Баспалдақпен түскенге қарағанда шыққан пайдалырақ

Денсаулыққа пайдалысы – баспалдақпен түсу емес, шығу. Қызық ә. Қазір көбірек жүруді әдетке айналдырған заман. Жаяу жүрудің денсаулыққа пайдалы екенін көбіміз білеміз. Әдетке айналдырып, істеп те жүрген шығармыз.

Кейбірі спортзалға барып жаттығу жасайды. Жұмысқа көлікпен, автобуспен емес, жаяу баратындар тағы бар. Енді бірі көпқабатты үйдің не кеңсенің баспалдағымен түсіп-шығуды әдетке айналдырған. Ендеше баспалдақты жан сүйетіндерге Аустралия ғалымдарынан аздаған кеңес ұсынамыз.

Эдит Коуэн (Edith Cowan University) университеті мамандарының айтуынша, баспалдақпен төмен түскенге қарағанда, жоғары қарай шыққан әлдеқайда пайдалырақ көрінеді. Оны ғалымдар 60 жастан асқан, салмағы ауыр 30 әйелге 12 апта бойы тәжірибе жүргізгенде көзі жеткен.

Тәжірибеге келген адамдарды екі топқа бөліп, бірін лифтімен көтеріп апарып баспалдақпен төмен түсірсе, енді бірін баспалдақпен шығарып, лифтімен төмен түсірген. Тәжірибе аптасына екі рет өткен. Яғни, 6 қабатты үйге аптасына екі рет шығып, екі рет түскен.

Зерттеу көрсеткендей, баспалдақпен шыққандардың салмағы көбірек түскен де, екінші топтікі онша азая қоймаған. Одан бөлек, қан қысымы төмендеп, қандағы қант пен майдың деңгейі де біршама азайған екен. Жүріс координациясы жақсарып, сүйек қатаю сынды жақсы белгілер байқалған.

Себеп не?

Мәселенің бәрі сүйек пен тізеге түсетін салмақта. Адам төмен түскенде көп тірек мүшелерге көп жүк түсе қоймайды. Ал жоғарыға шыққанда ірі бұлшықеттер қимылға келіп, сүйекке күш береді. Содан гормональды реакция күшейіп, калория жағу, салмақ тастау сынды процестер орын алады.

Демек, баспалдақпен шығу пайдалы болса, тауға шығу да адам үшін пайдалы іс болса керек.