«Ұлытау» экспедициясы күнделігінен #1

«Ұлытау» экспедициясы күнделігінен #1

Ағымдағы жылдың басынан Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамның бастауымен ұйымдастырыла бастаған «Ұлытау» экспедициясы тамыздың 11 мен 22-сі аралығында Қарағандының батыс бөлігі Ұлытау өңірінде болып, өзіндік жоспармен тәжірибе жұмыстарын өткеріп қайтты. Экспедиция мүшесі болған тілшінің күнделігінен экотуристік жұмыстардың барысы туралы оқыңыздар.

11.08 – Экспедиция құрамы Астана қаласынан Ұлытау аудынының (Қарағанды облысы) орталық елді мекеніне тәулік бойы жол жүріп, таңертең жетті. Бас қаладан шыққан кезде жалпы сегіз адам болдық. Олар:

Сәулет – экспедиция жетекшісі, ҚҰГҚ (Астана қ.)

Зарина – тілші, «Казахстанская Правда» (Астана қ.)

Олег – АМГ, СТВ тілшісі, «Неизведанный Казахстан» арнайы жобасының жетекшісі (Алматы қ.)

Жанет – экспедиция ұйымдастырушыларының бірі (Назарбаев Университеті)

Айгүл – географ, география ғылымдарының кандидаты, өңірдің экономикалық жағдайы туралы ақпарат жинайтын болады (Ақтөбе қ.)

Гүлнұр – дербес тілші,

Шумахо – су ресурстары бойынша маман (Назарбаев Университеті)

Мен – EML серіктестігі, massaget.kz тілшісі

Түскі сағат 2:30 шамасында жолға шығып, кешкі 6:45-те Қарағанды қаласына жеттік.

Қарағанды қаласында мынадай жарнамаға тап болдық

Онда біршама уақыт аялдап, Жоспарлы экспедицияға қосылатын кісілермен жолықтық. Олар:

Виталий – картограф, «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының президенті, Қазақстанның жаңа туристік мекендерінің картасын жасаумен айналысады.

Елена – картограф, «Авалон» ТГҚ-ның вице-президенті.

Мәди – блогер, күнделік түзуші.

Катя (Katja) – географ, магистрант (Германия).

Грегор (Gregor) – географ, студент (Германия).

Александр – эколог, «Роскосмос»-тың бұрынғы құтқарушысы.

Бір қуанғаным, Германиядан келген Катя мен Грег ағылшынша өте жақсы сөйлей алады екен. Тілдік біліктілігімді іс-жүзінде тексеретін мүмкіндік туды. Бір жағынан аударма жасайтын да шығармын деп ойлағанмын. Дегенмен, экспедиция мүшелерінің 80 пайызы ағылшынша білетін болып шықты.

Ендігі жол түнімен жалғаспақ. Таңға қарай біз Ұлытау ауданының орталық елді мекеніне келіп жеттік. Сол жерде экспедиция мүшелері (4 жігіт) «Лаборатория Сетевых Технологии» ЖШС-нің инженерлері мен бағдарламашыларын кездестірдік. Олар:

Кирилл – бас инженер.

Темірбек – инженер-құрастырушы.

Айдар – бағдарламашы.

Әділет – инженер-электроншы.

Олар тарихи жәдігерлердің 3D моделін жасаумен және жергілікті аймақтың картографиялық материалдарын жинақтаумен айналысатын болады.

12.08 – Ұлытаудың қарапайым тұрғындарымен танысып, қымыз ішуден басталған күні экспедицияның негізгі лагерін құруды жоспарлаған болатынбыз. Солай еттік те. 

Алдағы 10 күнде бізге тамақ дайындап беретін «Бақаева» жеке кәсіпкерлігі (экспедиция ұйымдастырушыларымен келісімге қол қойған жергілікті ЖК (ИП)) бізге таңғы асты берген соң арнайы жалданған көліктермен Ұлытаудан 38 шақырым қашықтықтағы негізгі лагерь құрылатын жерге бір сағатта (тау жолдары есебінен) жеттік.

Ол жер Айбас дарасы деп аталады екен. Ауылдың солтүстік шығыс жағында жатыр. Әрқайсымыз жеке-жеке жабдықтармен орын-төсек дайындауға кірістік. Сосын алыс емес жердегі аузы жабылып қалған бұлақты ашуға мен, Сәулет, Виталий және Шум (Шумахоны осылай атап кеттік) бардық. Шум су ресурстарының маманы болғандықтан, барлығын ретінше сол жасады.

Кешке қарай Ұлытаудың жақын маңдағы қырына көтерілуді жоспарладық. Оған ерікті түрде Мәди, Шум, Жанет, Катя, Грег және мен барып қайттық. 

Катя мен Грег күн батып жатқанда әдеттегі иога жаттығуын жасауға кірісіп кетті

Кеш түсе, ауа салқындаған кезде барлығымыз оттың айналасына жинала түстік. Түннің бір уағына дейін сонда қызық әңгіме құрып, жаңа танысқан бір-бірімізді жақыннан білісе бастадық.

Жалғасы бар ...

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©massaget.kz

«Ұлытау» археологиялық экспедициясы жолға шықты

«Ұлытау» экспедициясы жабылып қалған бұлақ көзін қайта ашты

«Ұлытау» экспедициясы Әулиетау шыңын бағындырды

«Ұлытау» экспедициясы жаңа туристік нысандарды іздеп жатыр

«Ұлытау» экспедициясы: Елеусіз қалған ел жауһары – Ақжар таулары

Ж. Өрісбай