КСРО жасырған апат: Әлемдегі алғашқы ірі  атом жарылысы
Фото: tochkanews

КСРО жасырған апат: Әлемдегі алғашқы ірі атом жарылысы

1957 жылы 29 қыркүйекте Челябі облысындағы радиоактивті заттар өңделетін химиялық зауытта жарылыс болды. Соның салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Радиация 300 000-ға жуық адамның денсаулығына кері әсер етіп, табиғаттың үлкен аумағын ластады. Бұл оқиға Кеңес өкіметі тарапынан 30 жыл бойы құпия сақталып, КСРО-ның ыдырауы қарсаңында жұртшылыққа жарияланды.

Бұл уақыты жағынан бірінші, қуаты жағынан Чернобыль мен Фукусима атом электр станциясындағы апаттардан кейінгі үшінші ауқымды оқиға еді. Аталмыш апат тарихта "Қыштым апаты" деген атпен қалды.

Радиоактивті заттарды өңдейтін зауыттар салу

1945 жылы КСРО үкіметінің шешімімен Челябі облысында радиоактивті заттарды өңдейтін ірі зауыт кешенінің құрылысы басталды. 1948 жылы маусымда Еуразиядағы алғашқы өнеркәсіптік пайдалануға арналған А-1 ядролық реакторының жобасы аяқталды.

1949 жылдың қаңтарында зауытта бірнеше нысандар, соның ішінде атом энергетикасының негізгі шикізаты – плутонийді өңдейтін радиохимиялық зауыт, ақпан айында ядролық бөлшектерді шығаратын химиялық металлургия зауыты іске қосылды. Кейін бұл зауыттардың қызметі одан әрі кеңейеді. Зауыт төңірегінде жұмысшыларға арналған Челябі-40 қалашығы қайта салынды.

1949 жылдан бастап кәсіпорындардың айналасында орналасқан ашық су айдындарына орташа және төмен технологиялық сұйық радиоактивті қалдықтар шығарылады. Осылайша, 1949-1951 жылдары кәсіпорындарға жақын орналасқан Теча өзені радиоактивті қалдықтармен айтарлықтай ластанады.

Кейіннен өзенге радиоактивті қалдықтарды тастау табиғатқа үлкен зиян келтіреді деп есептеліп, оның бір бөлігі Течаға емес, кәсіпорындарға жақын орналасқан Қарашай көліне төгіле бастады.

Сонымен қатар, кәсіпорындарда орнатылған ауаны тазарту технологиялары жетілдірілмегендіктен, атмосфераға йод-131 және инертті газдардың, атап айтқанда аргон-41 радиоактивті изотоптары мен аэрозольдердің көп мөлшері таралады. Соның салдарынан зауыт кешенінің айналасындағы радиусы 70 шақырым болатын үлкен аумақтағы су айдындары мен атмосферасы радиоактивті заттармен уланады.

Кейін радиоактивті қалдықтарды кешен маңындағы арнайы жерде сақтау бойынша шешім қабылданады. Ол үшін үлкен аумақ 10 метр тереңдікте қазылып, олар қалың бетон қабырғамен бөліктерге бөлінеді. Содан кейін терең секциялар арасында болаттан жасалған арнайы контейнерлер қойылады.

Сосын  арнайы контейнерде көлемі 300 текше метр болатын және стронций-90, цезий-137, церий-144, цирконий-95, ниобий-95, рутений-106 изотоптарынан тұратын 70-80 тонна радиоактивті қалдықтар сақталады. Бетон шұңқырларға су толтырылады. Су қызып кетпеуі үшін арнайы жүйе арқылы радиоактивті қалдықтар толтырылған арнайы ыдыстар салқындатылады.

Апат

1957 жылы 29 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша 16:22-де S-3 кешеніндегі №14 арнайы контейнерде жарылыс болды.

Жарылыс салдарынан 8,2 метр тереңдіктегі бетон қабырғалардың арасына қойылған арнайы болат ыдыс толығымен жойылады. Жарылыс күші бірнеше ондаған тонна тротилге тең және ол қалыңдығы 1 метр, салмағы 160 тонна, ұзындығы 25 метр болатын бетонды күл-талқан етеді

Сонымен қатар, екі іргелес бетоннан жасалған резервуар қабырғалары мен астындағы қаптама да жарылады. Жарылыс күшінен 3 шақырым радиуста барлық ғимараттардың терезелері сынады.

Бұзылған болат ыдыстардан атмосфераға механикалық салмақ түріндегі көлемі 20 млн кюри болатын газ түріндегі аэрозольдер мен радиоактивті заттар шығады.

