріп, тұрғылықты жерінің өмір сүруге жарамсыздығынан үйін тастап, жайлы орын іздеп жүрген босқындар жыл сайын көбеюде. Адамзат бір кезек өзін емес, табиғатты да ойласа болар еді...

 
А. Рысдәулет