Нобель-2020. Жеңімпаздарға шолу

Нобель-2020. Жеңімпаздарға шолу
Фото: news.ucdenver.edu, nobelprize.org

Биыл Нобель апталығы Швеция мен Норвегияда 5-12 қазан аралығында өтіп, медицина, физика, химия, әдебиет, бейбітшілік, экономика салалары бойынша жеңімпаздарға сыйлық табысталды.

Физиология және медицина

Стокгольмдегі Нобель комитеті медицина саласындағы жеңімпаздарды 5 қазанда жариялады. Медицина бойынша 2020 жылғы Нобель сыйлығы АҚШ ғалымдары Харви Олтер мен Чарльз Райс және британ ғалымы Майкл Хоутонға бұйырды.

Ғалымдар гепатит С вирусын анықтауға ықпал еткен іргелі жаңалықтар ашты, олардың жұмысына дейін гепатит А және В вирустарының табылуы маңызды қадам болған еді, бірақ қанмен берілетін гепатиттің қыр-сыры түсініксіз болып қала берді.

Аталмыш зерттеу С гепатитіне қарсы дәрі-дәрмектердің жылдам дамуына себеп болды, тарихта бірінші рет қазіргі кезде ауруды емдеуге болатыны айқындалды.

Бұл вирусты анықтауда Олтер, Райс және Хоутон зерттеулерінің үлесі көп. Алтер АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институтындағы әріптестерімен бірге қан құйылған науқастарда гепатиттің пайда болу жағдайларын зерттеді. Ғалымдар белгілі А гепатиті мен В гепатитінен басқа, оларға ұқсас тағы бір ауру бар екенін дәлелдеді. Содан кейін белгісіз патогеннің шимпанзелердің жұқтыруы мүмкін екені анықталды.

Майкл Хоутон осы белгісіз аурудың генетикалық негіздерін бөліп жұмыс істеді.

Физика

6 қазанда ағылшын физигі Роджер Пенроуз, неміс астрофизигі Рейнхард Генцель және америкалық астроном Андреа Гез физика саласындағы сыйлыққа ие болды.

Пенроузға салыстырмалылық теория аясында қара құрдымды зерттегені үшін берілді. Ал Гензель мен Гез "галактиканың орталығында өте ауыр объектіні ашқаны үшін" сыйлықты алды. Пенроуз сыйақының жартысын, Гензель мен Гез жартысын иеленді.

Жалпы салыстырмалылық теориясына сәйкес, қарақұрдым дегеніміз – орасан зор тартылыс күші бар ғарыш нысаны. Бірақ бұған теорияны жасаушы Альберт Эйнштейн де сенбеген. Роджер Пенроуз болса қарақұрдымның бар екенін дәлелдеді және олардың құрылымын егжей-тегжейлі сипаттады.

Қалған екі лауреат – Андреа Гез және Рейнхард Генцельдің ғылыми жетістіктері галактиканың орталығындағы супермассивті объектімен байланысты. Оны астрономдар "Мерген А *"  деп атады. Бұл нысан  Күннен 4 миллион есе ауыр, ыстық газ бұлтымен қоршалған қара тесік.

Оптикалық телескоптар үшін Мерген А * көрінбейді, ғалымдар оның бар екенін нысанның өте жарқын сәуле таратуы арқылы білді. Гез және Генцель бастаған ғылыми топ бұл нысанды газ бұлттары арқылы қалай көруге болатынын анықтай алды.

Химия

7 қазанда химия бойынша Нобель сыйлығы геномды өңдеу әдісін ойлап тапқан ғалымдарға берілді.

Қазір Германияда жұмыс істейтін француз микробиологы Эмануель Шарпантье мен америкалық биохимик Женифер Дудна бірнеше жыл бұрын бактериялардың вирустардан қорғануына молекулалық иммунитет көмектесетінін анықтады. Ол әртүрлі ағзалардың геномын жоғары дәлдікте редакциялау кезінде қолданылған. Қазір бүкіл әлем ғалымдары "геномдық редактор" арқылы емі жоқ ауруларды емдеу жолын іздеу үстінде.

Шарпентье мен Дудна Стрептококк бактерияларының иммун жүйесін зерттегенде, олар генетикалық материалды дәл кесуге болатын молекулалық құралды тапты, бұл өмір сүру кодын өзгертуді жеңілдетеді. Осындай "генетикалық қайшыны" қолдану арқылы жануарлардың, өсімдіктердің және микроорганизмдердің ДНҚ-сына өте жоғары дәлдікпен өзгерістер енгізуге болады.

