"Ұлытау" экспедициясы жабылып қалған бұлақ көзін қайта ашты

"Ұлытау" экспедициясы жабылып қалған бұлақ көзін қайта ашты

"Ұлытау" экспедициясы белгіленген негізгі мекенге келіп жетті, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Астана қаласынан бастау алған экспедиция құрамы Ұлытау ауданының орталығы болған Ұлытау ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым қашықта Зыңғыртас елдімекенінен алыс емес жерде негізгі база құрып, алдағы жоспарланған барлық археологиялық орталықты белгілеп алды. Барлық керек жабдықты жасақтап, жергілікті мекеннің әкімдігімен де қажет құжаттарды жасады. Негізгі база жоспарлы археологиялық мекендер болған Алаша хан мен Жошы хан кесенелері, Едіге тауы, Хан Ордасы, сақтардың обалары болып табылатын "Мұртты обалардан" ортақ қашықтықта орналасқандықтан, жолдың қашықтығы жоспарлы экспедицияға бөгет болмайды.

Ұлытау аумағындағы су ресурстарын табу мақсатында іс-тәжірибе жасау мақсатында келген Назарбаев Университетінің студенті сол аймақта жабылып қалған бұлақ көзін тауып алып, қайта ашты. 

Ендігі негізгі жоспар Едіге мен Тоқтамыс мазарлары орналасқан Едіге шыңына шығу болып табылады. Ноғай немесе Маңғыт атауымен белгілі болған Орданың негізін қалаған Едігенің жерленген мекенін алғаш рет Ұлытауға академик Шренконың басшылығымен жасалған экспедициямен келген Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында келтірген.

«Едігенің жерленген жері тастармен көмілген. Таудың аты да тарихи тұлғаның есімімен аталып кеткен», – дейді Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының ғылыми жобалар бойынша аға менеджері, экспедиция жетекшісі Сәулет Сәкенов.


Естеріңізге сала кетейік, аталған экспедиция Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастамасымен жолға шыққан болатын. Экспедиция тамыздың 22-іне дейін тарихи мекендерді толық көлемде қайта зерттеуді мақсат етіп отыр. 

Оқи отырыңыз:

«Ұлытау» археологиялық экспедициясы жолға шықты

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©massaget.kz

М. Оңғарова