Таңбалы тас – ел туризмін әлемге танытатын тарихи жәдігер

Таңбалы тас – ел туризмін әлемге танытатын тарихи жәдігер
Фото: Ардақ Құлтай

Алматы облысында орналасқан "Таңбалы тастан" қола дәуірінен бергі 5000-ға жуық таңбалар табылған.

Қазақстанның түкпір-түкпірінде қараусыз қалған табиғаттың ерекше туындылары шашылып жатыр. Табиғаттың бұндай тылсым дүниелері адамның қамқорлығына зәру. Зәру деп айту да ағаттық болар. Бұл табиғаттың жаратылысы жоғалғысы келсе, бір күнде-ақ жоқ боп кете алады. Тек адамға оның бар болғаны керек. Себебі, олар біздің ата-бабамыздың тұрмысын, өмір сүру салтын көрді. Тарихи жәдігерлер – бабалар мен ұрпақтар арасын байланыстырушы. Өткен заманның жаңалықтарын айтатын хабаршы. Тек сол жаңалығының жұмбақтары өте көп.

Туристік саланы 2020 жылға дейін дамыту мәселесі алға қойылғалы бері еліміздегі қараусыз қалған туристік аймақтарға көңіл бөлініп келеді. Көбіне, тарихи жәдігерлердің халықтың назарынынан тыс қалуы, туристер санының аздығы атаулы нысанға апаратын жол сапасының төмендігіне байланысты. 2017 жылы сапалы жол рейтингінде 137 елдің ішінде 115 орынға тұрақтаған біздің еліміздің көрсеткіші жоғарыда айтылған әңгімені толықтай қуаттайды.

Алматы қаласынан 170 шақырым жерде орналасқан «Таңбалы тас» қола дәуірінен бергі біршама тарихты жасырып жатыр. Толығырақ айтар болсақ, Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарабастау ауылының Таңбалы шатқалында орналасқан бұл тастарда 5000-дай таңба бар. Тасқа қашалып жазылған бұл таңбалардың жалпы аумағы 3800 гектар жерді алса, соның 9 гектары аса маңызды тарихи орын. Жартастағы таңбаларды ең алғаш 1977 жылы Анна Максимованың жетекшілігі бойынша жүргізілген экспедиция кезінде зерттеген. Суреттерде жабайы аңдардың түрлері көп кездеседі. Бұғы, өгіз, қасқыр, жылқы, құлан, тауешкі бейнелерінен бөлек, шайтан бейнесіндегі адам, бетперде киген садақшы сияқты кескіндемелер де кездеседі. Суреттегі аң бейнелеріне қарап, кескіндемелерді салған қауымның негізгі күнкөріс көзі аңшылық болғанын аңғарамыз. Бұл бейнелер үлкен көлемде және терең қашалғандықтан көзге анық көрінеді. Бұл таңбалардың арасындағы өгізге мінген күн басты құдайлар, буаз сиырдың бейнелері күрделі композициялық туындыға жатады. Ал, бұл суреттерге бірнеше уақыт өте қосылған ту ұстаған атты әскер, тайпа таңбалары, әскери арбалар, түйеге жегілген жүк арбалардың көрінісі бұл тарихи аумақтың маңыздылығын одан сайын арттырып тұр.

Қазақтың тарихы жоқ деп жүрген орыстар да Кеңес Үкіметі тұсында аумақты сақтауға, қорғауға қарсы болған. Есесіне, жәдігерлерді жоғалту, өшіру саясатымен бұл маңайды әскери сынақ алаңына айналдырған. Қай салада болсын солақай саясаттың жүзеге асуынан бүгінгі күні ақсаңдап тұрған құндылықтарымыз Тәуелсіздік таңы атқалы қайта жанданып келеді. Уақыттың, кейбір геологиялық апаттардың салдарынан кей суреттері өшуге айналған Таңбалы тасты келешек ұрпаққа барынша өз қалпында табыстау бүгінгілерге аманат.

Елімізге келетін шетелдік туристерді бұл аймаққа тарту арқылы Қазақстанның әлемдегі танымалдылығын одан әрі арттыруға болады. Қазіргі уақытта әлемдік қоғамда еліміздің жаңа 100 есімі жарыққа шығып келе жатыр. Қазақстан деген елді естіген шетелдіктердің есіне бірден Головкин, Илья Илин, Димаш Құдайбергенов сияқты есімдер түседі. Таңбалы тас арқылы да әлемді өзімізге қаратуға болады. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы дерлік тарихи жәдігерлерді бағалайды. Қазақтың сайын даласының әр бұрышында қараусыз шашылып жатқан жәдігерлерімізді қорғап, әлемге таныта алсақ қазақтың тарихы жайлы жоққа шығарулар болмас еді.

А. Қажиев