Әдебиет

8 қазанда әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы АҚШ ақыны Луиза Глюкке берілді. Швеция академиясы оның "өмірді өзінің әдемілігімен әмбебап ететін поэтикалық дауысын" жоғары бағалады.

Глюк 1943 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. Ол америка өнер және әдебиет академиясының мүшесі және шығармашылығы үшін АҚШ пен әлемде бірнеше жоғары марапаттарға ие болған. Оның ішінде "Америкалық поэзия академиясы" сыйлығы (1968), "Ұлттық сыншылар қоғамы кітап" сыйлығы (1985), "Пулитцер" сыйлығы (1993), "Боллинген" сыйлығы (2001) бар.

Глюк Нобель  лауреаты атанған он бесінші әйел қаламгер ретінде тарихта қалды.

Бейбітшілік

9 қазанда Норвегия Нобель комитеті 2020 жылғы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (WFP) берді.

Ұйым бұл марапатты "аштықпен күресудегі қайраты, жанжалды аймақтардағы жағдайды жақсартуға қосқан үлесі, соғыс пен қақтығыстарда қаруды қолданбауға бағытталған күш-жігері үшін" алды.

Комитет 2020 жылы COVID-19 инфекциясының бүкіл әлемге таралуына байланысты бірқатар аймақтарда аштық қаупі артқанын мәлімдеді.

Экономика

12 қазанда америкалық Пол Милгром мен Роберт Уилсонға аукциондар теориясын жетілдіргені және аукциондардың жаңа формаларын ойлап тапқаны үшін экономика саласындағы Нобель сыйлығы берілді.

Бұл сыйлықты 1969 жылдан бері Нобельдің өзі емес, Швеция банкі тағайындайды.

Жетпіс екі жастағы Милгром мен сексен үш жастағы Уилсон жасаған аукцион теориясы сатып алушылар аукционда неге төмен баға ұсынатынын түсіндіреді.

Осылайшы биылғы Нобель апталығы экономика саласындағы сыйлық иегерлерін жариялап аяқталды.

Нобель сыйлығы туралы қызық деректер

Нобель комитетінің хабарлауынша, биыл Бейбітшілік сыйлығына 318 үміткер ұсынылды. Оның 211-і жеке тұлғалар, ал 107-і ұйымдар болды.

 2020 жылы Нобель  сыйақысына 1 миллион швед кроны қосылып, сыйлыққа берілетін ақша қайтадан 10 миллион кронға (1,12 миллион доллар) жетті.

 2018 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы жыныстық жанжал аясындағы дауға байланысты берілмеді.

 1901 жылдан 2020 жылға дейін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы 113 рет берілді. Жеті рет Нобель комитеті мен Швеция академиясы бұл сыйлыққа лайықты үміткерлер жоқ деген шешім шығарған. Бұл жағдайлардың көпшілігі Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіне болған.

 Нобель тарихында 52 әйел лауреат атанған. Ал Халықаралық Қызыл Крест комитеті үш рет марапатталған.

 Сыйлықтың бүкіл тарихында алты адам одан бас тартқан. Мұндай шешімді өз еркімен тек екі адам ғана қабылдаған. Олар: қандай да бір мемлекеттік мекемеге қарыздар болғысы келмеген француз философы және драматургы Жан-Поль Сартр (1964 ж. Әдебиет сыйлығының лауреаты) мен Вьетнам саясаткері Ле Дык Тхо (1973 ж. Бейбітшілік сыйлығының лауреаты).

Нобель сыйлығына лайық деп танылған "Доктор Живаго" романының авторы Борис Пастернак

Тағы төрт лауреат мәжбүрлі түрде бас тартты. Олар: Кеңес одағының ақыны Борис Пастернак және неміс ғалымдары – Ричард Кун, Адольф Бутенандт және Герхард Домагк.

♦ Нобель сыйлығы лауреаттарға Альфред Нобельдің туған күнінде 10 желтоқсанда табысталады және арнайы банкет өткізіледі (Стокгольмде Бейбітшілік сыйлығының лауреаттарынан басқа барлық лауреаттарына, ал Ослода Бейбітшілік сыйлығының лауреаттары үшін). 2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты банкет болмайды, марапаттау рәсімі онлайн өтеді.

Т. Раушанұлы