Бүгін – бүкілхалықтық мереке

Бүгін – бүкілхалықтық мереке
Фото: el.kz

Бүгін елімізде Конституция мерекесі аталып өтіледі. Қазақстанның барлық өңірінде бұқаралық шаралар ұйымдастырылады. 

Осыдан 22 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымыз Қазақстан Республикасының зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі базалық негізін қалады. Ата Заң – әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы.  

Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымынан алып қарағанда, 20 жылдан астам уақыт аз ғана мерзім. Десе де,осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституцияның қатарында тұр. 

2017 жылғы конституциялық реформа қазіргі заманғы Қазақстанның құқықтық жағынан жаңғыруының кезекті бір кезеңі болды.

Осы аптада Астанада ҚР Конституциясы күніне арналған «Конституция және қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оның ашылуында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Біздің Ата заңымыз заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының кепілі болып табылады. Бүгін де Қазақстанды бүкіл әлемде жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп таниды. Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Елімізде экономика мен әлеуметтік сала нығаюда. Бизнес пен азаматтық қоғам дамуда. Біз Конституцияны басшылыққа ала отырып, ауқымды мәселелерді шешеміз және 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі тиіс. Биыл біз еліміз дамуының 25 жылдық тәжірибесі мен жұртшылық пікірін кеңірек ескере отырып, конституциялық реформа жүргіздік. Оның негізі билік тармақтары арасында бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін нығайту, қорғалатын конституциялық құндылықтарды, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту, сот жүйесімен мемлекеттік басқару негіздерін жаңғырту. Конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық салаларын одан да ары жаңғыртудың берік негізін қалайды», - деді мемлекет басшысы.

Ж. Жұмағұлов