- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Ұлытау" экспедициясы жаңа...
"Ұлытау" экспедициясы жаңа туристік нысандарды іздеп жатыр
Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған "Ұлытау" экспедициясы тарихи маңызы бар және табиғи көркі бар нысандарды аралай отырып, ол жердің туристік аймаққа айналу мүмкіндігін қарастыруды жалғастыруда. Өйткені аталған экспедицияның негізгі мақсаттарының бірі – туристік құрылымды дамыту болып отыр.
Ұлытауда ерте заманнан қалған жәдігерлер бар. Солардың бірі – тасқа салынған суреттер. Қола, ерте темір дәуірі және ортағасырлық таңбаларды қамтитын толық суреттер кешені Байқоңыр ауылының оңтүстігіне қарай екі шақырым жерде орналасқан. Суреттер өзен жағалай жиырма шақырымға дейін созылған аймақта жартастарға салынған. Көбіне аңдар мен малдар, күнбасты адамдар мен арба бейнелері, аң аулау сәттерінің көріністері топ-тобымен ойылған.
Байқоңыр ауылына жету маршруты Сәтбаев қаласынан басталып, Жезді, Қарсақбай кенттері арқылы батысқа қарай елу шақырымға созылады. Егер экспедиция нәтижесі өз межесін көрсететін болса, осы бағытқа инфрақұрылым салынып, археологиялық маңыздылығымен бірге, туристік мекендердің біріне айналмақ.
«Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы»,-дейді бізге жол көрсетіп келе жатқан Байқоңыр ауылының тұрғыны. Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесінде қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған таңбасы және ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген әдемі өрнектер, «қошқармүйіз », «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі» т. б. таңбалар көптеп кездеседі. Суреттердің Байқоңыр өзені толып тұрған кезде салынғанын оның жоғарыдан орын алғанынан байқауға болады.
Байқоңырдан бөлек, Ұлытаудың солтүстік баурайында Сарлық ауылынан 37 шақырым қашықтықта орын тепкен Тамды өзенінің бойында да сол кезеңдерді қамтитын таңбалы суреттер тобы сақталған. Көбіне жануарларды аулау сәттерінің көріністері, адамдардың аңға шығып жатқан бейнелері кездеседі. Негізгі ошағы үш жерде шоғырланған екен. Айрықша көзге түсетін тобы Тасөткел бойында, ал қалғандары Байтілеу деген жерге шоғырланған.
Туристерді осы өңірге баулу арқылы біз тарихымызды келесі ұрпаққа өнеге етіп қалдыра аламыз. Бірақ біздің экспедиция құрамындағы су ресурстарын зерттеуші маман бұл өңірлердің суы тартылып, азайып бара жатқанын айтады. Себебі қыста қардың өте аз түсуі өзен арналарының құрғап қалуына әкелуде. Су қоймаларынан бұрын жиналып жүрген судың елу пайызы дерлік қазіргі кезде мүлде келмей қалады екен. Бұл тұтынатын судың да өте нашар екенін білдіреді.
Тарихын білгісі келген әрбір азамат бұл мекендерді көруге қызығушылық танытуы керек. Себебі тарихи жәдігерлер табылып, зерттелгенімен, ел арасында және халықаралық деңгейде әлі де танылмай отыр.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: ©massaget.kz
Оқи отырыңыз:
«Ұлытау» археологиялық экспедициясы жолға шықты
«Ұлытау» экспедициясы жабылып қалған бұлақ көзін қайта ашты
«Ұлытау» экспедициясы Әулиетау шыңын бағындырды
Р. Роза