Аналық без кистасы өздігінен кете ме, әлде алдырып тастау керек пе?

Біреулер аналық без кистасын "өздігінен кетеді" деп елемей қояды. Ал кей әйелдер оның салдарынан қорқып, бірден кестіріп тастайды. Аналық без кистасы деген не және ол қалай емделеді?

Аналық без кистасы - әдетте қатерсіз жаңа түзілім. Ол аналық бездің бетінде немесе ішінде орналасады және ол сұйықтығы бар қапшыққа ұқсайды. Кистада сұйықтық көп жиналған сайын ол соншалықты өсе береді. Әдетте мұндай патология бала туа алатын кезеңдегі әйелдерде кездеседі, бірақ бұл проблемаға өте жас қыздер мен климакстағы әйелдер де шалдығады. Кейде аналық безде бірден бірнеше киста түзіледі.

Киста неден пайда болады?

Оның нақты себебі жоқ. Бірақ бұл патологияның туындауын ынталандыратын бірнеше фактор бар:

  • гормонды бұзылыс;
  • эндокринді жүйе ауруы;
  • дәрілік және хирургиялық түсік;
  • кіші жамбас органдарының қабынуы;
  • ішкі жыныстық органдар отасы;
  • жыныстық жолмен берілетін жұқпалар;
  • жүктілік;
  • эндометриоз;
  • тұқымқуалаушылық;
  • зиянды әдеттер, семіздік, күйзеліс;
  • дәрігер бақылауынсыз өздігінен емделу.

Аналық без кистасының белгілері

Аналық без кистасы ауыра ма? Көп жағдайда ол еш белгісіз өтеді. Егер оның өлшемі 3 см-ден үлкен болып кетсе, іш үлкейіп кетеді. Сондай-ақ оны қолмен ұстап қарағанда да сезуге болады. Мына белгілер дәрігерге қаралуға себеп бола алады:

  • іш астының жиі ауыруы;
  • жыныстық қатынас кезіндегі жағымсыздық, қан жұғу;
  • іш қату;
  • жиі кіші дәретке бару;
  • гормонды тепе-теңсіздік, етеккір циклінің ұзаруы/ қысқаруы немесе мүлдем тоқтап қалуы;
  • тамақтың қорытылмауы, қыжыл, іштің кебуі;

Бұл патология несімен қауіпті?

Көпшілік жағдайда киста қауіпсіз болады және емдеуді қажет етпей, уақыт өте өздігінен кетіп қалады. Дәрігер қабынуға қарсы терапия мен дәрумендер жазып беруі мүмкін. Бірақ әркез олай болмайды.

Егер фолликулярлық жаңа түзілім өте үлкен болса, перитонит қаупі артады: киста жарылып, оның ішіндегі нәрсе құрсақ қуысына түседі. Бұл кезде әйелдің іші қатты ауырып, жүрек соғысы жиілеп, суық тер пайда болады. Бұл жағдайда әйелдің өміріне қауіп төнеді, сондықтан бірден жедел медициналық көмек керек.

Аналық без кистасын қалай емдейді?

Дәрігер емді кистаның түріне, қабынудың даму қаупіне және қосалқы асқынуларға қарай таңдайды. Кейде ол медициналық араласуды қажет етпейді. Бұл кезде бастысы, жүйелі түрде УДЗ өтіп, гинеколог маманына барып тұру керек.

Сондай-ақ өздігінен сорылып кетпейтін кисталарды емдеу үшін дәрілік препараттар беріп, 2-3 ай бақылауы мүмкін.

Егер бұл кезде де киста кетпесе, оны хирургиялық жолмен алып тастауды ұсынуы мүмкін. Кистаның және отаның түріне қарамастан, алынған тінді зерттеуге жібереді. Егер жаңа түзілім қатерлі ісік болып шықса, науқасты онкогинекологқа жібереді.

Ескерту: өздігінен емделу қауіпті және диагнозды тек дәрігер қоя алады.

Аналық без қатерлі ісігінің ерте білінетін белгілерін мына жерден оқи аласыздар.