Конституция күні құтты болсын!

Конституция күні құтты болсын!
Фото: oraloniri.kz

Бүгін еліміз күшін айтулы күндердің бірі, бүкілхалықтық мереке – Конституция күні. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің бүгінгі құрылымын шынайы бейнелеген, ұлттық мақсатты айқындап берген темірқазық. 

Ата Заң дегеніміз не? 

Ата Заң – азаттығымызды айқындайтын, Тәуелсіздігімізді паш ететін, Егеменді ел екенімізді танытатын, дербес мемлекеттігімізді көрсететін қастерлі құжат. Біздің бүкіл тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Заңнан бастау алады. 

Ата Заң – Бабалар аманаты. Кешегі Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері – біздің бүгінгі Конституциямыз. 

Ата Заң – әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы.  

Ата Заң – дүние есігін ашқаннан бастап, басың құбылаға қарағанға дейінгі уақытта сенің құқыңды сақтайтын, құр сөреде жатпайтын баталы заң. 

Барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймыз! Бәріңізге зор денсаулық, қажымас қайрат, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, береке, бірлік тілейміз! Аспанымыз ашық, Отанымыз тыныш, еліміз аман болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк Туымыз желбірей берсін!!!

Ж. Жұмағұлов