Экономика саласындағы Нобель сыйлығы аукцион теориясын жетілдірген экономистерге берілді

Экономика саласындағы Нобель сыйлығы аукцион теориясын жетілдірген экономистерге берілді
Фото: nobelprize.org

Стокгольмде экономикалық марапаттардың лауреаттары белгілі болды. Сыйлық америкалық Пол Милгром мен Роберт Уилсонға "аукцион теориясын жетілдіргені және аукционның жаңа формаларын ойлап тапқаны үшін" берілді. Бұл туралы Нобель комитеті хабарлады.

Швеция банкі құрған экономика саласындағы Альфред Нобель сыйлығының лауреаттарының хабарламасы Нобель апталығын жапты.

Нобель сыйлығы лауреаттарға Альфред Нобельдің туған күнінде яғни 10 желтоқсанда табысталып, арнайы банкет өткізіледі (Стокгольмде Бейбітшілік сыйлығының лауреаттарынан басқа барлық лауреаттар, ал Ослода Бейбітшілік сыйлығының лауреаттары үшін). 2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты банкет болмайды, марапаттау рәсімі онлайн режимінде өтеді.

Айта кетейік, Норвегия Нобель комитеті 2020 жылғы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын Дүниежүзілік Азық-түлік Бағдарламасына (WFP) беру туралы шешім қабылдады.

Ұйым бұл марапатты "аштықпен күресудегі қайраты, жанжалды аймақтардағы жағдайды жақсартуға қосқан үлесі, соғыс пен қақтығыстарда қаруды қолданбауға бағытталған күш-жігері үшін" алды.

Т. Раушанұлы