Салыстыру үшін айтатын болсақ, Чернобыль атом электр станциясындағы апат атмосфераға 380 миллион кюри радиоактивті изотоптарды шығарды, олардың көпшілігі тек йод-131-ден тұрды. Ал, Челябідегі апатта атмосфераға шығарылған радиоактивті изотоптардың мөлшері әлдеқайда аз болғанымен, қауіптілігі жоғары заттардың мөлшері жоғары еді.

10-12 сағатта улы радиоактивті заттар желдің әсерінен 300-350 шақырым қашықтыққа жетеді. Радиоактивті заттар жеткен аумақ кейінірек"Шығыс Оралдағы радиоактивті іздер" деп аталды.

Кешке жарылыс салдарынан атмосфераға тараған радиоактивті заттарға қаныққан ауа түнгі сағат 00:00-де көршілес Свердлов пен Түмен облысына жетеді. Бұл кезде арнайы контейнердегі радиоактивті қалдықтар әлі жанып тұрған.

Ол кезде ұзындығы 300-350 шақырым, ені 5-10 шақырым болатын аймақтың атмосферасы уланады. Радиоактивті заттар таралған аймақтарда барлығы 270 000 адам тұратын.

Ресми қорытынды

1957 жылы 11 қазанда апаттың себептерін анықтау үшін атом саласында жұмыс істейтін 11 маманнан тұратын арнайы топ құрылды. Арнайы топ апаттың мән-жайын зерттеп, оның қорытындысын жариялайды.

Арнайы топтың мәліметінше, апатқа радиоактивті қалдықтар салынған арнайы контейнерлер қойылған бетон шұңқырлардың біріндегі су алмасу жүйесінің істен шығуы себеп болған.

Апат болғанға дейін аз уақыт бұрын бетон шұңқырларының бірінің су айналымы жүйесінде ақау пайда болған. Нәтижесінде радиоактивті қалдықтары бар арнайы ыдыс қызып, жарылған.

Бейресми қорытынды

Апаттың себептері туралы бейресми тұжырымдар жарылыс себептері әртүрлі болғанын айтады. Арнайы ыдыстарды суытатын су жүйесінде ақау болмаған. Зауыт қызметкерлері радиоактивті қалдықтарды арнайы ыдыстарға салуда қателік жіберген.

Олар плутоний нитратымен толтырылған арнайы ыдысқа оксалат плутонийді құйған. Арнайы ыдыста оксалатты нитратпен тотықтырғанда орасан зор энергия бөлінеді. Осының арқасында арнайы контейнер бұрын-соңды болмаған деңгейде қызған. Салқындату жүйесінің қызып кеткен контейнерді салқындатуға қуаты жетпеген.

Апат көлемі

1957 жылдың 30 қыркүйегінде таңертең апаттың бірінші ауқымы белгілі болды. Радиациялық толқын кәсіпорындардың аумағын, сонымен қатар жақын маңдағы әскери қалашық пен түрмені улаған екен.

Апат болған алғашқы күні оны жоюға жақын маңдағы әскери бөлімде қызмет ететін сарбаздар мен түрмедегі тұтқындар жіберіледі. Олар радиоактивті изотоптарды кәсіпорын аумағынан қауіпсіз жерге көшірумен айналысып, өздері радиациялық сәулемен уланады.

Апат болған күннің ертеңіне кешен айналасындағылардың барлығы эвакуацияланады. Бір апта ішінде апат орнынан 22 шақырым радиустағы барлық елді мекендерден адамдар көшіріледі.

Аудандағы 300 мың текше метр топырақ апаттан кейін 2 жылға жарамсыз болып қалады. Апат салдарынан 1300 тонна бидай, 104 тонна ет, 240 тонна картоп, 66,6 тонна сүт өнімдері жарамсыз болып, жойылады.

Жарылыстан барлығы 80 мыңнан астам адам қатты уланып, денсаулығынан айырылады. Кейін радиациялық сәуледен уланғандардың балалары мен немерелері де түрлі аурумен туады. Табиғи апаттың салдарын жоюға атсалысқандардың біразы сол жерде қаза табады. Бірақ олардың саны кейінірек те айтылмады. Тек апат болған жердің маңында ғана оларға ескерткіш орнатылды.

Апат салдарынан радиоактивті заттарға қаныққан ауа Челябі, Свердловск және Түмен облыстарындағы 23 мың шаршы шақырым аумақтағы 270 мың тұрғыны бар 217 елді мекеннің атмосферасын улайды. Жарылыс болған ауданда орналасқан Челябі-40 қаласында ауа құрамы 90 пайыз радиоактивті изотоптармен қанығады.

Апат салдарынан ауыл шаруашылығына пайдаланылған 106 мың гектар жер жарамсыз болып қалғаны белгілі болады. Көптеген балық шаруашылығы да зардап шегеді.

