Көлдің аты – Үлкен Алматы

Көлдің аты – Үлкен Алматы
Фото: google.kz

Үлкен Алматы көлі – Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28 шақырым қашықтықта орналасқан Іле Алатауының жотасындағы көл. Теңіз деңгейінен 2497 метр биіктікте орналасқан көлдің сұлулығында сөз жоқ. Көлдің жаз мезгіліндегі көрінісі өте керемет. Адамның көңіліне ерекше әсер береді. Егер күнделікті күйбелеңнен қажысаңыз, бір уақыт табиғат аясында тыныстаңыз.

Қазақстанның қай өлкесі болсын, өзіндік табиғи құндылықтарымен, тарихи жәдігерлерімен таңғалдырады. Атырау мен Алтайдың, Арқа мен Алатаудың арасы тылсым дүниелерге толы. Бізде көремін, білемін деген адам табылса, көрсетуге тұрарлық дүние әрқашан табылады. Әр қазақстандық әңгіме тарқатар отырыс, жиында шүйіркелесе қалса, өз өңірінің белгілі аймақтарымен мақтанады. «Біздің жақта анадай бар, біздің жақта мынадай бар» деген пікірлер әңгіме айтушының мақтанышын туғызса, тыңдаушының қызығушылығын арттырады.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын құшақ жая қарсы алатын ҮАК осыдан 2000 жыл бұрын пайда болған. Іле Алатауында жиі болатын кезекті жер сілкінісі кезінде тау шатқалдарының бір бөлігі құлап, ағып жатқан өзендердің ағысын бөгеп тастаған. Осылайша Озерное шатқалында су молайып, тереңдігі 45 метрге жеткен көл пайда болды. Үлкен Алматы деп аталу себебі көлдің үлкендігінен емес, шатқалдың үлкендігіне байланысты қойылған. Бұған дейін Жосалыкөл деп аталған. ХХ ғасырдың 30-жылдары ескекті қайықпен жүзуге арналған керемет демалыс орыны болған аймаққа алматылықтар жаяу қатынайтын. Көлікпен көтерілуге жол сапасы, тауда жүруге шыдас бермейтін көлік сапасы нашар болғандықтан, қала тұрғындары жексенбі сайын керемет табиғат аясында серуендеп, демалудан ерінбейтін.

Алматы қаласын сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын бұл көл автоматты суреттегіш арқылы қалыпқа келеді. Кеңестік дәуірде суағары жөндеу көріп, айналасы плиталармен қапталған. Көлдің суы қазан-қараша айында қата бастайды. Алматы маңайындағы дымқыл ауаның салдарынан қатқан мұз көктемде қиындықпен ериді.

2020 жылға дейін туристік саланы дамыту мәселесі алға қойылғалы бері ҮАК-не ағылып жатқан Алматы қонақтарының саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.

А. Қажиев