Тарихтағы ядролық апаттар

Тарихтағы ядролық апаттар

80 жыл бұрын адамзат атом энергиясын бейбіт мақсатта да, әскери мақсатта да пайдалануға болатынын білді. Атом бомбасы 1945 жылдың тамызында Жапонияға қарсы соғыста бір рет қана қолданылды. Соған қарамастан, одан кейін де көптеген ядролық апаттар орын алды.

Бұл апаттарда зардап шеккендердің саны жүз мыңдаған адаммен өлшенеді. Сонымен, Жерде тіршілік басталғаннан бері ең үлкен ядролық апаттар қай жерде және қашан болды?

Чернобыль апаты 

Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылы сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында апат болды. Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталды. Апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ, ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деп мәлімдеген еді. Бұл апат салдарын жоюға Қазақстаннан 35 мың адам тартылса, жалпы КСРО-дан 500 мыңға жуық адам шақырылған.  

Фукусима апаты

Чернобыльдан кейінгі екінші ауыр ядролық апат 2011 жылы 11 наурызда Жапонияда 9,0 баллдық қуатты жер сілкінісінің салдарының нәтижесінде болды. Фукусима 1 станциясындағы апат МАГАТЭ төтенше шкаласы бойынша максимум 7 балл алды.

Бөлінген радиация мөлшері Чернобыль апатының шамамен 10 пайызын құрады. Энергия блоктарының авариялық салқындату жүйесі тоқтап, жүйе құбырларында сутегі жиналып, бірқатар жарылыс болып, 4-энергоблок өртенді. Ядролық отын қоймалары жойылғаннан кейін атмосфераға тарай бастаған радиоактивті заттардың басым бөлігі мұхитқа түсті.

Адамдар эвакуацияланған Фукусиманың айналасында 20 шақырымдық эвакуация аймағын құрылды. Апаттың салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Аймаққа келген жалпы шығын 200 миллиард долларға бағаланды.

Әлемдегі алғашқы ірі атом жарылысы

1957 жылы 29 қыркүйекте Челябі облысындағы радиоактивті заттар өңделетін химиялық зауытта жарылыс болды. Соның салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Радиация 300 000-ға жуық адамның денсаулығына кері әсер етіп, табиғаттың үлкен аумағын ластады. Бұл оқиға Кеңес өкіметі тарапынан 30 жыл бойы құпия сақталып, КСРО-ның ыдырауы қарсаңында жұртшылыққа жарияланды.

КСРО жасырған апат: Әлемдегі алғашқы ірі атом жарылысы

Бұл уақыты жағынан бірінші, қуаты жағынан Чернобыль мен Фукусима атом электр станциясындағы апаттардан кейінгі үшінші ауқымды оқиға еді. Аталмыш апат тарихта "Қыштым апаты" деген атпен қалды.

Три-Майл-Айленд апаты

1979 жылы 28 наурызда АҚШ-та болған апат МАГАТЭ шкаласы бойынша 5 балл алды. Ақау станцияның 2-энергетикалық блогында судың уақтылы ағып кетпеуінен және реактор ядросының жартысының еруінен орын алған. Дегенмен, бетон қорғанысына шыдамдылықпен адам шығынының алдын алды.

Халық нақтыдан гөрі психологиялық зардаптарды көбірек бастан кешірді. Ел ірі ядролық апаттар қаупінен қорқа бастады, құрылысқа рұқсаттар берілмеді, ал 1994 жылдан бері елде тек 2 жаңа атом электр станциясы пайда болды.

Чажма шығанағындағы апат

КСРО-дағы тағы бір апат. 1985 жылы 10 тамызда Қиыр Шығыстағы Чажма шығанағында сүңгуір қайық реакторында термиялық жарылыс болды. Жарылыс орталығында радиация деңгейі 90 000 Р/сағатқа жетті.

Апат пен оның зардаптарын жою жұмыстарының нәтижесінде 1000-ға жуық адам зардап шекті, 11 адам қаза тапты. Бұл оқиға құпия сақталып, адамдар бұл туралы жылдар өткен соң білген.

Т. Раушанұлы