Жүрексіз адам

Естеріңізде болса, қолдан жасалған бүйрекпен өмір сүретін Ху Сонвень туралы айтқан болатынбыз. Бүгінгі әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде өрбімек. 

2011 жылдың наурыз айында 55 жастағы Крэйг Льюис денесінде ерекше ақуыздардың пайда болуынан жүрек жетімсіздігі ауруымен ажал аузында жатты. Науқастың өмірін сақтап қалуға тіпті кардиостимулятор құрылғысы да көмектесе алмаған еді.

Алайда, «Техас жүрек хирургиясы институтының» екі дәрігері осы бір аурудың алдын алудың жаңа жолын ойлап табады, яғни тамыр соғуы болмаған жағдайда да қан айналымын бір қалыпта ұстап тұратын «үздіксіз ағын» құрылғысын орнату туралы шешімге келеді. 

Билли Кон және Бад Фрейзер есімді дәрігерлер Крэйгтің жүрегін алып тастап, оның орнына аталған құрылғыны орнатады. Жасалған операциядан бар болғаны бір күн өткен соң, науқас өз-өзіне келіп, өз құтқарушыларына өзін жақсы сезініп тұрған хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, тірі адамға құрылғыны орнатпас бұрын, олар бұзауларға 50-ден астам сәтті сынақ өткізіпті.

«Егер стетоскоп арқылы тәжірибе жүргізілетін бұзаулардың көкірек қуысын тыңдар болсаңыз, сіз жүрек соғуын естімейcіз. Ал егер оларды электрокардиограммаға жалғайтын болса, экранда олардың өлгенін білдіретін түзу сызықты көреміз», - дейді дәрігер Кон.

Крэйг Льюистің ақуыз алмасуы бұзылуының өте тез күшейе түскені соншалық, 2011 жылдың наурызында емдеуші дәрігер оған ғажап нәрсе болып кетпесе, онда 12 сағаттан соң бақиға аттанатынын айтқан. Сол себепті дәрігерлер алдын ала науқастың жарының келісімін алған екен.

«Мен құлағыммен оның көкірегіндегі ызыңды естідім, бұл таңғаларлық нәрсе. Ол әлі де бұрынғы кейпінде, бірақ, енді оның тамыры соқпайды», - дейді әлемдегі жалғыз жүрегі жоқ адамның жары.

Өкінішке орай, бір ай өте Крэйг жан тапсырды. Бірақ, бұл адамның медицина саласындағы ең айтулы тәжірибесі болғаны сөзсіз. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: nature-wonder.livejournal.com, mirfactov.com