Медицина бойынша Нобель сыйлығы иегерлері анықталды

Медицина бойынша Нобель сыйлығы иегерлері анықталды

Физиология немесе медицина бойынша 2020 жылғы Нобель сыйлығы АҚШ ғалымдары Харви Олтер мен Чарльз Райс және британ ғалымы Майкл Хоутонға берілді. Бұл туралы Нобель комитеті хабарлады.

"Ғалымдар жаңа вирус – гепатит С вирусын анықтауға алып келген іргелі жаңалықтар ашты, олардың жұмысына дейін гепатит А және В вирустарының табылуы маңызды қадам болған еді, бірақ қанмен берілетін гепатиттің көптеген жағдайлары түсініксіз болып қала берді.

Нобель сыйлығының лауреаттарының С гепатиті вирусын анықтауы вирустан туындайтын ауруларға қарсы күрестегі маңызды жетістік. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында ғалымдардың ашқан жаңалықтарының арқасында қазіргі кезде вирусқа жоғары сезімтал қан анализіне қол жетімді болды, бұл әлемнің көптеген елдерінде трансфузиялық гепатитті жойып, адамзаттың жаһандық денсаулығын едәуір жақсартады" делінген хабарламада.

Аталмыш зерттеу С гепатитіне қарсы дәрі-дәрмектердің жылдам дамуына әкелді, тарихта бірінші рет қазіргі кезде ауруды емдеуге болатыны айқындалды.

Бұл вирусты анықтауда Олтер, Райс және Хоутон зерттеулері маңызды рөл атқарды. Олтер АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институтындағы әріптестерімен бірге қан құйылған науқастарда гепатиттің пайда болу жағдайларын зерттеді. Ғалымдар белгілі А гепатиті мен В гепатитінен басқа, оларға ұқсас тағы бір ауру бар екенін дәлелдеді. Содан кейін белгісіз патогеннің шимпанзелердің жұқтыруы мүмкін екендігі анықталды.

Майкл Хоутон осы белгісіз аурудың генетикалық негіздерін бөлу бойынша жұмыс істеді.

Еске сала кетейік, Швеция мен Норвегияда Нобель апталығы басталды. Осы апта ішінде беделді сыйлықтың 2020 жеңімпаздары белгілі болады.

Стокгольмдегі Нобель комитеті 5 қазанда медицина, 6 қазанда физика, 7 қазанда химия, 8 қазанда әдебиет және 12 қазанда экономика саласындағы сыйлық иелерінің есімін жариялайды.

Ал, 9 қазанда Норвегияның Осло қаласында бейбітшілік саласы бойынша жеңімпаз марапатталады.

Нобель комитетінің мәліметінше, биыл 318 үміткер бейбітшілік саласы бойынша ұсынылған. Оның 211-і жеке тұлғалар, ал 107-і ұйымдар. Ережеге сәйкес үміткерлердің тізімі құпия сақталады.

Биыл Нобель сыйлығының лауреаттары 10 миллион швед кронын (1,1 миллион доллар) алады.

Бұған дейін Нобель сыйлығын иелеріне беру рәсімі пандемияға байланысты алынып тасталғаны және марапаттау рәсімі онлайн режимінде өтетіні хабарланған болатын. Желтоқсанда рәсім тікелей эфирде теледидар арқылы көрсетіледі. Нобель сыйлығының марапаттау рәсімі 1944 жылдан бері алғаш рет тоқтатылды.

Бірақ, Норвегияда Нобельдің бейбітшілік саласы бойынша жеңімпазды марапаттау рәсімін өткізу туралы шешім қабылданды. Дәстүрлі түрде 10 желтоқсанда өткізілетін кеш әдеттегіден шағын көлемде өтеді.

Т. Раушанұлы