1968 жылға қарай апаттан уланған аймақтарда радиация деңгейі жоғары болып қалды. Осыдан кейін радиоактивті заттар тараған аумақты қорық жасаймыз деген желеумен қоршап қояды.

Апатты жасыру

1950 жылдардың аяғында КСРО армияда, ғарышты игеруде, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда (атом электр станциялары салынуда) қарыштап дамып жатқан болатын. Соның салдарынан Челябідегі апатты жария ету мүмкін емес еді.

Сол кезде тұрғындар тарапынан оқиғаға қатысты түрлі қауесеттер тарайды. Бірақ ресми хабарлама болмағандықтан, оларға халықты сендіру қиын болды. Сөйтіп, бұл оқиға 1980 жылдардың екінші жартысына дейін жұртшылықтан құпия сақталды.

Бірақ КСРО-дағы әрбір өзгерісті жіті қадағалайтын Батыстан мұндай оқиғаларды жасыру мүмкін емес еді. Шетелдіктер апат туралы 1957 жылы білген. 1958 жылы норвегиялық газет апат туралы алғашқы хабарды жариялады. Бірақ хабарда апат Челябі кәсіпорнында емес, осы аудандағы ядролық сынақтар кезінде болғаны айтылған.

Кейінірек Лос-Аламоста орналасқан АҚШ-тың ұлттық зертханасы жариялаған құжатта олар 1957 жылы КСРО-да әскери оқу-жаттығу кезінде атом бомбасы жарылып, соның салдарынан радиациялық толқындар көрші елдердің аумағына жеткенін жазады.

Челябинскідегі апат туралы алғаш рет британдық New Scientist журналында осы елге КСРО-дан көшіп келген Жорес Медведев хабарлады. Кеңес Одағында бұл апат туралы алғаш рет 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында айтылды.

Жорес Медведев © mos.ru

Апаттың салдарымен күрес

1957 жылы 2 қазанда апаттан үш күннен кейін Мәскеуден арнайы комиссия келеді. Комиссия отырысында апат салдарынан радиоактивті заттар таралған аймақтардан тұрғындарды уақытша көшіру, аумақты қоршау сияқты мәселелер талқыланады. Челябі, Түмен, Свердлов облыстарының басшыларына түрлі тапсырмалар беріледі.

Бір аптадан кейін апат орнынан 22 шақырым радиуста тұратын барлық тұрғындар мен түрлі мекемелердегі адамдар эвакуацияланады. Кейінірек 72 шақырым радиустағы адамдар да көшіріледі. Осыдан кейін апат аймағында радиоактивті заттармен ластанған 300 мың текше метр топырақты көму жұмыстары басталып, бұл жұмыс екі жылға созылады.

Сонымен қатар радиоактивті заттармен уланған мал, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да түрлі азық-түліктер көму арқылы жойылады. Көшірілген ауылдарда барлық үйлер бұзылып, олар да көміледі. Содан кейін өте үлкен аумаққа қарағай көшеттері отырғызылады.

Радиоактивті заттар жеткен жерлерде радиация деңгейін бақылау орталықтары құрылады.

1960-1970 жылдары радиоактивті заттардың тұрақты әсеріне ұшыраған жерлерден алыс аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге рұқсат беріледі. Бірақ сонда да өте үлкен аумақ жабық күйінде қалады.

Қорық ұйымдастыру

Апаттан 2 жылдан кейін КСРО үкіметі радиоактивті заттар кең таралған өте үлкен аумақта ғылыми-зерттеу қорығын құру туралы шешім қабылдайды.

Шешім бойынша, қорыққа радиоактивті заттармен ластанған 700 шаршы шақырым аумақ бөлінеді. Одан кейін оған кіруге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге, мал өсіруге, аң аулауға, балық аулауға, орманнан түрлі өсімдіктерді жинауға тыйым салынады.

1968 жылы қорық атауы "Шығыс Орал қорығы" деп аталды.

Апаттан алынған сабақ

1960-1970 жылдары КСРО-да өте үлкен атом энергетикасы жобаларын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Оның ішінде көптеген АЭС құрылысы. Әрине, жаңа атом электр станциялары көп мөлшерде радиоактивті қалдықтарды шығарады.

Челябі облысындағы апат Оралдың өте үлкен аймағында адамдар мен табиғатқа зиянын тигізгендіктен, кеңес ғалымдары радиоактивті қалдықтарды сақтау технологияларын жетілдіру қажеттігін түсініп, практикалық жұмысқа кіріседі. Алайда кеңес ғалымдары сол кездегі апаттан дұрыс сабақ алмаған болып шығады. Себебі, арадан 30 жылға жуық уақыт өтіп, Чернобыль атом электр станциясында жарылыс болады.

Т. Раушанұлы